Сессия төрағасы Анналена Бербок басшылығымен өткен пікірталастардың алғашқы күніне БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, мүше мемлекеттердің жетекшілері – АҚШ Президенті Дональд Трамп, Бразилия Федеративтік Республикасының Президенті Луис Инасиу Да Силва, Түркия Республикасының Президенті Режеп Таййип Ердоған, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Сирил Рамафоса, Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мён, Франция Республикасының Президенті Эммануэль Макрон және басқа елдердің басшылары қатысып отыр.
Президент Шавкат Мирзиёев сөзінің басында қатысушыларды БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық – 80-сессиясымен құттықтады. Бұл жиын қазіргі күрделі әрі тез өзгеріп жатқан жаһандық жағдайда өтіп жатқанын, сондықтан ұйымның қызметіне және оның болашағына жаңаша көзқарас қажет екенін атап өтті.
– Бүгінде әлемде халықаралық институттардың орны мен рөлі әлсіреуде, қарама-қайшылықтар, қақтығыстар мен соғыстар күшеюде, технологиялық және әлеуметтік теңсіздік артып барады, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстар тереңдеуде. Мұның барлығы мүлдем жаңа әрі алаңдатарлық геосаяси шындықты қалыптастыруда, – деді Өзбекстан басшысы.
Мемлекет басшысы Бас хатшы Антониу Гутерриштің ең өзекті жаһандық мәселелерді мәміле жолымен шешу үшін БҰҰ-ны басты платформа ретінде сақтап қалуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады. «БҰҰ – 80» бастамаларын толық қолдап, Өзбекстанның Келешек үшін пактқа берік ұстанымын растады.
Өзбекстан басшысы заманауи қатерлерге тиімді қарсы тұру және дамушы елдердің мүдделерін қорғау мақсатында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін жаңғыртуға және оның құрамын кеңейтуге шақырды.
Мемлекет басшысы Өзбекстандағы Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес жүзеге асырылып жатқан артқа қайтпайтын реформалар барысына жан-жақты тоқталды. Онда айтылғандай, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы Жаңа Өзбекстанды құру саясаты жүргізілуде.
– Басты мақсатымыз – елімізде өмір сүріп жатқан әрбір отбасының, әрбір азаматтың тұрмысын түбегейлі өзгерту, адам қадірі мен әл-ауқатын арттыру, – деді Президент.
Соңғы жылдары Өзбекстанда кедейлік деңгейін 35 пайыздан 6,6 пайызға дейін қысқартуға қол жеткізілгені атап өтілді. Бұл, ең алдымен, білім мен ғылым саласының жаңғыртылып жатқаны, инновациялық бағыттар мен технологиялық өнеркәсіп кәсіпорындарының құрылып жатқаны, «жасыл» энергетика мен көлік инфрақұрылымының жаңартылып жатқаны, шағын бизнестің жан-жақты дамытылып жатқаны және соның нәтижесінде миллиондаған жұмыс орындарының ашылып жатқаны арқасында мүмкін болды.
Елімізде мектепке дейінгі білім беру 27 пайыздан 78 пайызға, ал жоғары біліммен қамту 9 пайыздан 42 пайызға жетті. Мұғалім мен ұстаздық мамандығының абыройы мен беделін түбегейлі көтеру шешуші мәселе ретінде қарастырылып отыр.
Педагогтердің өзара тәжірибе және білім алмасуы үшін бірыңғай халықаралық платформаны құру мақсатында Өзбекстанда Бүкіләлемдік кәсіби білім саммитін өткізу ұсынылды.
Алдыңғы қатарлы денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру туралы сөз қозғай отырып, Еліміздің басшысы БҰҰ Бас штаб-пәтерінде Өзбекстанның бастамасымен балалар обыры және басқа да ауыр ауруларға қарсы күреске арналған жоғары деңгейдегі іс-шара өтетінін айтты.
Гендер саясатына тоқтала отырып, Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-саяси өмірі мен кәсіпкерлік саласында әйелдердің рөлі бұдан былай да нығая беретінін атап өтті. Осы орайда, кең өңіріміз ауқымында Азия әйелдері форумын тұрақты платформаға айналдырып, оны жүйелі түрде өткізіп тұрудың маңызы ерекше екені айтылды.
