Ташкент қаласындағы «Жаңа Өзбекстан» саябағына жапсарлас тұрғызылған заманауи қонақ үйлер кешені осы игі істердің мәнді жалғасы.

Президент Шавкат Мирзиёев өңірлердегі құрылыс жұмыстарымен танысу барысында осы кешенге де барып, ондағы жағдаймен танысты.

Бұрындары қараусыз жатқан бұл аумақ бүгінде көркейіп, 8 гектардан астам жерде 12 заманауи қонақ үй, 375 орындық «Жаңа Ташкент» конференция залы, 310 орындық мейрамхана, сауықтыру орталығы және ашық спорт алаңы бой көтерген.

Қонақ үйлерге Қарақалпақстан мен облыстардың атаулары берілген. Барлығы бес қабатты, 62 бөлмеден және 124 орыннан тұратын үш жұлдызды стандартқа сай. Кешен бірыңғай тұжырымдама негізінде жұмыс істейді және оны басқару «Leo Hospitality Solutions», «Radisson Individuals», «Trademark Collection by Wyndham» секілді халықаралық тәжірибесі бар беделді компанияларға жүктеледі.

Жекеменшік банктер де бұл кешенді басқаруға серіктес ретінде қатысу ниетін білдірді. Мемлекет басшысы қызмет көрсету салаларының кеңеюі мен заманауи нысандардың көбеюі халықтың әл-ауқатын арттыратынын атап өтті.

Қонақ үйлер мейрамхана, конференция залы және демалыс орындарымен үйлестіріле салынғандықтан, қызмет көрсету ауқымы кеңейеді. Мұнда жоғары деңгейдегі іс-шаралар мен ірі халықаралық конференциялар өткізуге де мүмкіндік бар.

Кешенде 540 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына шамамен 55 мың туристке қызмет көрсету көзделген. Бұл орын жергілікті және шетелдік туристер үшін тағы бір маңызды нүктеге, ал Ташкент өңірінің туризмін дамытуға қосымша серпінге айналады. Сонымен қатар кешен құрылысының нәтижесінде оның маңындағы елді мекендердің инфрақұрылымы да жақсарып, тұрғындардың тұрмыс деңгейі жоғарылады.

Мемлекет басшысы қызмет түрлерін арттырып, сапасын жақсарту, жергілікті және шетелдік туристерді тарту мәселелеріне ерекше назар аударды. Осындай көп қызметті кешендерді басқа аймақтарда да кеңінен енгізудің маңыздылығы айтылды.