Республикалық перинаталдық орталық жанындағы Неонаталдық хирургия оқу және емдеу-әдістемелік орталығында екі бірдей кішкентай науқас өте күрделі хирургиялық операциядан кейін сауығып, өмірге қайтты. Екеуі де туа біткен қызылөңеш атрезиясымен туылған. Бұған дейін мұндай операциялар шетелдік мамандармен бірлесе атқарылатын. Бұл жолы қызылөңеш атрезиясының торакоскопиялық тәжірибесін алғаш рет жергілікті дәрігерлер тәуелсіз орындады.
– Кейбір нәрестелерде қызылөңеш бітеу немесе болмауы, яки өкпеге жалғанып қалатын жағдайлар кездеседі, – дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Бахтияр Эргашев. – Елімізде соңғы жылдарға дейін қызылөңеш атрезиясымен туылған нәрестелерді аман алып қалу мүмкін болмады. Одан кейін осындай аурумен туылған сәбилерді ота арқылы емдеуге кірістік. Бірақ ол кезде мұндай операциялар кесу жолымен жасалған.
Жақын арадан бастап Ресейдің Иркутск қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирург дәрігері Юрий Козловпен бірлесіп, қызылөңеш атрезиясына торакоскопиялық әдіспен, яғни пышақсыз ота жасай бастадық. Өткен жылдың 29 және 31 декабрінде – Жаңа жыл қарсаңында дәл осындай аурумен туылған сәбилерге ота жасадық. 4 сағатқа жуық уақытқа созылған күрделі ота нәтижесі науқастың отбасы үшін ғана емес, біз, дәрігерлер үшін де өте маңызды болды. Өйткені біз бірінші болып жоғары технологиялық сирек операцияны тәуелсіз орындадық.
Торакоскопиялық операциядан кейін сәбилердің толық сауығуы өте жылдам болғаны атап өтілді. Сондықтан Қашқадариядан келген М. Равшанова мен намангандық Н. Туйчиева көп ұзамай туа біткен аурумен туған балаларын құшағына басты.
— Ұлымның атын Рахматулло деп қойдық, — дейді Н. Туйчиева. – Ұзақ уақытқа созылған отаның нәтижесін асыға күттік. Дүниені жаңа ғана көрген баласын операция үстеліне жатқызу анаға өте қиын. Мұндай сынақ ешкімнің басына түспесін. Отадан кейін болашақта асқынулар болмайды екен. Қолы жеңіл дәрігерлерімізге алғысым шексіз.
Профессор Б. Эргашевтың айтуынша, мұндай күрделі дерттерді ерте анықтау одан арылудың басты факторы екенін айтады. Неонатальды хирургияның мәні туылғаннан кейінгі алғашқы күндерден-ақ аурудың алды алынады.
Айта кету керек, Өзбекстанның неонатальды хирургиясы Орталық Азия елдерінде, тіпті Ресейдің кейбір аймақтарына қарағанда жоғары деңгейде екені тән алынған.
Атап айтқанда, қызылөңеш атрезиясының торакоскопиялық хирургиясы әлемнің санаулы елдерінде тек жоғары білікті хирургтар ғана жасайды.
Республикалық перинаталдық орталық жанындағы Неонаталдық хирургия оқу-емдік-әдістемелік орталығының мамандары өткен жылы осындай жоғары технологиялық 6 ота жасау практикасын игерген, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.