Еліміздің Тұрақты даму мақсаттарына жетуге айқын ұмтылысын растай отырып, Президент Өзбекстан 2030 жылға дейін «ортадан жоғары табысты» елдер қатарына кіруді өз алдына мақсат етіп қойғанын атап өтті.
Өзбекстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттарға да ерекше көңіл бөлінді. Президентіміз былай деді: «Осыдан 8 жыл бұрын біз осы жоғары мінберден тұрып, Орталық Азияны бейбітшілік, тату көршілік және серіктестік мекеніне айналдыруға түбегейлі бел буғанымызды жария еткен едік. Бүгін зор ризашылықпен айтуға болады: біз бұл стратегиялық мақсатқа жеттік. Жабық шекаралар, шешілмеген дау-дамайлар мен қайшылықтар дәуірі тарихта қалды».
Соңғы жылдары өңірімізде өзара сауда, инвестициялар мен көлік тасымалдары көлемі бес есеге дейін артқаны айтылды. Бірлескен инвестициялық қорлар, шекара маңындағы сауда және өнеркәсіп аймақтары құрылуда, ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Кеңес кездесулері өңірлік интеграцияны тереңдетудің тиімді тетігіне айналды.
– Мұны кәміл сеніммен айта аламын, бүгінде Жаңа Орталық Азияны қалыптастыру үдерісі басталды. Өңіріміз өз бірлігі, тұрақтылығы, дара болмысы арқылы халықаралық қатынастар жүйесінде ерекше субъект ретінде барған сайын берік орын иеленуде, – деді Президент.
Мемлекет басшысы БҰҰ құрылымдарымен өңірде бірқатар жаңа жоба мен бағдарламаларды жүзеге асыруды ұсынды. Атап айтқанда, ЭКОСОС пен ЮНКТАД қамқорлығымен Орталық Азия елдерінің экономикалық дамуына арналған халықаралық форум өткізу, ЮНИДО-мен бірлесе өнеркәсіпте «жасыл» технологиялардың өңірлік хабын құру, өңірде су ресурстарын ұтымды пайдалану, «жасыл» кеңістік қалыптастыру және демографиялық тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталған бағдарламалар қабылдау ұсынылды.
Бұдан бөлек, Бас Ассамблеяның Орталық Азия мемлекеттерінің өңірлік серіктестік пен экономикалық интеграцияны тереңдетуге арналған бастамаларын қолдау жөніндегі қарарын қабылдау туралы ұсыныс алға тартылды.
Жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне тоқтала отырып, Өзбекстан Президенті Ауғанстандағы жағдайға назар аударды. Ауған халқының бейбіт әрі тыныш өмірге деген ұмтылысын қолдау үшін халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіруге шақырып, бұл елдің оқшауланып қалуына жол бермеудің аса маңызды екенін ерекше атап өтті.
Өзбекстанның бұл елде ауқымды экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға ниетті екені айтылды.
Президентіміз Ауғанстан арқылы халықаралық көлік және энергетикалық дәліздерді дамытуға қатысты БҰҰ-ның арнайы қарарын қабылдауды ұсынды.
Газа секторындағы барған сайын ушығып бара жатқан гуманитарлық дағдарыс туралы сөз қозғай отырып, Президентіміз әскери қимылдарды тоқтатуға және саяси келіссөздерді жалғастыруға шақырды.
– Біз БҰҰ қарарларына сәйкес «екі халық – екі мемлекет» қағидатын жүзеге асырудың берік қолдаушысымыз, – деді ол жоғары мінберден сөйлеген сөзінде.
Украина төңірегіндегі жағдай да баршамызды қатты алаңдатып отырғанын атап өткен Мемлекет басшысы бұл мәселені дипломатиялық жолдармен шешуге бағытталған жоғары деңгейдегі келіссөздердің басталғанын құптады.
Қауіпсіздік тақырыбын жалғастыра отырып, Мемлекет басшысы Орталық Азияда Жаһандық терроризмге қарсы стратегияны іске асыру бойынша атқарылып жатқан тиімді істерді атап өтті. БҰҰ-ның Терроризмге қарсы күрес басқармасымен бірлесе құрылған Реабилитация және қайта интеграция мәселелері жөніндегі Өңірлік кеңесті Халықаралық құзыреттер орталығына айналдыру ұсынылды. Бұл орталық дағдарысты аймақтардан қайтарылған адамдарды бейбіт өмірге бейімдеу тәжірибесімен алмасуға арналған маңызды алаң болмақ.
