Тараптар бұл отырыстың қасиетті Рамазан айы қарсаңында, сондай-ақ екі ел арасында Мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

Саяси диалогтың қарқынды дамып келе жатқаны, халықаралық мәселелер бойынша тараптардың ұстанымдары ұқсас екені айтылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы және өзге де құрылымдар аясында өзара қолдауды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Парламентаралық байланыстар, соның ішінде достық топтары шеңберіндегі ынтымақтастықтың жандана түскені айтылды.

Өзара сауда көлемі, сондай-ақ Түркияның жетекші компанияларымен бірлескен кәсіпорындар мен жобалардың саны тұрақты түрде артып келеді.

Алдағы жылдары тауар айналымы көлемін, оның ішінде Жеңілдікті сауда туралы келісім аясындағы тауарлар тізбесін кеңейту арқылы 5 миллиард АҚШ долларына жеткізу міндеті айқындалды.

Сапарға дайындық барысында жеке бағдарлама негізінде жүзеге асырылатын өнеркәсіптік кооперацияның жаңа басым бағыттары әзірленді.

Сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастықтың ауқымды әлеуеті атап өтілді. Жыл соңына дейін Өзбекстанның барлық облыстарынан делегациялар серіктес өңірлермен жобалар портфелін әзірлеу мақсатында Түркияға сапармен барады.

Ауыл шаруашылығы, бау-бақша, денсаулық сақтау және медициналық туризм салаларында Түркияның озық тәжірибесін енгізу қажеттігі айтылды.

Туризм бағытындағы байланыстарды дамытуға, театр фестивальдері мен мәдениет апталықтарын өткізуге, тарихи фильмдерді бірлесіп түсіруге, мәдени мұра нысандарын ортақ күш-жігермен қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлінді.

Білім беру саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында биыл көктемде Бұхара қаласында төртінші Ректорлар форумын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Сонымен қатар Бірлескен үкіметаралық комиссия теңтөрағаларының көпқырлы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары жөніндегі баяндамалары тыңдалды.

Отырыс қорытындысы бойынша екі ел үкіметтеріне қабылданған қаулыларды іске асыру жөніндегі «жол картасын» бекіту тапсырылды.

Шавкат Мирзиёев Режеп Тайып Ердоғанды Өзбекстанға ресми сапармен келуге шақырды.