Мемлекет басшысының бастамасымен Қарулы Күштерімізді реформалау және жан-жақты жаңғырту, оларды заманауи талаптарға толық жауап беретін және Жаңа Өзбекстанның тәуелсіздігі мен егемендігі, халқымыздың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге қабілетті жаңа армияға айналдыру бойынша жүйелі шаралар қабылдануда.

Атап айтқанда, кейінгі жылдары әскерлердің жедел және жауынгерлік даярлығының тиімділігі мен сапасын арттыру, әскерилердің біліктілігі мен шеберлігін арттыру үшін заманауи жағдайлар жасау мақсатында қажетті инфрақұрылымы бар бірқатар полигондар құрылды және бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Бұл ретте бүгінде жаңа деңгейге көтеріліп жатқан қорғаныс өнеркәсібін жаңғырту мен әлеуетін арттыруға басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта өткен жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қорғаныс өнеркәсібі агенттігін Қорғаныс министрлігі жүйесіне беру және оның қызметін одан әрі дамыту туралы тапсырма берген болатын.

Агенттікте қажетті әскери-техникалық өнімдерді шығаруды игеру, әскерлерге заманауи әскери техниканы сатып алу және жеткізу, сондай-ақ қолда бар қару-жарақтарды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынды.

Бүгінгі сапарда Мемлекет басшысына Қорғаныс өнеркәсібі агенттігінің өндірістік әлеуетін арттыру, материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, алдағы жоспарлар туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қысқа мерзімде Қорғаныс министрлігінің бірнеше техникалық бөлімшелерінің базасында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қолданыстағы нысандар жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылды. Кластер аймағына Қорғаныс министрлігінің техника жөндеу зауыты мен Орталық автокөлік техникасын сақтау базасы көшірілді.

Жаңа кластердің аумағында орналасқан кәсіпорындар өзара біріктіріліп, олардың бірыңғай жөндеу шеберханалары құрылды. Бұл кәсіпорындарда қару-жарақ пен әскери техника, радиолокациялық құрылғылар, оптикалық және электронды-оптикалық құрылғылар, атыс қаруы мен артиллерия жаңартылып, металдар жоғары дәлдікпен өңделуде.

Мемлекет басшысы аталған нысандардың тыныс-тіршілігімен танысып, өндіріске озық технологияларды кеңінен тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін атап өтіп, кәсіпорындардың қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде тапсырмалар берді.

Өнеркәсіп салаларына, оның ішінде қорғаныс өнеркәсібіне «жасыл» технологияларды кеңінен енгізу және электр энергиясын үнемдеу мақсатында алға қойылған міндеттерге сәйкес кластер аймағында күн батареялары орнатылды. Ол балама көздер есебінен өндірістік процестердің электр энергиясы қажеттілігінің үлкен бөлігін қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысына Қорғаныс өнеркәсібі агенттігінің жаңа кластерінің өндірістік базалары жөндеп, жаңғыртқан әскери техника мен қару-жарақтың үлгілері көрсетілді.

Сапар барысында Жоғарғы Бас қолбасшы әскери өнімдердің жаңа түрлерін шығаратын кәсіпорынның жұмысын бастап берді. Өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз ету, инженерлер мен мамандардың біліктілігін арттыру қажеттігін баса айтты.

 

Соңында Мемлекет басшысы жауаптыларға қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының өндірістік мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге қатысты нақты тапсырмалар берді.