Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің делегациялары мен оның тұрақты жұмыс істейтін органдарының басшыларымен қатар, бақылаушы және серіктес елдердің жетекшілері, мәртебелі қонақтар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш және басқа да халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Өз сөзінде Өзбекстан Президенті ашықтық пен көпжақты серіктестік рухына толық жауап беретін «ШЫҰ плюс» форматы сенімді диалог үшін барған сайын маңызды алаңға айналып бара жатқанын атап өтті.
Бұл саммит ХХ ғасырдың ең үлкен қасіреті – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толған кезеңде өтіп жатқанының символикалық мәні бар екені айтылды.
Өзбекстан басшысы қарама-қайшылықтардың артып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, қақтығыстарды тоқтатуға, сенімді қалпына келтіруге, бейбіт өмір сүруге және халықаралық құқық нормаларын құрметтеуге шақырды.
Осы орайда, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған жаһандық басқару бастамасы қолдау тапты.
Өзбекстан Президенті Газа секторындағы жағдайдың күрделеніп, гуманитарлық ахуалдың нашарлап бара жатқанын атап өтіп, Палестина–Израиль мәселесін «екі халық үшін екі мемлекет» қағидаты негізінде әділ шешу ғана Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтатуы мүмкін екенін айтты.
ШЫҰ аясындағы серіктестік пен тәжірибелік ынтымақтастық үшін зор әлеует бар екені айтылып, Мемлекет басшысы көпқырлы өзара іс-қимылды дамытудағы өзекті міндеттерге тоқталды.
Әсіресе, ШЫҰ елдерінің тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігерді күшейту маңызды екені, бұл климаттың өзгеруі, энергетикалық және азық-түлік тапшылығы, көші-қон дағдарыстары, кибершабуылдар және басқа да жаңа қатерлер жағдайында ерекше мәнге ие екені атап өтілді.
Президентіміз Ташкент қаласында ШЫҰ Аймақтық антитеррорлық құрылымы негізінде Қауіпсіздікке қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес жөніндегі әмбебап орталықтың, сондай-ақ Душанбе қаласында Есірткіге қарсы күрес орталығының іске қосылғанын құптады.
Сонымен бірге, қауіпсіздік мәселелері бойынша «ШЫҰ плюс» форматындағы алғашқы диалогты келесі жылы елімізде өткізу ұсынылды.
– Ауғанстандағы жағдайды ескерместен және халықаралық қауымдастықтың ауған үкіметімен сындарлы диалог орнатпай тұрып, аймағымызда тұрақтылықты қамтамасыз ету мүмкін емес, – деді Өзбекстан басшысы.
Осыған байланысты бұл елмен ынтымақтастық орнату және оны ШЫҰ жобаларына тарту бойынша прагматикалық тәсілдерді әзірлеу қажеттігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы ШЫҰ аясындағы сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті түбегейлі кеңейтуді басым міндет ретінде көрсетті.
Кедергілерді жою және стандарттарды жақындастыру, электронды сауда алаңдарын дамыту, өнеркәсіптік кооперация мен инновацияларды қолдау үшін күш-жігерді біріктірудің маңызы айтылды.
Бизнеске тиімді диалог алаңын құру мақсатында жыл сайын «ШЫҰ ИНВЕСТ» инвестициялық форумын өткізу және оның алғашқы басқосуын келесі жылы Өзбекстанда ұйымдастыру бастамасы ұсынылды.
Өңірлік көлік интеграциясы мен өзара байланыс мәселесіне тоқтала отырып, аймақты жаһандық дәліздермен сенімді байланыстыратын тиімді көлік бағыттарын құру Орталық Азия үшін өмірлік маңызға ие екені айтылды.
«Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржолының салынуы және болашақта Трансауған дәлізімен байланыстырылуы ШЫҰ кеңістігінде бірыңғай көлік желісін қалыптастыруға қызмет етеді.
Мемлекет басшысы ғылым, технология және инновациялар саласында серіктестікті белсенді ілгерілетудің маңызын да атап өтті.
– ШЫҰ елдері жасанды интеллект, үлкен деректер базасы, робототехника, биоинженерия, баламалы энергетика секілді озық бағыттарда серпіліс жасауға қабілетті зор ғылыми-техникалық әлеуетке ие, – деді Президентіміз.
Жаңа идеяларды ілгерілету және озық шешімдерді дайындау үшін ШЫҰ-ның инновациялық-технологиялық хабтар желісін құру нақты қадам ретінде ұсынылды.
Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Өзбекстан басшысы «ШЫҰ отбасының» мәдени алуан түрлілігі мен құндылықтарын дәріптеуге бағытталған Ұлы Жібек жолы мәдени диалогын құру бастамасын көтерді. Қатысушы елдердің делегацияларын Самарқандта өтетін ЮНЕСКО Бас конференциясының іс-шараларына белсенді қатысуға шақырды.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы «ШЫҰ плюс» форматындағы бұл саммиттің нәтижелері тұрақтылықты нығайтуға, көпқырлы әріптестікті кеңейтуге және барлық елдердің жүйелі дамуына қызмет ететініне сенім білдірді.