Кейінгі жеті жылда студенттерді қабылдау көлемі 4,5 есеге өсіп, жастардың жоғары біліммен қамтылуы 42 пайызға жетті. Алайда кадрлар даярлау жүйесі әлі де нақты сұранысқа сай келмейді.
Мәселен, Жызақтағы «BYD» зауытында 100 бос жұмыс орны бар. Соның төрттен бірі — робототехника, бояу технологиясы және роботтарды бағдарламалау салаларындағы инженерлерге тиесілі. Зауыт толық қуатта жұмыс істей бастағанда, білікті кадрларға сұраныс одан әрі артады.
Жоғары оқу орындарында даярланып жатқан мамандықтар мен жұмыс берушілердің талаптары арасында үлкен алшақтық бар. Соның салдарынан көптеген кәсіпорындар дайын мамандарды шетелден тартуға мәжбүр. Әрбір студентті оқыту үшін мемлекет жылына 25-30 миллион сум қаражат жұмсайды. Соған қарамастан, төрт жыл уақытын оқуға арнаған жастардың жартысынан көбі өз саласына қатысы жоқ жұмыстарға орналасуда.
Соңғы жылдары 40 жоғары оқу орнына қаржылық дербестік берілгеннен кейін экономика, құқық, медицина, шет тілдері және педагогика бағытындағы ЖОО-лар өз қаржысын қалыптастыра бастады. Бірақ ауыл шаруашылығы, ветеринария, инженерия, нақты және жаратылыстану ғылымдары жастар үшін тартымдылығы төмен күйінде қалып отыр.
Салалық байланыстарды арттыру мақсатында 25 инженерлік ЖОО серіктес кәсіпорындарда 438 кафедра ашты. Мысалы, мұнай-газ саласында білім мен өндірісті біріктіретін кластерлер құрылды. Нәтижесінде, Бұхара техникалық университетінің 2 мыңнан астам түлегі өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру 10 есеге артқан.
Жақын жылдары елде 83 миллиард долларлық ірі жобалар іске қосылады. Осы жобалар арқылы өнеркәсіп саласында ғана 500 мыңға жуық маманға сұраныс пайда болады.
Мәселен, Бұхара облысында ауқымды газ-химия кешені салынып жатыр. Сондай-ақ, шетелдік компаниялармен бірлесіп, Үстіртте ірі жобалар қолға алынуда.
Осы өзгерістер жоғары білім беруді нақты салалар талаптарына сай бейімдеуді, кадрлар даярлау сапасын және жастарды жұмыспен қамту аясын кеңейтуді талап етеді.
Жиналыста Мемлекет басшысы осы бағытта жаңа бастамаларды мәлімдеді.
Енді құны 1 миллион доллардан асатын және 50-ден астам жұмысшыны қажет ететін жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесінде қандай салалар мен бағыттарда маман қажет екені нақты көрсетіледі. Осы негізде салалық министрлік пен кәсіпорын жоғары оқу орнына тапсырыс беріп, мақсатты кадр даярлау жүйеге енгізіледі.
Осы жағдайда ректорлар тапсырыс негізінде білім алатын студенттерге негізгі пәндермен қатар қосымша білім модульдерін де оқытуды ұйымдастырады. Бұл модульдер үшін студенттерге кредит баллдары беріледі.
Студенттердің білім деңгейі екінші курстан кейін оларды жұмысқа қабылдайтын инвесторлар қатысуымен жыл сайын бағаланады. Диплом жұмысы нақты жобадағы мәселелер негізінде қорғалады. Қысқаша айтқанда, инвестор талабына сай түлектер кепілді түрде жұмысқа алынатын болады.
Жұмыс қатынастарында жеке сектор үшін тиімді жүйе жасалып жатыр. Енді оқу бітірген түлекті жұмысқа алғаны үшін кәсіпкерлерге арнайы рейтингте қосымша балл беріледі. ЖОО оларды бос жұмыс орны бар кәсіпорындарға бағыттайды.
