Бүгін Ташкент мемлекеттік медицина университетінде еліміздің жоғары атағына, орден және медальдарына ие болған медицина қызметкерлеріне атаулы марапаттарды тапсыру шарасы өтті.
Марапатталғандар қатарында әлемнің беделді жоғары оқу орындарында білім алып, тәжірибе жинақтап, елге оралып қызмет етіп жүрген, жоғары технологиялық ем-дом шараларын жүзеге асырып жүрген жас дәрігерлермен бірге халқымыздың денсаулығын қорғауда белсенді көмек көрсетіп келе жатқан шетелдік серіктестер де бар.
Мемлекет басшысы республикада экономиканы тұрақты дамыту, халықты жұмыспен және табыспен қамту, жастарға заманауи білім мен тәрбие беру, азаматтар денсаулығын нығайту бағытында реформалар қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Нәтижесінде алғашқы медициналық мекемелердің қуаты 60 пайызға артып, медициналық қызмет халыққа әлдеқайда жақындай түсті. Бұрын негізінен астанада ғана жасалатын жоғары технологиялық және диагностикалық-емдеу әдістерінің 400-ден астам түрі бүгінде өңірлерде жүзеге асырылуда. Күрделі операциялардың жүздегені облыс орталықтарында, ал аз инвазивті оталар аудан деңгейінде орындалуда.
– Алғаш рет 45 ауданда бүйрек трансплантациясы енгізілгені адам денсаулығын қорғау жолындағы істеріміздің нақты нәтижесі, – деді Президентіміз. – Бүгінде елімізде ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 71-ден 73 жасқа, қыз-келіншектер арасында 76-дан 77,5 жасқа дейін ұзарды. Бұл сіздермен бірге қол жеткізген үлкен жетістігіміз деп айтуға толық негіз бар. Әрине, мұндай игі істер 600 мыңнан астам жанқияр медицина қызметкерінің қажырлы еңбегінің жемісі. Сондықтан баршаңызға зор алғыс білдіремін.
Мемлекет басшысы мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде тапсырып, марапат иелерін бүкіл халық атынан құттықтады.