Президентіміз Терроризмге қарсы күрес басқармасының өңірлік кеңсесін Өзбекстанда ашу үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін білдірді.
Еліміз көшбасшысы қазіргі қауіп-қатерлерге толы әлемде жаһандық көлік жүйесінің әлсіздігі теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің тұрақтылығына теріс әсер етіп отырғанын атап өтті.
Халықаралық транзит дәліздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиімді логистикалық тізбектер құру мақсатында «Тұрақты даму мақсаттары үшін өзара көлік байланыстарын нығайту» жаһандық тетігін енгізуге шақырды.
Өзбекстан Президенті барған сайын өткір сипат алып отырған климаттың өзгеруі мәселесіне де ерекше тоқталды. Атап өткендей, Арал теңізінің құрғауы салдарлары әлемдік қауымдастықтың тұрақты назарында болуы тиіс.
– Біз Арал маңы экожүйесін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеміз. кейінгі жылдары теңіздің құрғаған түбінде 2 миллион гектар алқапқа сортаңға төзімді шөл өсімдіктері егілді. 2030 жылға қарай осы аумақтың 80 пайызында жасыл аймақ қалыптасады, – деді Мемлекет басшысы.
Су ресурстарының тапшылығы мәселесіне тоқтала отырып, Президентіміз Өзбекстанда Су үнемдеу жөніндегі дүниежүзілік форум өтетінін атап өтті. Бұл жиын қорытындысы бойынша Су дағдарысын тұрақты даму үшін елеулі қатер ретінде айқындау және осы бағытта жаһандық деңгейде инновациялық технологияларды енгізу үшін арнайы «жол картасын» қабылдау көзделген.
Экологиялық өзгерістердің тағы бір теріс көрінісі – климаттық көші-қонның күшейіп бара жатқаны. Президентіміз осы бағытта нақты халықаралық тетіктер мен құқықтық негіз әлі күнге дейін қалыптаспғанын атап өтті. Осыған байланысты бұл маңызды мәселеде ауқымды халықаралық әріптестік пен үйлестірілген саясат жүргізуге бағытталған Ғаламдық пакт қабылдауға шақырды.
Баршаның тұрақты дамуын қамтамасыз ету туралы айта келе, елдер арасында цифрлық даму мен жасанды интеллектті пайдаланудағы теңсіздіктің алдын алу аса маңызды екеніне назар аударды. Осы орайда, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларында жасанды интеллекттің тәжірибелік шешімдері мен үлгілерін әділетті түрде алмасуға арналған Халықаралық ынтымақтастық тетігін құру ұсынылды.
– Тағы бір маңызды мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Ертеңгі күніміз, әлемнің тағдыры мен бақуатты болашағы өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қолында. Жастарымыздың жүрегі мен санасына бейбітшілік, гуманизм мен достықты, өзара сенім мен құрметті сіңіру – біздің басты міндетіміз, – деді Президентіміз.
Осыған байланысты «Жаһан жастарының бейбітшілікке ұмтылысы» қозғалысын құру және оның штаб-пәтерін Өзбекстанда орналастыру ұсынылды.
Президентіміз атап өткендей, Өзбекстан қоғамда төзімділік саясатын дәйекті түрде жүргізе отырып, ислам ағартушылығы идеяларын терең зерттеу және оны әлемге насихаттау бойынша күш-жігерін белсенді жалғастырады. Алдағы айларда аймақ үшін бірегей саналатын Ислам өркениеті орталығы ашылады. Ұлы бабаларымыз – ғұлама ойшылдар Имам Бұхари, Имам Термизи, Имам Матуриди еңбектерінің бай рухани және ғылыми мұрасы Біріккен Ұлттар Ұйымында арнайы таныстырылмақ.
Шавкат Мирзиёев сөзінің соңында Жаңа Өзбекстан барлық мемлекетпен өзара ынтымақ, ашық диалог және жақын әріптестік жақтаушысы екенін, халықтар, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы байланысты нығайту, жалпыадамзаттық мақсаттарды жүзеге асыру жолында әрдайым өз үлесін қосуға дайын екенін атап өтті.