Жиналыста ректорлардың өкілеттігі мен жауапкершілігін арттыру мәселесі де қаралды. Осы мақсатта «Жаңа Өзбекстан» университетінің бағалау жүйесі басқа оқу орындарына да енгізіледі.
Бағалау жүйесі мынадай баллдық шкала негізінде жүргізіледі. Онда түлектердің жұмыспен қамтылуына қарай – 40 балл, ғылыми зерттеулерге салалық тапсырыс пен өнім сатуына – 30 балл, ғылыми әлеуеті мен халықаралық журналдардағы мақалалары үшін – 20 балл, тартылған жергілікті және шетелдік гранттар үшін – 10 баллға дейін берілмек. Осы баллдарға сәйкес қаржыландыру жүйесі енгізіледі.
«Жаңа Өзбекстан» университетінде «Ректорлар мектебі» бағдарламасы арқылы ректорлар мен проректорларға үміткерлер мақсатты түрде даярланады.
Бұдан былай барлық жоғары оқу орындары ұйымдастырушылық және академиялық жағынан дербес болады. Мәселен, ректорлар өз орынбасарларын өзі тағайындайды, белгіленген шектеу аясында профессор-оқытушылар мен басқару қызметкерлерін бөледі. Сондай-ақ, ректорларға «супер-келісімшарт» мөлшерін саралап белгілеу құқығы беріледі.
Жауапты азаматтарға осы жаңалықты әділетті әрі жүйелі түрде жолға қою тапсырылды
Мемлекет басшысы тағы бір маңызды бастаманы алға тартты.
Талапкерлер жоғары оқу орындарын таңдауда берілетін мүмкіндік кеңейтіледі. Қазір талапкерлер 5 жоғару оқу орнын таңдай алады. Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік болды.
Бұдан былай, егер талапкер бірде-бір таңдаған оқу орнына түсе алмаса, бірақ жинаған баллы басқа ЖОО-ның бос қалған бағытына сәйкес келсе, оны шартты негізде қабылдау мүмкіндігі енгізіледі.
Жиналыста жастарды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, биылғы 92 мың түлектің болашақ қызметін қолдау шаралары айқындалды.
Олардың ішінде, 20 мыңы магистратура немесе екінші мамандық арқылы қамтылмақ. Тағы 20 мыңы Еңбек министрлігі арқылы тәжірибе талап етпейтін жұмыстарға орналастырылады.
Әрбір облыста «бизнес инкубаторлар» ұйымдастырып, кәсіпкерлік, маркетинг, дизайн және IT салаларында 10 мың түлекті жұмысқа тарту мүмкіндігі айтылды.
Сондай-ақ, химия, энергетика, геология, автокөлік өнеркәсібі, металлургия, тоқыма, электротехника, құрылыс, көлік және логистика сияқты экономика салаларында, сонымен қатар әлеуметтік бағыттарда жастарды жұмыспен қамту мүмкіндіктері көрсетілді.
Коммерциялық банктер арқылы 20 мың оқу бітірген түлекке бизнес бастау үшін қолдау көрсету жоспарланған. Осы мақсатта Ұлттық банк пен «Алоқа банкке» биыл 300 миллион доллар бөлінді.
Банктер бұл жеңілдетілген несие ресурсының бір бөлігін түлектерді жұмысқа қабылдаған кәсіпорындарға да беруді ұсынды. Мұндай кәсіпкерлерге 5 миллиард сумға дейін 18 пайыздық несие беріледі. Жаңа жүйе тек биылғы түлектерге емес, оқуын бітіргеніне 3 жыл болмаған жастарға да қатысты болады.
Ұйымдаспаған жастарға ерекше көңіл бөліп, оларды пайдалы істерге тарту маңызды екені атап өтілді. Олар үшін кәсіптік және тіл үйірмелері, спорт жарыстары, әскери-патриоттық шараларға қатысу міндеттері жүктелді.
Жиналыс соңында сала жетекшілері, ректорлар мен кәсіпкерлер өз пікірлерін білдірді.











