Жасанды интеллект пен топырақ ылғалдылығы сенсорларына негізделген
технология Кокимбо аумағындағы шағын және орта фермерлерге климаттың
өзгеруі салдарына қарсы күресуге көмектесу үшін жасалған.
Жергілікті El Maipo
басылымының хабарлауынша, «Өнімділікті
арттыруға арналған ақылды ауыл шаруашылығы» жобасы ақылды сенсорларды,
автоматтандыру жүйелерін және жасанды интеллектті пайдаланады. Әзірленген жүйе
топырақтың ылғалдылығын өлшеп, өсімдікке су қажет болған жағдайда ғана суаруды
автоматты түрде іске қосады. Бұл суды тиімсіз пайдалануды азайтып, қолжетімді
жабдықтардың көмегімен су ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді.
— Біз аумақтағы шағын және орта фермерлерге жасанды интеллект пен сенсорлық жүйелерге
негізделген автоматтандырылған суару арқылы құрғақшылықтың салдарын еңсеруге
көмектесетін қолжетімді технологиялық шешім ұсынуға ұмтыламыз, — деді жоба
жетекшісі, Ла Серена университетінің зерттеушісі Умберто Фариас.
Кокимбо аумағының губернаторы Кристобаль Хулиа топырақтың ылғалдылығын өлшеу үшін
микроконтроллерлер мен жасанды интеллект қолданылып жатқанын айтты. Оның
сөзінше, бұл су ресурстарын әлдеқайда тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында бұл технологиялар ауыл шаруашылығы мектептеріне де енгізіліп
жатыр. Мақсат – ауылдық жерлердегі оқушыларды заманауи инновациялармен
таныстыру.
Эльки аңғарындағы ауыл шаруашылығы мектебінің директоры Сесилия Диас студенттердің жүйелермен тәжірибе жүзінде
жұмыс істеп, оларды құрастырып әрі бөлшектей алатынын атап өтті. Оның айтуынша,
бұл түлектерге еңбек базарында өндірісте жоғары сұранысқа
ие дағдылармен шығуға мүмкіндік береді.
Ла Серена университеті осы технологияны алдағы уақытта басқа білім беру
ұйымдары мен ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында кеңінен енгізуді жоспарлап
отыр. Бұл климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын ұтымды басқаруға елеулі
үлес қосады, деп хабарлады Kazinform.