Аталған елдің жоғары наградасын Мемлекет басшысына Иордания Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн өзі табыстады.
– Бұл марапатты көп қырлы ынтымақтастықты кеңейту жолындағы ортақ талпыныстарымыздың лайықты мойындалуы, сондай-ақ елімізде Үшінші Ренессанс іргетасын қалап жатқан Өзбекстан халқына деген достық пейіл мен құрметтің айқын белгісі ретінде зор қуанышпен қабылдаймын, – деді Президентіміз.
Иордания Королінің Өзбекстанға тарихи сапары мен мазмұнды келіссөздер нәтижесінде екі ел арасындағы байланыстар жаңа серіктестік деңгейіне көтерілді.
Көшбасшылар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға уағдаласты.
Мемлекет басшысы Король II Абдалла бен әл-Хусейннің Иорданияның қарқынды дамуына, елдің бейбітшілікке негізделген сыртқы саясатын жүзеге асыруға, халықаралық қауымдастықтағы беделі мен ықпалын арттыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы бұл жоғары марапат Өзбекстан мен Иордания халықтары арасындағы берік достықтың символы ретінде лайықты орын алатынын айтты.
Сөзінің соңында Өзбекстан басшысы Король II Абдалла бен әл-Хусейнге көрсетілген марапат үшін тағы да алғыс білдіріп, Иордания халқына бейбіт өмір мен өркендеу тіледі.