Мұнда бронды және арнайы техникалар, сондай-ақ озық функционалдық мүмкіндіктері мен техникалық сипаттамалары арқылы ерекшеленетін қашықтан басқарылатын жауынгерлік модульдердің бірнеше түрін өндіру жолға қойылған.

Аталған шешімдер қозғалыстағы және стационар нысаналарға, соның ішінде көрінуі шектеулі жағдайларда дәл оқ ату мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жауынгерлік модульдер автоматтандырылған басқару, тұрақтандыру, оптикалық және акустикалық бақылау жүйелерімен, сондай-ақ заманауи нысана көздеу құралдарымен жабдықталған.

Мемлекет басшысына негізгі құрамдас бөлшектерді жинақтау, оптикалық-электрондық және тұрақтандыру жүйелерін орнату, бағдарламалық баптау мен герметикалығын бақылау, қару-жарақты интеграциялау және кешенді сынақтарды қамтитын өндірістік кезеңдер жөнінде мәлімет берілді. Соңғы кезеңде дайын модульдер жеңіл бронды техника үлгілеріне орнатылып, далалық жағдайда сынақтан өткізіледі.

Жауынгерлік модульдер әртүрлі платформаларды, атап айтқанда, жеңіл бронды техникаларды, арнайы автокөліктерді, катерлер мен бронетранспортерлерді жарақтандыруға арналған.

Жоба бірқатар шетелдік серіктестермен бірлесіп, еліміздің тиісті мекемелері мен өнеркәсіп кәсіпорындарының қатысуымен жүзеге асырылып отыр.

Бұл бастамалардың барлығы елдің қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарында жоғары технологиялы өнімдер өндірісін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ ұлттық өнеркәсіптік және технологиялық базаны қалыптастыруға қызмет етуде.

Мемлекет басшысы өнім сапасы мен сенімділігіне қойылатын талаптарды қатаң сақтау, жергіліктендіру деңгейін жүйелі түрде кеңейту, инженерлік құзыреттерді дамыту және өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.