Халықтың қолайлы жағдай жасап, өмір сүру сапасын қамтамасыз ету мақсатында атаулы салаларда үлкен жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы өңірлерде 1 мыңнан астам инфрақұрылымдық нысан мен 2 мың көпқабатты тұрғын үй салынды. Жол, су, жылу желілері салынды. Көлік қызметіне жаңа автобустар мен ұшақтар әкелінді.

Сонымен қатар, құрылыс саласына заманауи стандарттарды енгізу мен сапаны қамтамасыз етуде көптеген кемшіліктер бар. Ауыз судың құны мен желілердегі шығындар төмендеген жоқ. Азаматтық авиациядағы ішкі рейстер сұраныстан 2-3 есе аз. Темір жол арқылы жүк тасымалдау көп уақытты алуда. Ташкент қаласындағы көлік кептелісі әлі шешілген жоқ. Атмосфераның ластануының алдын алу шаралары жеткіліксіз.

Сыни тұрғыда өткен жиын басында осындай олқылықтардың орын алу себебі қарастырылды. Жұмысында олқылық танытқан бірқатар басшыларға тәртіптік жаза қолданылды.

Көлік, коммуникациялар, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелеріндегі барлық министрлер мен облыс әкімінің орынбасарларының қызметі бойынша тиімділік көрсеткіштері (KPI) белгіленді.

Биыл инвестициялық бағдарлама аясында 1637 инфрақұрылымдық нысанның құрылысы жоспарланған. Мемлекет басшысы бюджет қаражатын тиімді пайдалану және құрылыстардың сапасын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

Ағымдағы жобалау және құрылыс процестері ресурстық әдіске негізделген. Жобалық ұйымдар объектінің құнын мүмкіндігінше «көбейтуге» тырысады. Құрылыстарда тонау, ұрлық фактілері кездесуде.

Сондықтан жобадан бастап нысанды іске қосуға дейінгі барлық үдерістер қайта ұйымдастырылады. Оған сәйкес, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жобалық-сметалық құжаттарды дайындауда, салуда және қабылдауда ресурстық әдістен бас тартып, көлемдік әдіс қолданылады.

Бұл тәртіп осы жылдың 1 шілдесінен бастап жол, ауыз су және көпір құрылысы жобаларына енгізіледі. Аталған салаларды сыбайлас жемқорлықтан тазарту үшін барлық құрылыс келісімшарттары цифрландырылатын болады, мердігер ұйым орындаған жұмыстар салық органына ұсынылған электронды шот-фактура негізінде ғана қаржыландырылады, нысанды пайдалануға қабылдау процесі цифрланады, ал құжаттар «Айқын құрылыс» ұлттық ақпараттық жүйесінде расталады. Құны 10 миллиард сумнан асатын жобаларға қосалқы мердігерлерді таңдау да осы жүйе арқылы жүзеге асырылады.

Бұл тәртіп халықаралық қаржы ұйымдары қатысатын жобаларға да қолданылып, құрылыс материалдарына ақшаның қайда және қанша жұмсалғанын онлайн қадағалайтын жүйе пайда болады.

Барлық есептеу, қаражатты үнемдеу жобаны әзірлеу процесінде болуы керектігі айтылды. Ол үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігінде Жобалық кеңсе құрылады. Құны 10 миллиард сумнан асатын жобаларды әзірлеу кезінде олардың техникалық-экономикалық тиімділігін, қауіпсіздігін және энергия тиімділігін бағалайды. Әлеуметтік мекемелер мен коммуналдық нысандардың үлгілік жобаларын әзірлейді. Енді жобалық кеңсенің ұсынысынсыз жобалық құжаттар мемлекеттік сараптамаға қабылданбайды.

