Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өтетін Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні де дәл осындай терең мазмұнға ие.
Осы күнге орай 29 тамызда «Шейіттер аллеясы» мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақсақалдар, зиялылар басқосты.
Рәсімге Президент Шавкат Мирзиёев те қатысты.
Отан үшін жанын пида еткендер рухына Құран бағышталып, халыққа ас берілді.
Аллеядағы символикалық қабір жанында да Құран оқылып, ғалымдар және зиялылармен тарихты үйрену, жастарға үйрету, тәуелсіздік пен бейбітшілікті қадірлеу жайында сұхбат болды.
– Әр жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Отан азаттығы жолында жанын берген бабаларымыздың аруағына дұға жасаймыз. Халқымыз, ұлтымыз үшін күрескен қаһарман бабаларымыздың ерлігі біз үшін әрдайым ғибрат мектебі болып қала береді, – деді Мемлекет басшысы.
Белгілі болғандай, сол зұлмат жылдары жүз мыңнан астам жазықсыз отандасымыз қуғын-сүргінге ұшыраған. Мыңдағаны «халық жауы» деген жалған айыппен атылып, одан да көбі жер аударылды. Олардың артынан мыңдаған әйелдер жесір, балалар жетім қалды. Арада бір ғасырдай уақыт өтсе де, ол сұмдық дәуір ауыр қасіретпен еске алынады.
Мұның бәрі бүгінгі еркін өмірімізді одан сайын қадірлеуге, тәуелсіздікті бекемдеуге шақыратыны айтылды.
– Отан жанқиярларын ұлықтау, олардың есімін мәңгі есте қалдыру үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Шавкат Мирзиёев. – Соңғы сегіз жылда 1200-ден астам жазықсыз аталарымыз есімі ақталды. «Қуғын-сүргін құрбандары» музейі қайта жөнделіп, мыңдаған жаңа құжаттармен толықты. Өңірлерде де осындай музейлер ашылды. Биыл жәдидшілік қозғалысының көшбасшысы Махмудхужа Бехбудийдің 150 жылдығын атап өтудеміз. Бұхара қаласында Жәдидтер мұрасы мемлекеттік музейі ұйымдастырылуда.
Енді осының мазмұнын, «тірі» тарихымызды халқымызға кеңірек жеткізуіміз қажет.
Өткен жылдан бастап қазан айының алғашқы аптасы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу апталығы болып белгіленді. Биыл бұл шара «Еске алу және тәрбие апталығы» түрінде өтеді. Ендеше, осы аптада халқымызға не жеткіземіз, жастарымызға нені үйретеміз? Мұны тарихшылармен, ақын-жазушылармен бірге терең ойлап, халыққа жақын, түсінікті етіп ұйымдастыру қажет. Мектеп пен университеттерде қосымша сабақтар өткізуге, телеарналарда арнайы бағдарламалар беруге, жастар арасында байқаулар ұйымдастыруға болады. Тәуелсіздіктің қандай ұлы нығмет екенін, біздің ата-бабаларымыз қуатты күшке ие болғанын халықтың жүрегіне сіңіруіміз керек. Жастарымыз рухани мықты болса, үлкен мақсаттар қояды, ғылымды да жақсы меңгереді, еліне елеулі тұлға болып өседі.
Бұл тұрғыда ұлт зиялыларының өмірін зерттеу айрықша маңызды екені де айтылды.
– Жәдид бабаларымыз әр салада алдыңғы қатарлы еді. Алғашқы өзбек романы, театр мен кино туындылары, түрлі пәндер бойынша оқулықтарды да солар жазған. Өткен ғасырдың 20-жылдарында Германияда білім алған түркістандық жастар қуғынға ұшырамағанда, бүкіл қоғамды өзгертер еді. Біз тарихымызды дұрыс жеткізе алсақ, жастарымыз басқа қаһарман іздемейді, біздің бабаларымыз олар үшін үлгі, – деді Президент.
Мұндай рухани негіз жалпыұлттық бірлік пен тұрақтылық үшін де қажет. Бүгінде әлемдегі ахуал күрделеніп барады. Мемлекеттердің тәуелсіздігіне қауіптер туындап отыр. Мұның бәрі бізден әрдайым сергек, ауызбіршілікпен болып, реформаларды жүйелі жалғастыруды талап етеді.
Жаратқанға шүкір, еліміз тыныш, адамдар болашаққа сеніммен қарайды. Бұл – ең үлкен байлығымыз.
Ғұламалар да еліміздегі осы бейбіт өмір, тұрақтылық пен береке арта берсін деп дұға жасады.