Пәкістан қарулы күштері Ауғанстан астанасы Кабул мен Нангархор облысындағы әскери нысандарға соққы берді. Бұл туралы Пәкістан Ислам Республикасының Ақпарат және радиохабар тарату министрлігі хабарлады.

«16 наурызға қараған түні Пәкістан әскери нысандары мен террористерді қолдау инфрақұрылымына, сонымен қатар Кабул мен Нангархордағы Ауғанстан Талибаны мен “Фитна әл-Хавариждің” техникалық жабдықтары мен оқ-дәрі қоймаларына дәл соққылар жасады. Олар Пәкістан азаматтарына қарсы пайдаланылған», – делінген министрліктің X әлеуметтік желісіндегі тексеру бөлімі жариялаған мәлімдемеде.

 Шабуылдардан кейін болған оқ-дәрілердің жарылысы әскери нысанға соққы жасалғанын растайды, деп қосты министрлік.

Агенттік Ауғанстан билігінің Пәкістан шабуылы салдарынан есірткіге тәуелді адамдарды оңалту орталығы зардап шекті деген мәлімдемесін жоққа шығарып, мұны «қоғамды шатастыруға бағытталған тағы бір фактілерді бұрмалау» деп атады.

Бұған дейін Ауғанстан үкіметінің өкілі Забихулла Мужохид Пәкістан «тағы да Ауғанстанның әуе кеңістігін бұзып, Кабулдағы есірткіге тәуелді адамдарды оңалту орталығына соққы берді, соның салдарынан ем қабылдап жатқан адамдар қаза тауып, жарақат алған» деп мәлімдеген еді.

26 ақпан күні кешке Пәкістан–Ауғанстан шекарасында қақтығыстар қайта басталды. Кабул жақында Пәкістанның Ауғанстан аумағына жасаған әуе шабуылдарына жауап ретінде әскери операция жүргізіп жатқанын жариялады.

Пәкістанның қорғаныс министрі Хаважа Асиф өз елі мен Ауғанстандағы Талибан үкіметі қазіргі уақытта ашық қарулы қақтығыс жағдайында екенін айтты, деп хабарлайды tass.ru.