Шенеуніктерге шетелдік тәжірибе негізінде құрылыс нормаларын жаңарту, құрылыс материалдары саласындағы «жасырын экономиканы» жою, осыған байланысты электронды классификаторды іске қосу тапсырылды. Сондай-ақ, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін барлық сатып алулар Салық комитетінің «Е-қойма» алаңы арқылы жүзеге асырылады.

Биыл халықаралық ұйымдармен бірлесіп құны 2,5 миллиард долларды құрайтын жаңа жобалар қолға алынбақ. Жоғарыда айтылғандай, енді мұндай жобалардың техникалық-экономикалық негізі де міндетті сараптамадан өтетін болады.

Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыру жүйесі сыртқы қарызға байланысты өзгереді. Бұл ретте жобаны бағалау есебі мен техникалық-экономикалық негізі сәйкестендіріліп, бірыңғай жобалық құжат әзірленеді. Нәтижесінде уақыт 8-9 айға дейін қысқарады. Техникалық-экономикалық негіздемесі бекітілмеген жоба бойынша қарызды көтеруге жол берілмейді.

Жиында қала құрылысы саласындағы кемшіліктер айтылды. Көп жерлерде салғырттық таныту салдарынан әлеуметтік инфрақұрылым, қызмет көрсету және жұмыс орындары біркелкі дамымай отыр. Кейбір ғимараттар оңды-солды, көшелердің сыртқы келбетіне сай емес салынып жатыр.

Сондықтан өз бетінше және заңсыз салынған нысандарды реттеуге қатысты заңнаманы күшейту, құзырлы органдардың қатысуымен жаңа жүйе құру қажеттігі баса айтылды.

Биылғы жылы 170, келесі жылы кемінде 300 қала мен елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу міндеті қойылды. Бұл ретте «Менің аймағым» тұғырнамасы іске қосылып, әрбір жоспар халықпен талқыланып, оның орындалуына қоғамдық бақылау орнатылады.

Мемлекет басшысы жаңа баспананың құны мәселесіне ерекше тоқталды. Құрылыс компанияларын қаржылық ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында Ипотекалық несиені қолдау қорын құру туралы шешім қабылданды.

Биыл 80 мың пәтерлі 1800 үй, 45 «Жаңа Өзбекстан» массиві салынатыны айтылды.

Коммуналдық саланы саралай келе, көпқабатты үйлердің көпшілігінде энергия тұтынудың жоғары екендігі айтылды. Сондықтан оларда арнайы энергия үнемдеу бағдарламасы жүзеге асырылады. Оған сәйкес, көпқабатты үйлер орналасқан жерге қарай орталықтандырылған, жергілікті немесе жеке жылу жүйесіне, ал кейбір қазандықтар когенерациялық технологияға көшіріледі. Осы арқылы тек 2024 жылдың өзінде 600 мың гигакалория жылу энергиясын және 2,5 миллиард киловатт электр энергиясын үнемдеуге болады.

Кейінгі жылдары ауыз су саласындағы 25 жоба аясында халықаралық қаржы ұйымдарынан 2,5 миллиард доллар тартылған. Өткен жылдың өзінде барлық көздерден 8 триллион сум аударылды. Биыл қосымша 1,5 миллион адамды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көзделген.

Шенеуніктерге ауыз су сапасының стандарттарын жаңарту, оны барлық нысандарға енгізу, сорғыларды жаңғырту, сумен жабдықтау құнын төмендету тапсырылды.

Сондай-ақ, жеке серіктестер тәжірибе ретінде 5 қалада – «Когон», «Ширин», «Янгиер», «Бекабад» және «Янгиёл» қаласында сумен қамтуға тартылатыны айтылды.

Көпқабатты үйлерді жөндеп, жертөлелерін кәсіпкерлерге жалға беру мәселелері де сөз болды. Енді осыған қатысты ақпарат цифрландырылып, «Менің үйім» жүйесіне қосылып, тұрғындар мен кәсіпкерлерге ашық жарияланады.

Басқарушы компаниялар мен компаниялардың несиелерін өтеу және борышкердің берешегін азайту шаралары белгіленді.

