— Сұрхандарияның табиғаты тамаша әрі ғажап өлке. Мұнда рухы мықты, жігерлі, намысты жандар мекен еткен. Сұрхандарияны дамыту – Жаңа Өзбекстанның оңтүстік тірегін нығайту деген сөз, — деді Мемлекет басшысы сөзінің басында.

Өткен кезеңде өңірде жалпы құны 5 миллиард доллар болатын 8 мыңнан астам жоба іске қосылды. Қытай, АҚШ, Ресей, Үндістан, Австрия, Венгрия сияқты елдермен инвестиция және сауда саласында тағы 10 миллиард долларлық келісімдер жасалды.

Кейінгі тоғыз жылда балабақшамен қамту деңгейі 28 пайыздан 68 пайызға дейін артты. 23 жаңа мектеп салынды, тағы 448 мектеп жөндеуден өтті. Қосымша 102 мың оқушы орны пайда болды. Осы кезеңде бой көтерген 688 көпқабатты үйге 32 мың отбасы қоныстанды. Бірнеше аудандарда «Жаңа Өзбекстан» тұрғын үй кешендері пайда болды.

«Тупаланг су қоймасының суын пайдалану» жобасы аясында Термез қаласы мен 10 аудандағы 563 мың тұрғынға ауыз су қолжетімді болды.

Жиында облыс және аудан әкімдерінің алдына биыл инвестиция көлемін 3 миллиард долларға, экспортты 1 миллиард долларға жеткізу міндеті жүктелді. Өңірде кедейлік деңгейін 2,8 пайызға, жұмыссыздықты 4,5 пайызға дейін төмендету, Термез қаласын, сондай-ақ «Ангор», «Денов», «Жарқурғон», «Қизириқ» және «Музработ» аудандарын әлемуметтік тұрғыдан дамыған аумаққа айналдыру маңызды екені атап өтілді.

Соңғы тоғыз жылда Сұрхандария облысы экономикасындағы өнеркәсіп үлесі бес есеге өсіп, 10 пайызға жетті. Дегенмен бұл көрсеткіштің әлі де төмен екені айтылды.

Өнеркәсіп көлемін арттыру үшін облыстағы кен орындарын игеруді жеделдету қажеттігі көрсетілді.

Биыл «Санжар», «Оқсув», ал келесі жылы «Фангарт» кеніштерінде көмір өндіруді бастау тапсырылды. Оңтүстік Африканың «Sosol» компаниясы көмірден полипропилен, полиэтилен және каучук өндіруге қызығушылық білдірген. Сонымен қатар «Қоракон», «Жемсонит», «Чуқур», «Байрам-1» кеніштеріне қытайлық инвесторлар 1 миллиард доллар инвестиция салуға дайын екені айтылды. Бұдан бөлек облыстағы «Безактоп» кен орнындағы табиғи тас қоры әлі толық зерттелмеген. Осы кеніштерде қажетті жұмыстарды бастау тапсырылды.

Жиында Термез халықаралық сауда орталығының көрсеткен нәтижесі де ерекше атап өтілді. Өткен жылы орталыққа 800 мыңнан астам Ауғанстан азаматы келіп, экспорт көлемі 320 миллион долларды құрады.

Орталық аумағын 1 мың гектарға дейін кеңейту жоспарланған. Жаңа жобалар нәтижесінде кәсіпкерлер мен сатып алушылар саны бірнеше есе өсетіні айтылып, заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында орталықта арнайы прокуратура және ішкі істер бөлімі жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар орталық аумағындағы тауар айналымы мен көрсетілетін қызметтер экспорт ретінде есептеліп, оларға қосылған құн салығы нөлдік мөлшерлемемен қолданылатыны атап өтілді.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы әлеуетіне де тоқталып, облыстағы 35 мың гектар үй ауласындағы жерден жылына 3–4 рет өнім алынатынын, мұндай көрсеткіш басқа өңірлерде жоқ екенін айтты.

Термез ауданындағы «Аула мектебі» тәжірибесін бүкіл Сұрхандария облысына енгізу қажеттігі сөз болды. Осыған байланысты «Ангор», «Узун» және «Денов» аудандарында да «Аула мектептерін» ашу, әр облыста екеуден «Инновациялық аула мектебін» іске қосу тапсырылды.

