Мемлекет басшысы Иран Президентіне осы елге шақырғаны және Өзбекстан делегациясына көрсеткен қонақжайлылығы үшін алғыс айтты.
Екіжақты практикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен өңірлік маңызы бар өзекті мәселелер талқыланды. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге үлкен мән беретіні атап өтілді.
Президенттер өзара сауда көлемін арттыру, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты үйлестіру мүмкіндіктерін талқылады.
Орталық Азияны Иранмен байланыстыратын ең қысқа көлік-логистикалық дәліздерден пайдалануға ерекше назар аударылды.
Энергетика, химия өнеркәсібі, фармацевтикалық және медициналық технологиялар, тамақ өнеркәсібі, тоқыма өнеркәсібі, өнеркәсіптік құрылыс материалдары, машина жасау, электротехника салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру шаралары қарастырылды.
Аграр салада жылыжай құру, ауылшаруашылық құрал-жабдықтарын шығару, суды үнемдейтін технологияларды енгізу, бау-бақша және балық шаруашылығында тәжірибе алмасу, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды іріктеу салаларында ынтымақтасуға келісті.
Тараптар мәдени, ғылыми және инновациялық қарым-қатынастарды кеңейтуге ұмтылысын атап өтті. Екі елдің үкіметтері бизнесмендер мен ғалымдар арасындағы диалогты дамытуға қолдау көрсететіні айтылды.
Халықаралық терроризм, есірткі бизнесі, кибертерроризм, адам саудасы сияқты жаһандық тәуекелдер мен қауіп-қатерлерге қарсы күресте тараптардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығы сөз болды.
Мемлекет басшылары Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, осы елдің әлеуметтік-экономикалық қалпына келуіне көмектесу мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға келісті.
Түрлі халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында көпжақты ынтымақтастықты жалғастыру маңызды екені баса айтылды.