Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

    Билік 13 Yanvar 2023 5158

    Өзбекстан Республикасы Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен Ұлттық қорғанысты басқару орталығында Қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

    Оған Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері, Қарулы Күштердің қолбасшылық құрамы, әскери-әкімшілік секторлардың басшылары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

    Жиында Өзбекстан қорғанысы мен қауіпсіздігін нығайту бағытында 2022 жылы атқарылған жұмыстар сараланды.

    Атап өткендей, Қарулы Күштерді басқару жүйесін жетілдіру, әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен рұхтық деңгейін көтеру, бөлімшелерді заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету өткен жылы да жалғасын тапты.

    Барлық күш құрылымдарының өзара әрекеттесетін ақпараттық-коммуникациялық жүйелері Қарулы Күштерді басқару процестеріне дәйекті түрде интеграциялануда. Мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау жүйесін жетілдіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қарулы Күштерді басқару органдарына және әскерлерді бірлескен оқыту жүйесіне шетелдік әскерлердің оң тәжірибелері енгізілуде.

    «Халық пен армия – бір тән, бір жан» деген асыл қағида өз нәтижесін берді. Әскери-әкімшілік секторлар қызметінің нәтижесінде әскери қалашықтардың инфрақұрылымы толығымен жаңартылып, жаңа полигондар салынды.

    Отан қорғаушылардың әлеуметтік-құқықтық қорғалуы да күшейтілді. Өткен жылы 3 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Әскери әйелдердің еңбегін ынталандыру мақсатында «Тумарис» төсбелгісі белгіленді. Әскери қызметшілердің балалары жоғары оқу орындарына жеңілдікпен оқуға түсті, әйелдері мен әскери зейнеткерлер жұмыспен қамтылды.

    Жиында саладағы өзекті мәселелер де талқыланды.

    Қазіргі қарқынды геосаяси қарама-қайшылықтар жағдайында экономикалық, әлеуметтік, саяси, ақпараттық қауіпсіздік және басқа салаларда өткір мәселелер туындауда. Күрделі халықаралық жағдай, қауіпсіздікке қауіп-қатердің күшеюі Орталық Азияда да байқалады.

    -Ең үлкен байлығымыз саналатын бейбіт өмірді сақтау, халқымыздың әл-ауқатын қамтамасыз ету, алдағы жоспарларымызды айқындау үшін осы жағдайлардың барлығын ескеруіміз керек. Біз кез келген жағдайда Өзбекстанның мемлекеттік егемендігін, оның шекарасының мызғымастығын және аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл біздің тарих пен болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борыш хәмі парызымыз,- деді Шавкат Мирзияев.

    Осы айтылғандардың негізінде келесі басым міндеттер айқындалды.

    Ең алдымен, Қарулы Күштерді цифрландыруды жеделдету, саладағы министрліктер мен ведомстволардың барлық ақпараттық ресурстарын бірыңғай қауіпсіз ақпараттық кеңістікке біріктіру қажеттігі баса айтылды. Ұлттық қорғанысты басқару орталығы бұл жүйенің өзегі болады.

    Әскери білім беру бағдарламаларын озық тәжірибе негізінде жаңарту, педагогтардың біліктілігін арттыру, Әскери инженерлер мектебін құру жөнінде тапсырмалар берілді.

    Мемлекеттің жұмылдыру саласындағы дайындық пен аумақтық қорғанысты ұйымдастыру жүйесін түбегейлі қайта қарау міндеті қойылды. Әскерлерді басқару және құрал-саймандарды қолдануда қолбасшылық құрамның дағдыларын жетілдіру қажет екендігі айтылды.

    Әскери қызметкерлердің адамгершілік-рухани және жауынгерлік дайындығын күшейту, жастардың патриоттық сезімін арттыру бойынша ұсыныстар берілді.

    – Бізге бұл күшті сырттан іздеудің қажеті жоқ. Даңқты тарихымыз, бай ғылыми және мәдени мұрамыз, баһадүр ата-бабаларымыздың өмірі мен қызметі біз үшін үлгілі мектеп, – деді Мемлекет басшысы.

    Әлемдегі гибридті сипаттағы қарулы қақтығыстарды талдау Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қабілетін арттыруды талап етеді. Сондықтан ұлттық армияны заманауи техникамен қамтамасыз етудің, оның ішінде әскери авиация мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін дамытудың маңыздылығы баса айтылды.

    Әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау мәселелеріне назар аударылды. Оларға ипотека негізінде көпқабатты үйлер салу, әскери қызметкерлерді зейнетақымен қамтамасыз ету, әскери медициналық мекемелердің жағдайын жақсарту жөнінде тапсырмалар берілді.

    Жиында Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері, әскери-әкімшілік секторлардың басшылары сөз сөйледі. Өзбекстан қорғаныс қабілетін одан әрі нығайту шаралары белгіленді.

    Сөз соңында Президент барлық әскери қызметшілерді және халқымызды Өзбекстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толуымен және Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

    No date selected
    April 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates