Мемлекет басшылары Өзбекстан-АҚШ стратегиялық серіктестік қатынастарын одан әрі нығайтудың өзекті мәселелері мен басым бағыттарын жан-жақты талқылады.
Өңірлік және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды. Биылғы жылдың 5 қыркүйегінде телефон арқылы өткен сұхбат барысында қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысы қаралды.
Әңгіме басында Мемлекет басшысы Президент Дональд Трампты ішкі және сыртқы саясатты жүзеге асырудағы жетістіктерімен құттықтады. Оның халықаралық және өңірлік деңгейдегі өткір дағдарыстарды бейбіт жолмен шешудегі жеке үлесі мен күш-жігері ерекше атап өтілді.
Өз кезегінде, АҚШ басшысы Жаңа Өзбекстандағы экономиканы жаңғыртуға, халық әл-ауқатын арттыруға және халықаралық беделін көтеруге бағытталған артқа қайтпайтын реформаларды тағы да қолдайтынын білдірді.
Әртүрлі деңгейдегі саяси диалог пен алмасулардың қарқынды дамып келе жатқаны, іскерлік байланыстардың жандана түскені атап өтілді.
АҚШ Президенті күні кеше Өзбекстан басшысының АҚШ-тың 50-ден астам ірі компаниясы мен банк басшыларымен өткізген кездесулері мен келіссөздерінің нәтижелерін жоғары бағалады.
Азаматтық авиация, тау-кен өнеркәсібі, маңызды минералдар, қаржы, инновациялар, химия, энергетика және басқа да басым бағыттар бойынша келісімдер мен перспективалы жобалар портфелі қалыптастырылды.
Аталған жобалар мен келісімдер екі елде он мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашатыны атап өтілді.
Келіссөздер соңында Мемлекет басшысы Президент Дональд Трампты өзіне ыңғайлы уақытта Өзбекстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен АҚШ Президенті Дональд Трамптың кездесуі ашық, сындарлы және достық рухта өтті.