Ұйымның мәліметінше, соңғы төрт жыл ішінде Еуропа аумағында ыстық ауа толқындарының салдарынан 200 мыңнан астам адам қайтыс болған. Ең жоғары өлім көрсеткіштері Италия, Испания, Германия және Грецияда тіркелген.

ДДСҰ-ның Еуропаның аумақтық бюросы әзірлеген жаңа нұсқаулықтарда мемлекеттік органдар мен халық үшін аптап ыстықтың кері салдарын азайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар баяндалған.

Ұйым тұрғындарға мынадай ұсыныстарды  ұстануға кеңес беруде:

 

Үйді салқын ұстау. Түнде және таңертең ауа салқын кезде бөлмелерді желдетіп, күндіз, әсіресе күн түсетін жақтағы терезелер мен перделерді жабық ұстау қажет.

Сусызданудың алдын алу. Күні бойы шөлдемесеңіз де жеткілікті мөлшерде, негізінен таза су ішу ұсынылады.

Дұрыс киіну. Табиғи матадан тігілген жеңіл әрі кең киім киіп, сыртқа шыққанда бас киім мен күннен қорғайтын құралдарды пайдалану қажет.

Күн тәртібін бейімдеу. Ең ыстық уақыттарда — әдетте сағат 11:00 мен 17:00 аралығында — ашық ауада ұзақ болмауға және ауыр дене еңбегінен аулақ болуға кеңес беріледі.

Сонымен қатар, құжатта ыстық ауа райы туралы ерте ескерту жүйелерін жетілдірудің, әсіресе қауіп-қатер тобына жататын тұрғындарды дер кезінде хабардар етудің маңыздылығы атап өтілген.

ДДСҰ жылыжай газдары шығарындыларын қысқартуды, қалалардағы жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтуды, саябақтар салуды, ағаш отырғызуды, өзендерді, ормандар мен батпақты жерлерді сақтап қалуды ұсынады. Ұйымның айтуынша, бұл шаралар тұрғындар өмір сүретін аумақтардағы температураны төмендетуге ықпал етеді.

Ұйым әсіресе 65 жастан асқан азаматтар мен созылмалы аурулары бар адамдардың аптап ыстық күндері ерекше сақ болуы қажет екенін ескертеді.