Беларусь Президенті Александр Лукашенко төрағалығымен өткен жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путин, бақылаушы ретінде Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель, Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиян (бейнеүндеу арқылы) және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты. Қонақ ретінде Абу-Дабидің тақ мұрагері ханзада Шейх Халид Әл Нахайян, Моңғолия Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нам-Осорын Учрал және ТМД Атқару комитетінің бас хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Күн тәртібінде көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіптік кооперация жобаларын қолдау және басым салаларда бірлескен бағдарламаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Өз сөзінде Өзбекстан Президенті ЕАЭО елдерімен өзара тиімді әріптестікті тереңдету Өзбекстанның сыртқы экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Ұйымға мүше елдерге олардың делегациясы биыл Өзбекстанда өткен «Иннопром. Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп көрмесіне және төртінші Ташкент халықаралық инвестициялық форумына белсенді қатысқаны үшін алғыс айтты.

Аталған іс-шаралардың нәтижесінде маңызды келісімдерге қол жеткізіліп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен болашағы зор жобалар айқындалғаны атап өтілді.

Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына Өзбекстанмен ЕАЭО арасында көпжақты ынтымақтастықтың даму барысы туралы да айтып өтті. Атап айтанда, бақылаушы мемлекет мәртебесінде жұмыс істей бастағалы бері Өзбекстанның Одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 80 пайызға өсіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша 18 миллиард долларды құрады.

Биылғы наурыз айында Бірлескен Жұмыс тобының төртінші отырысы табысты өткізілді. Оның қорытындысы ретінде техникалық кедергілерді кезең-кезеңімен жою, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған іс-шаралар әзірленді.

Қазіргі таңда шамамен 40-тан астам нақты іс-шараны қамтитын жаңа үшжылдық Жоспарды жүзеге асыру басталды. Өзбекстан ЕАЭО-ның бірқатар маңызды бастамаларына, атап айтқанда, «Еуразиялық агроэкспресс», электронды сауданы дамыту, жүк тасымалын цифрландыру және климат күн тәртібі сынды бағдарламалар бойынша белсенді қатысуда.

Сонымен қатар, сәуір айында Өзбекстан Еуразия даму банкіне қосылу рәсімін аяқтады. Банкпен бірге инфрақұрылымды жаңғырту, металлургия, тоқыма, химия және басқа стратегиялық салаларда перспективалық жобалар пысықталуда.

Мемлекет басшысы ЕАЭО-мен серіктестікті дамытудың негізгі бағыттары бойынша өз көзқарасын білдірді.

Өзара тауар айналымын арттыру үшін қолайлы жағдай жасау маңызды екені атап өтілді. Өзбекстан елдер арасындағы еркін сауда аймағының жұмыс істеуіне қатысты барлық келісімдерді толық орындап келе жатқанына ерекше назар аударылды.

Осыған орай, еліміздің сауда операцияларын техникалық реттеу рәсімдерін жеңілдету және жүйелерді үйлестіруге бағытталған бірқатар ұсыныстарын сарапшылық деңгейде жедел түрде пысықтау қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ, Өзбекстан сауданы қолдап-қуаттау құралдары мен тетіктеріне – ЕАЭО-ның техник реттеудің цифрлық жүйесі, цифрлық көлік дәліздері экожүйесі және Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы сынды бастамаларға қатысуға мүдделі екені айтылды.

Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқанын ескере отырып, цифрландыру саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың болашағына назар аударылды. Осы орайда электронды сауда, тауарларды цифрлық таңбалау, жаңа буын логистика платформаларын құру және кейбір салаларда жасанды интеллект технологияларын енгізуді қамтитын арнайы бағдарлама қабылдау ұсынылды.

Сондай-ақ Өзбекстанның өткізу пункттерінің бірыңғай интеграцияланған ақпараттық жүйесіне қосылу мүмкіндігі айтылды. Бұл шекарадан өтуді жеделдетуге, бақылау тиімділігін арттыруға және барлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге жол ашады.

Кооперациялық байланыстарды кеңейту мақсатында шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары аясында, соның ішінде ЕАЭО Іскерлік кеңесімен бірлесіп, практикалық серіктестікті арттыруға дайындық білдірілді.

Өзбекстан өнеркәсіптік жобаларды қаржылық қолдау механизмі мен Өнеркәсіптік кооперация және технологиялар трансфері жөніндегі Еуразиялық желілік платформа мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделі екенін жеткізді.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауыл шаруашылығы өндірушілерінің ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған шараларды әзірлеу қажеттілігі де айтылды.

Бұл тұрғыда Өзбекстанның ЕАЭО елдерімен Агроынтымақтастық бағдарламасын қабылдау жөніндегі бастамасы ерекше атап өтілді. Аталған бағдарлама озық технологияларды енгізуді, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау ережелерін жеңілдетуді, сондай-ақ «жасыл дәліздің» тиімді жұмыс істеуі мен кеңеюін көздейді.

Сонымен қатар, ЕАЭО серіктестерімен ережелерді оңайлату және еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты еңбек нарығында сұранысқа ие салалар бойынша кәсіби стандарттар мен біліктілік талаптарын үйлестіру жөнінде сарапшылық консультациялар өткізу ұсынылды.

Ұйым аясында іске қосылған «Шекарасыз еңбек» интеграцияланған платформасына қосылуға дайындық та айтылды.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Өзбекстанның ЕАЭО аясындағы көпжақты бағдарламалар мен жобаларға қатысуы экономикалық әріптестікті нығайтуға және мүше елдердің орнықты дамуына қызмет ететінін атап өтті.