Бүгінгі таңда әлемдік экономикалық тұрақсыздық жағдайында ішкі мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, ең көп жұмыс орындарын ұсынатын салаларды қолдау аса маңызды болып отыр. Өзбекстанда тоқыма, құрылыс материалдары және жиһаз өндірісі осындай басты салалар қатарында. Бұл салаларда бір миллионға жуық адам жұмыс істейді.
Атап айтқанда, жиһаз өндірісіне маманданған 7 500-ден астам кәсіпорын қызмет етіп келеді. Өткен жылдың өзінде 920 жаңа кәсіпорын ашылған. Салада 6,7 трлн сум өнім өндіріліп, 20 млн доллардың жиһазы экспортталған.
Хорезм облысының «Ханқа» ауданындағы тәжірибе негізінде басқа аймақтарда да жиһаз өндірісі орталықтары құрылып жатыр. Бұл саладағы кәсіпкерлердің шетелден шикізат, фурнитура және аксессуарлар әкелуі, сондай-ақ экспорт нарығына шығуы мемлекет тарапынан қолдауға ие.
«Чиланзар» ауданындағы индустриялық аймақта жиһаз өндірісіне маманданған он шақты компания бар. Солардың бірі – «Eman materials» кәсіпорны жеке инвестордың 10 миллион доллар қаражаты есебінен құрылған. Мұнда жылына 10 мың тонна фурнитура мен жиһаз бөлшектері өндіріледі. Өнімдер ел ішіндегі мыңдаған кәсіпорындарға кооперация негізінде жеткізілуде. Енді экспортқа шығару да жоспарланған.
Кәсіпорында 200 адам жұмыс істейді. Маңыздысы – осы жерде жиһаз жасауға арналған оқу орталығы да құрылған. Бұл мақсатта Италия мен Түркиядан мамандар шақыртылған.
Сондай-ақ кәсіпорын тапсырыс негізінде жиһаз жобалау, кесу, құрал-жабдықтарды жөндеу және қосымша қызметтерді де ұсынады.
Кешен аумағында көрме залы да құрылған болып, онда астанадағы атақты брендтік өнімдер бір жерде жинақталған. Бұл жүйе сатушыға да, қызмет көрсетушіге де, тұтынушыға да ыңғайлы жағдай жасайды.
Мемлекет басшысы кәсіпорындағы жұмыс барысымен танысып, мамандармен әңгімелесті. Жиһаз өндірісі саласында жергіліктендіру және қосылған құн жасау бағытында пайдаланылмай жатқан көптеген мүмкіндіктер бар екені айтылды.
Осы жерде «Чиланзар» ауданында ұйымдастырылған «Реформалар штабының» қызметі жөнінде ақпарат берілді. Халықты жұмыспен қамту, кедейлікті азайтуға бағытталған жаңа ұсыныстар мен күтілетін нәтижелер қаралды.
Мәлім болғандай, жылдың басында аудандағы кедейлік деңгейі 7 пайыздан жоғары болған болса, жартыжылдық қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2,2 пайызға дейін төмендеген. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін аудан кедейлік пен жұмыссыздықтан толық арылуы тиіс. Бұл үшін отбасылардың әлеуетін ашу, микрожобаларды іске асыру, жаңа кәсіпкерлік субъектілерін құру, бейресми жұмыс орындарын заңдастыру сынды шаралар жүргізіледі.
Президент халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдайтынын айтып, инвестиция тартып, мүмкіндіктерді нақты жобаларға айналдыру, шағын кәсіпорындар жұмысын кеңейту қажеттігін атап өтті. Экономика және инвестиция салаларының жауапты тұлғаларына кәсіпкерлермен тұрақты кездесіп, мәселелерін шешу, ұсыныстарын жүзеге асыру бойынша тапсырмалар берілді.