Қазіргі таңда әлемде жасанды интеллект экономика, білім беру, денсаулық сақтау және қауіпсіздік сияқты бағыттарда негізгі тірек құралына айналып отыр. Бұл технологиялар мемлекеттік басқаруда тиімділікті арттыруға, ресурстарды үнемді пайдалануға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп келеді.

Кейінгі жылдары Өзбекстанда да осы бағытта жүйелі реформалар жүзеге асырылып, нәтижесінде еліміз жасанды интеллектті енгізу бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жатыр.

Президент бұл жетістіктер саланың алғашқы қадамдарының жемісі екенін атап өтті. Алда ауқымды міндеттер тұрғанын айтты. Сондықтан жасанды интеллектті дамытуға қатысты жобаларды назардан тыс қалдырмау, озық бастамаларды іс жүзінде іске асыру қарқынын күшейту қажеттігі сөз болды.

Таныстырылымда экономика мен әлеуметтік салаларға жасанды интеллект шешімдерін енгізу, тиімді тәжірибелерді кеңінен қолдану мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Сондай-ақ жасанды интеллекттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін шетелдік және жергілікті тәжірибелерді үнемі талдап отыру, осы салада жұмыс істейтін жастарымыз, халықаралық сарапшылар және жеке сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екені айтылды.

Бұл бағыттың басты қозғаушы күші – білікті кадрлар даярлау екені атап өтілді.

Кадрлар даярлау ісін жеделдету мақсатында бірқатар инновациялық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

Атап айтқанда, «Университет – өнеркәсіп – халықаралық ынтымақтастық» атты жасанды интеллект кластері жобасы таныстырылды. Бұл бастама аясында оқушылардың жасанды интеллект бойынша сауаттылығын арттыру, педагог кадрлардың біліктілігін жоғарылату, салалық оқулықтар дайындау және өнеркәсіп үшін заманауи мамандар даярлау жоспарланған.

Сонымен қатар, «AI Maktab» платформасы ұсынылды. Бұл жоба жастарды цифрлық дағдылар мен заманауи кәсіптерге үйретуге бағытталған. Платформа арқылы қатысушылар виртуалды көмекші, цифрлық маркетолог, AI-контент жасаушы, бизнес-талдаушы сияқты ондаған бағыт бойынша қашықтан білім ала алады.

Президент осы тәжірибені кеңейту, маңызды салалар дамуына жастардың ғылыми әлеуетін тарту қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ, жасанды интеллект бойынша ғылыми-зерттеу және оқу зертханаларын құрудан күтілетін нәтижелерге де назар аударылды. Коммерциялық банктерде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Жақын болашақта осындай ғылыми және тәжірибелік жобаларды жоғары оқу орындарында кеңінен дамыту қажеттігі айтылды.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласында жұмыс істеп жүрген дарынды жастардың «PromptLab», «Detecting-AI.com» және «KotibAI» сияқты инновациялық жобаларымен де танысты.

Айта кетерлігі, мұндай бағдарламалар мен қосымшалар шағын топтардан бастап ірі компанияларға дейін еңбек өнімділігін арттыруға, табыс көздерін кеңейтуге және интеллектуалды еңбекті жеңілдетуге зор мүмкіндік беруде. Бүгінде бұл отандық жобалар қаржы мекемелерінде, құрылыс саласында және шығармашылық топтар қызметінде қолданылып келе жатқаны айтылды.

Президент Шавкат Мирзиёев ұсынылған шаралар мен жобаларды қолдады. Жасанды интеллектті енгізу үдерістерін одан әрі жеделдету, озық тәжірибелерді іс жүзінде кеңінен қолдану бойынша ұсыныстар мен тапсырмалар берді.