— Уқалау бұлшықет зорығуын жеңілдетеді, олардың тонусын арттырады, тамырлар бойымен қан мен лимфаның қозғалысын жылдамдатады, жүрек жұмысын жеңілдетеді.

Массаж кезінде қан құрамындағы гемоглобин, эритроциттер және лейкоциттердің мөлшері артады, ағзадан қажетсіз минералды тұздардың шығарылуы жеделдетіледі.

Массаж буынның бұлшықеттерін нығайтады, олардың қозғалғыштығын арттырады.

Массаждың көмегімен бас ауруын тоқтатуға, целлюлитке (майдың жиналуына) жол бермеуге, сонымен қатар көптеген ауруларға дауа табуға болады.

Бірақ төмендегі жағдайларда массаж жасау мүмкін емес:

- дене температурасы жоғары болғанда;

- онкологиялық ауруларда;

- варикозды күретамырлар кеңейгенде;

- операциядан кейінгі алғашқы айларда;

- инфаркт пен инсульттан кейін (1 ай ішінде);

- тері аурулары мен жарақаттарында.

Массаж кезінде лимфа түйіндері бар аймақтар –  қолтық асты, тізе, мойын (ұйқы артериясы аймағы және қалқанша безі), қарын айналасы абайлап  уқаланатынын ұмытпаған жөн, өйткені бұл нүктелерде жүйке ұштары жинақталған.

Сондай-ақ қант диабеті, гипертония, СПИД және туберкулезбен ауыратын науқастарға массаж жасауға шектеулер бар.

Маманмен сұхбатты Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жүргізді.