 

Жалпы, электр энергиясы, газ, су, жылу, қоқыс және салық төлемдеріне бірыңғай шаруашылық есепшотын енгізудің уақыты жеткені айтылды.

Көлік саласы жайлы әңгіме қозғалғанда, ең алдымен, қоғамдық көлікпен қамтуды арттыруға ерекше мән берілді. Жаңа автобустар әкелу, қалалардағы жолаушылар тасымалын жалпы брутто-шарттар негізінде қаржыландыруға көшіру жөнінде тапсырмалар берілді.

Жол құрылысында «жасырын экономиканың» пайызы жоғары екені, оны бақылайтын Көлік инспекциясы қызметінің көңіл көншітпейтіні айтылды. Шенеуніктерге жол құрылысындағы 40-тан астам стандарттар мен нормаларды Халықаралық инженер-консультанттар федерациясының талаптарына бейімдеу тапсырылды.

Халықаралық бағыттарда темір жол тасымалын, жүк және жолаушылар вагондарын шығаруды көбейтудің маңыздылығы атап өтілді. «Қоқан», «Самарқанд» және «Ташкент» вокзалдарын, «Әндіжан» және «Үргеніш» әуежайларын басқаруды жеке секторға беру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, «Шахрисабз», «Сариосиё» және «Қоқан» аэродромдары жөнделіп, жергілікті әуе қатынасы іске қосылады.

Сондай-ақ Ташкент қаласындағы көлік қозғалысы мәселесінің шешімін табу, дренаж жүйесін жаңғырту жөнінде тапсырмалар берілді.

Экологияны қорғау – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Өзбекстанда 2020 жылдан бері 22 мың жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды. Жалпы, бүгінгі таңда өнеркәсіптік кәсіпорындар мен автокөліктерден атмосфераға жылына 2 миллион тоннадан астам ластаушы заттар шығуда. Көп жағдайда құрылыс нысандары мен жобалары экологиялық сараптамасыз жүзеге асырылуда.

Сондықтан 1 сәуірден бастап әр өңірдің ауа, су және қоршаған ортаның ластану деңгейіне қарай рейтингін енгізу туралы шешім қабылданды. Ташкент пен Нөкіс қалаларында, облыс орталықтары мен 20 индустриялық ауданда ауаны бақылаудың автоматты станцияларын орнатуды бастау міндеті қойылды.

Ірі өнеркәсіптерде және барлық цемент зауыттарында шаң-газ тазартатын заманауи қондырғылар орнатылады, ескілері ауыстырылады. Құрылыс материалдары, энергетика, металлургия кәсіпорындары 5 гектардан «жасыл белдеу» құрылып, барлығы 10 миллион ағаш отырғызылады.

Алдағы бес жылда Ташкент қаласы мен Ташкент облысының көршілес аудандарында 3 мың гектар «жасыл белдеу» және 200 гектар «жасыл саябақтар» құрылады.

Ташкент қаласында ауа сапасының көрсеткішін үнемі жариялап тұратын билбордтар мен мониторлар орнатылады. Сондай-ақ, Ташкент қаласынның көшелерінде ауыр жүк көліктері мен 10 жылдан асқан жеңіл көліктердің қозғалысы кезең-кезеңімен шектеледі. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Аи-80» бензинінен бас тарту мәселесі шешіледі.

Ташкент қаласының қоғамдық көліктерін электр қуаты мен газға көшіру, метро вагондарының санын көбейту шаралары қабылданады. «Жасыл энергетиканы» қолдау, экологиялық проблемалардың алдын алу және зиянды салдарды азайту мақсатында халықты электромобильдерге көшуге ынталандыру жүйесі енгізіледі.

Жиын соңында Премьер-Министрдің орынбасарлары, министрлер мен әкімдер биылғы жылға арналған жоспарлары туралы ақпарат берді.