Бұл жайлы былтыр 22 желтоқсанда өткен Республикалық Мəдениет жəне ағарту кеңесінің жиынында айтылған еді. Жауапты тұлғалар осы бағытта дайындалған шаралар жоспары туралы ақпарат берді.
2025-2030 жылдары театр сахналарында «Ұлттық қаһарман» және «Адам қадірі үшін» тақырыптарында 32 циклді қойылымдар дайындау ұсынылуда.
Сахналық қойылымдар жасауда шығармашылық ынтымақтастықты қолдау, драматургия мен режиссураны дамыту бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, театр драматургтері үшін Махмұдқожа Бехбуди атындағы, жас режиссерлер үшін Баходир Юулдашев атындағы сыйлық тағайындау, «Нигох» шығармашылық жобасын іске қосу және ұлттық академиялық музыка өнері бойынша композиторлар байқауын өткізу ұсынылды.
Мәдениет пен өнерді біліммен тығыз байланыстыру, студенттердің театрларда тәжірибелік сабақтарын кеңейту және театр өнері саласында ғылыми-зерттеу жобаларына тапсырыстар беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар, театр актерлері мен режиссерлерінің шеберлік мектептері ұйымдастырылады. Театрт сыншылары мен драматургтер үшін арнайы клубтар ұйымдастырылады. Олардың жұмысын қолдау, жыл сайын мемлекеттік емес театрларға мемлекеттік тапсырыстар беру көзделіп отыр.
Жалпы және жоғары білім беру мекемелерінде әуесқой театр ұжымдары құрылып, олардың арасында байқаулар өткізіледі. Жастарды театр өнеріне тартуға бағытталған «Театр – үлгі ұясы» бағдарламасы іске қосылады.
2025 жылдан бастап Өзбекстан театр ұжымдарының ұлттық рейтингі жасалады. Өңірлердегі театр ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, заманауи технологиялармен жабдықталады. Муқими атындағы Өзбекстан мемлекеттік музыкалық театрына «академиялық» мәртебе беріледі.
Мұнымен қоса, сала мамандарын ынталандыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. 2025 жылдан бастап мәдениет және өнер, ақпараттық-кітапхана және музей қызметкерлерінің жалақысы өседі.
Материалдық ынталандыру қызметкердің жұмыс тиімділігі (KPI) көрсеткіштеріне байланысты болады. Онда тұрғындарға мәдени қызмет көрсету, шалғай аудандарға гастрольдер ұйымдастыру, жаңа шығармалар жасау, дарынды жас шығармашылық өкілдерін анықтау секілді өлшемдер ескеріледі.
2025 жылдан бастап Өзбекстан Ұлттық симфониялық оркестрі қызметкерлерінің жалақысын арттыру және лайықты материалдық қолдау көрсету жоспарланған. Оркестр жыл сайын мемлекеттік тапсырыс негізінде жаңа музыкалық шығармалар дайындап, шебер дирижерлар мен оркестр орындаушыларының шеберлік мектептері ашылады. Сондай-ақ, оркестр ұжымы ел аймақтары мен шетелдерге гастрольдер жасап, ірі кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлері үшін концерттер ұйымдастырады.
Мемлекет басшысы сонымен бірге мәдениет және өнер білімін жаңа деңгейге көтеру бойынша да тапсырмалар берді. Атап айтқанда, дарынды жастарды ерте анықтап, іріктеу және оқыту жүйесін құру, сондай-ақ жалпы орта, мектептен тыс, кәсіби және жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларының мәдениет және өнер саласындағы оқу орындарымен үйлесімділігін қамтамасыз ету міндеті қойылды.