Сұрхандария облысының климаттық жағдайында жылыжай өнімін өндіру басқа аймақтарға қарағанда 2–3 есе арзанға түсетіні айтылды. Биыл Испанияның Альмерия өңірі тәжірибесі негізінде 1 мың гектарда күн сәулесімен жылытылатын жылыжайлар салу жоспарланған. Мұндай жылыжай салатын кәсіпкерлерге жер 5 жылға тегін жалға беріліп, жерасты суын пайдаланғаны үшін төлемнен 3 жылға босату көзделген.

Өңірдегі тағы бір үлкен мүмкіндік – жайылымдық жерлер екені атап өтілді. Атап айтқанда, «Байсун» ауданында 197 мың гектар жайылым бар. Егер «Дарбанд» өзеніндегі сорғылар қалпына келтіріліп, су тартылса, қосымша 10 мың гектар жайылымды шаруашылық айналымына енгізуге болады.

Қордағы жайылым жерлерін игеру үшін бастапқы баға нормативтік құнның 1 пайызы мөлшерінде белгіленіп, аукционға шығарылатыны айтылды. Аукцион арқылы жер алған кәсіпкерлерге 10 жыл мерзімге, 4 жылдық жеңілдікті кезеңімен 14 пайыздық несие берілетіні, сондай-ақ әр 10 гектарға су жеткізу үшін 120 миллион сумға дейін субсидия бөлінетіні атап өтілді.

Облыста құс шаруашылығы, мал шаруашылығы және ара шаруашылығы жобаларын іске асыру жөніндегі шаралар қолға алынбақ.

Жол және көлік инфрақұрылымы өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі екені айтылды. Қазіргі уақытта «Байсун» мен «Денов аудандарын байланыстыратын жолдың 111 шақырымын цемент-бетон жамылғысына көшіру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жол пайдалануға берілсе, жүк көлемі екі есеге артып, тасымалдау уақыты 3 сағаттан 1,5 сағатқа дейін қысқарады.

Биыл елімізді Ауғанстан және Тәжікстанмен байланыстыратын 178 шақырымдық магистралды жолды күрделі жөндеу, «Тошғузор – Байсун – Қумқорғон» учаскесін жүрдек пойызға бейімдеу, «Қумқорғон – Қудуқли» теміржол желісін электрлендіру жұмыстары басталады. Сондай-ақ Термез – Ыстанбұл және Термез – Дубай бағыттарында жаңа әуе рейстері ашылады.

Жаңа автобустар сатып алынып, біірнеше ауданды Термезге байланыстыратын бағыттарға қосылады.

Жыл соңына дейін бірнеше аудан орталықтарында кәріз жүйесін тарту жобалары басталады.

«Мустақилликнинг 25 йиллиги» ірі газ өңдеу кешеніндегі күрделі технологиялық мәселе бойынша серіктестермен бірлесіп ғылыми шешім табылғаны айтылды.

– Біз апатты да тоқтатамыз, Сұрхандария облысы экономикасына үлкен серпін беретін жобаны да бастаймыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы туризм әлеуетіне тоқталып, өңірде Әл-Хакім ат-Тирмизи, Сұлтан Саодат, Какилдор ота, Қырқ қыз сияқты 150-ден астам мәдени мұра нысаны бар екенін, сондай-ақ Гиссар, Байсунтау, Кухитанг, Бобатау тауларында альпинизм, треккинг және экотуризмді дамытуға зор мүмкіндік барын айтты. Бұл әлеуетті толық іске қосу арқылы жылына 1 миллиард доллар табыс табуға болатыны атап өтілді.

Көне Термез қалашығы толық зерттелмегені айтылды. Буддизм мәдениетіне қатысты «Фаёзтепа», «Қоратепа», «Далварзин», «Зурмала» сынды ескерткіштерінің туристік мүмкіндігін пайдаланып, Жапония, Корея, Қытай және Таиландтан жылына 500 мың турист тартуға болатыны атап өтілді.


Сұрхандария облысында 8 мыңнан астам жас күреспен тұрақты түрде айналысады. Биыл Деновтағы «Замондош» лагерінің негізінде балуандарға арналған заманауи оқу-жаттығу базасын салу тапсырылды. Байсундағы мектеп-интернатта жаңа оқу жылынан бастап спортпен қатар жалпы білім беру сабақтарын да қатар жүргізу қажеттігі айтылды.

Жиында облыс белсенділері, жастар және ардагерлермен кездесу өтті, әкімдер мен жауапты тұлғалардың баяндамалары тыңдалды. Мемлекет басшысы белгіленген міндеттердің орындалуын қатаң бақылауға алып, әр бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.