Мақалада ел аумағынан қола дәуіріне жататын, шамамен 4 мың жылдық тарихы бар және трепанация — бас сүйекке жасалған хирургиялық операцияның іздері сақталған баланың бас сүйегі табылғаны айтылған.

Бұл олжа Орталық Азияда ежелгі замандарда хирургиялық операциялардың жасалғанын дәлелдейтін маңызды айғақ болып саналады және Азия құрлығында анықталған ең көне осындай үлгілердің бірі болып есептеледі.

Бірегей жаңалық өзбек және италиялық ғалымдардан құралған халықаралық зерттеушілер тобы жүргізген қазба жұмыстары барысында Жарқұтан археологиялық ескерткіші аумағынан табылған. Бұл ескерткіш Ауғанстанмен шекаралас өңірде орналасқан және б.з.д. III мыңжылдықтың соңына жатады.

Ғалымдардың мәліметінше, хирургиялық операцияның іздері шамамен бес жасында қайтыс болған баланың бас сүйегінен анықталған. Бұл жерлеу орны Окс өркениеті кезеңіне тиесілі.

Қазба жұмыстарына жетекшілік еткен Энрико Аскалоне бұл жаңалықтың Орталық Азияда төрт мың жыл бұрын өмір сүрген қоғамдардың медициналық білім деңгейінің жоғары болғанын дәлелдейтін маңызды дерек екенін атап өтті.

Зерттеушілердің пікірінше, бұл жаңалық сол дәуірдегі медицинаның даму деңгейі, мамандардың кәсіби шеберлігі және мұндай күрделі операцияның не себепті жас балаға жасалғаны жөнінде жаңа ғылыми сұрақтарды күн тәртібіне шығарып отыр. Осы сұрақтарға жауап табу мақсатында зерттеулер жалғасатын болады.