Мемлекет басшысы 55 мың жанкүйерді қабылдайтын стадион құрылысын бастап берді

    Президент Шавкат Мирзиёев 11 қараша күні Жаңа Ташкентте ірі спорт нысаны – заманауи футбол стадионының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

    Соңғы бес жылда Өзбекстанда футбол саласында түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Атап айтқанда, жергілікті чемпионаттар жүйесі жаңартылып, балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол академиялары құрылды, өңірлерде 75 ірі және 302 шағын стадион жұмыс істеп тұр.

    Белгілі болғандай, 2017 жылы елімізде ФИФА мен Азия футбол конфедерациясының талаптарына сай келетін алаңдар саны бар болғаны үшеу еді. Бүгінде олардың саны 10-нан асты.

    Жақында Жоғары Шыршық ауданында заманауи Ұлттық футбол орталығы салынды. Қазір футбол мектептерінде 65 мыңнан астам бүлдіршін жаттығып жүр. Бұл мектептерге әлемнің беделді футбол клубтарынан жаттықтырушылар, спорттық медицина және фармакология саласындағы білікті мамандар тартылған.

    Футболшыларды іріктеу жүйесі махаллалардан басталатын жаңа формат жолға қойылды. Бұл бағытта арнайы жеңілдіктер енгізіліп, 9 мыңнан астам махалланың 70 пайызында шағын футбол алаңшалары салынды.

    Сондай-ақ 1,5 мың мектептің футбол стадиондары жөнделіп, 1 миллионнан астам оқушы мен жастар қамтылды. Жастар арасында махалла, аудан, облыс және республика деңгейінде турнирлерді дәстүрлі түрде өткізу жүйесі жолға қойылды.

    Байқауларда ерекше көзге түскен талантты жастар тікелей футбол мектептеріне қабылданып жатыр.

    Осындай жасалған еңбек өз нәтижесін бере бастады.

    – Футболдан Олимпиада құрамамыз өткен жылы Париж Олимпиадасына алғаш рет қатысты. Тарихта тұңғыш рет ұлттық құрамамыз келесі жылы өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Ал дәл қазір Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатында 17 жасқа дейінгі футболшыларымыз Азия чемпионы ретінде ел намысын қорғап жүр, – деді Мемлекет басшысы рәсім барысында.

    Бүгінде әлемнің түрлі беделді клубтарында ойнап жүрген 20 өзбекстандық футболшыоардың жалпы трансферлік құны 60 миллион доллардан асты. Әсіресе, өткен айда отандасымыз Абдуқодир Хусановтың Азияның ең қымбат футболшысы атануы баршамызға зор мақтаныш.

    Бұл жетістіктер соңғы жылдары жасалған мүмкіндіктердің арқасында ұлттық футбол мектебінің халықаралық деңгейде мойындала бастағанын көрсетеді.

    – Жақында ФИФА президенті Джанни Инфантино елімізге сапары кезінде Өзбекстанда футболға жасалып жатқан қолдау, инфрақұрылымның дамуы мен басқару жүйесіндегі реформалармен танысып, бұл саладағы түбегейлі өзгерістерді жоғары бағалады. Ол сондай-ақ халықаралық футбол қауымдастығының Өзбекстанға деген сенімі артып келе жатқанын, Өзбекстан футболының бүгінде «Азия грандтары» деңгейіне көтерілгенін атап өтті, – деді Президент.

    Осы жылдың 2 қазанында ФИФА Кеңесінің отырысында 2027 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатын Өзбекстан мен Әзербайжанда өткізу туралы шешім қабылданды.

    Әлем чемпионаты аясындағы ойындар екі елдегі үш стадионда өтеді. Ал финал және жартылай финал ойындары сыйымдылығы 50 мыңнан асатын стадиондарда өтуі ФИФА талабы саналады.

    – Сол себепті еліміздің футболы үшін аса маңызды жоба – Жаңа Ташкент стадионының құрылысы басталады. Құны 100 миллион доллар болатын бұл стадионның дәл осы жерде салынуының себебі – Жаңа Ташкенттің болашақта елдің жаңа мүмкіндіктер мен озық идеялар орталығына айналатынында, – деді Мемлекет басшысы.

    Жаңа Ташкенттегі барлық жобалар заманауи сәулет пен ұлттық құндылықтардың үйлесімінде, экологиялық және «ақылды басқару» қағидаттарына сүйене отырып жүзеге асырылып жатыр. Осы тұжырымдама негізінде бой көтеретін жаңа стадион да табиғатпен үйлесімді, «жасыл энергия», «ақылды жүйе» және «ыңғайлы орта» принциптеріне сай салынады.

    Жаңа Ташкент стадионы ФИФА-ның барлық талаптарына толық сай келетін, Азиядағы ең ірі әрі заманауи инфрақұрылымдық футбол нысандарының бірі болмақ.

    Бұл нысан тек 2027 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионаты үшін ғана емес, бүкіл өзбек футболының және жастар спортының алдағы онжылдықтағы дамуына қызмет ететіні атап өтілді.

    Айта кету керек, Өзбекстанның жастар арасындағы әлем чемпионатын қабылдайтын ел ретінде таңдалуы – халықаралық қауымдастықтың елге деген сенімі мен құрметінің айқын көрінісі.

    Осыған байланысты чемпионатқа дайындық жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданатыны айтылды. Инфрақұрылым, көлік, қонақүй, медициналық қызмет және волонтерлік жүйелер бойынша жауапты министрліктерге нақты міндеттер жүктеледі.

    – Жаңа Ташкент стадионының бүгін қаланған іргетасы – бүгінгі еңбегіміздің және ертеңгі жеңістеріміздің бастауы. Сенемін, осынау алып нысан жастарға шабыт, халқымызға мақтаныш символы әрі еліміздегі миллиондаған футбол жанкүйеріне зор сый болмақ, – деді Президент.

    Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев Жаңа Ташкент стадионының іргетасына капсула қойып, құрылысты ресми түрде бастап берді.

    No date selected
    December 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates