Елде кәсіпкерлікті дамыту, жер мен нысандарды тиімді пайдалану мақсатында ауқымды жекешелендіру жұмыстары жүргізілуде. 2021–2024 жылдар аралығында 47 трлн сумға мемлекеттік активтер сатылды. Бұл — алдыңғы онжылдық көрсеткішінен 30 есе көп.
Соның нәтижесінде мемлекеттік қатысы бар кәсіпорындар саны екі есе қысқарды, экономикадағы мемлекеттік үлес 13 пайызға азайды. Жекешелендірілген мүліктің тиімділігі де бірнеше есеге артты.
Бұрын көбіне шағын кәсіпорындар мен нысандар сатылса, қазір ірі мемлекеттік активтер де сатылуда. Атап айтқанда, «Қонырат» сода зауыты, «Фотон», «Теміржолконтейнер» секілді ірі кәсіпорындар, «International» және «Lotte» қонақүйлері жекешелендірілді.
Өткен жылдың қарашасында алғаш рет «халықтық IPO» арқылы Тауар-шикізат биржасының 3 миллионнан астам акциясы тұрғындарға сатылып, 11 мың адам акционер атанды.
Алайда жүйеде әлі де кемшіліктер бар. Кей аймақтар мен салаларда пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктер көп. Бос тұрған жерлерді экономикалық активке айналдыру, аукционға қойылған дайын ғимараттарды сатуда баяулық бар.
Мысалы, инфрақұрылым мен мамандануы ескерілмей аукционға шығарылған 1,5 мың гектар жер 1 жылдан астам сатылмаған. 4 мың жер учаскесін аукционға шығару келісу процестері кешіккен. Министрлер мен әкімдер былтыр сатылуы тиіс болған 243 мүлікті Мемлекеттік активтер агенттігіне өткізбеген.
Ірі мемлекеттік кәсіпорындарда да жұмыстар баяу. «Автоөндіріс», «Химияөндіріс», «Металлургия комбинаты», «Узбекнефтгаз» секілді 22 кәсіпорын халықаралық қаржылық есеп жүргізуге өтпеген. «Өзбекстан поштасы», «Uzbekistan Airports», «Өзбекстан темір жолдары» әлі де несие рейтингіне ие емес.
Жиында осы және басқа мәселелерді шешіп, жұмысты жеделдету қажеттігі айтылды. Жекешелендіру саласындағы 2025 жылғы мақсаттар белгіленді. Атап айтқанда:
– 30 трлн сумдық мемлекеттік мүлікті сатып, бюджетке кемінде 10 трлн сум түсіру;
– 116 кәсіпорындағы мемлекеттік үлес пен 581 жылжымайтын мүлік нысанын сатуға шығару;
– 6,1 мың гектар жерді аукционға шығарып, 6 трлн сум кіріс түсіру;
– кемінде 300 кен орнын бастамашыларға ұсынып, 500 млрд сум табыс табу.
Осы арқылы экономикаға қосымша инвестициялар тартылады, кәсіпкерлікке мүмкіндік кеңейеді, мыңдаған жұмыс орны ашылады.
Жиында бұл мақсаттарға жету үшін бірқатар жеңілдіктер жария етілді.
Енді кәсіпкерлер кемінде бес жыл жалға алған мемлекеттік мүлікті тікелей өзі сатып ала алады. Қазіргі кезде мұндай 632 нысан бар. Бұл арқылы кемінде 2 трлн сум түсім күтілуде.
Сатылмай қалған 131 мақта саласындағы активтердің бастапқы бағасы 50 пайызға дейін төмендетіліп, аукционға шығарылады. Кәсіпкерлерге төлемді үш жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі.
Қазір республикадағы 537 базар мен сауда кешенінің кемінде 51 пайызы жергілікті әкімдіктерге тиесілі. Енді бұл тәртіп өзгеріп, әкімдіктердің міндетті қатысу талабы алынып тасталады. Бұл да кәсіпкерлерге қосымша мүмкіндік береді.
Жер учаскелерін сату бойынша да мүмкіндіктер кеңейтіледі. Мысалы, ұзақ уақыт сатылмай тұрған, көлемі шағын және қатар орналасқан учаскелер біріктіріліп, қайта аукционға шығарылады.
Мемлекеттік активтерді тиімді пайдалану арқылы жергілікті бюджетке кірісті арттыруда жақсы тәжірибелер де бар. Мысалы, Ташкент қаласында муниципалды нысандар тіркеуден өтіп, электронды база жасалған. 102 тиімсіз ғимарат пен 97 гектар бос жер анықталып, аукционға шығарыла бастады. Былтыр ғимараттардың астындағы 118 гектар жерді жекешелендіруден 60 млрд сум табыс түсті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе көп.
Бұл тәжірибе енді барлық облыс орталықтарында, келесі жылы аудандарда енгізіледі.
Саладағы тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік кәсіпорындарды халықаралық нарыққа шығару. Қазірге дейін бұл жүйе өз тиімділігін көрсетті.
Мамандардың қатысуымен бұл процесті жалғастыру тапсырылды. Биыл халықаралық нарыққа тағы 28, келесі жылы 10 ірі кәсіпорынның акциялары шығарылады.
Премьер-Министрге бұл бағытта жол картасын бекітіп, ай сайын орындалуын талқылау жүктелді.
Жиында көтерілген мәселелер бойынша министрлер, сала басшылары мен әкімдер баяндама жасады.