Өзбекстанда ашықтық пен күшті инвестициялық саясаттың нәтижесінде экономика тұрақты түрде өсіп келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 6,5 пайызға өсіп, 115 миллиард долларды құрады. Шетелдік инвестициялар 1,6 есеге артып, 35 миллиард доллардан асты. Құны 10 миллиард долларды құрайтын 242 ірі және орта жобалар іске қосылды. Экспорт көлемі алғаш рет 27 миллиард долларды құрады.
Өткен жылы тау-кен, мұнай-газ, химия, ауыл шаруашылығы салаларындағы инвестициялар екі есеге өсті. 50 ауданға 100 миллион доллардан астам инвестиция тартылды.
Жиналыс барысында саладағы баяу өсу мәселелері жан-жақты талданды.
Тоқыма өнеркәсібі, «Узтрансгаз», «Узметкомбинат», «Узсувтаъминот» жүйелерінде инвестициялар көрсеткіштері төмендеген. Экология, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық технологиялар, Көлік, Құрылыс, Денсаулық сақтау, Спорт, Мәдениет, Жоғары білім, Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрліктерінің әкелген инвестициялары мен гранттары әлеуетке сәйкес келмейді.
Кейбір аудан әкімдері инвестициялар мен экспорт мәселесін өз күйінше тастап қойғаны көрсетілді. Мысалы, Беруний, Қараөзек, Қоңырат, Пешку, Янгиобод, Қамаши, Хонка, Шавот, Ромитан, Дехқонобод, Миришкор, Чироқчи, Нарпай, Нурабуд және Гулистан аудандары мен Ахангаран қаласы әкімдеріне сөгіс жарияланды. Қызметінде олқылықты кемшіліктер болғаны үшін Сырдария облысының әкімі Акмалжон Махмудалиев қызметінен босатылды.
Жиын барысында инвестиция тарту және экспортты арттыру жөніндегі биылғы негізгі міндеттер анықталды.
Алдымен, бұл мәселе өңірлер бойынша қарастырылды. 27 ауданға инвестиция көлемі 200 миллион доллардан асатыны есептелген. Дегенмен, 10 ауданның жоспарланған көлемі 40 миллион долларғада жетпейді. Осы аудандарда жаңа жобалар дайындалып, инвестицияларды көбейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Қаржылардың тиімділігіне ерекше назар аударылды. Мысалы, соңғы жеті жылда енгізілген 120 миллиард доллар инвестиция нәтижесінде 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмысын бастады. Зерттеу нәтижесінде, әр 1 мың доллар инвестиция арқылы орташа есеппен 530 долларлық қосымша құн жасап отыр. Бұл көрсеткіш тау-кен өнеркәсібінде 700 долларды құрайды.
Дегенмен, мұнай-газ, металлургия және құрылыс материалдары салаларында инвестициялар тиімділігі салыстырмалы түрде төмен. Өңірлерден Сырдария, Бұхара және Қарақалпақстанда осындай жағдай байқалған.
Жаңа ашылған 92 кәсіпорында жабдықтар пайдаланылмай жатқандықтан, несиелердің қайтарымы кешеуілдеуде. 105 кәсіпкер әкелген жабдықтар кеден қоймаларында тұрғаны айтылды.
Президент инвестицияның тиімділігін арттыру өңірлер мен салалар басшыларының басты міндеті болуы тиіс екенін атап өтті.
– Бұл экономикамыздың өсуіне үлкен серпін береді. Кепілдендірілген сатып алулар арқылы көптеген жаңа жұмыс орындары ашылады, валюта үнемделеді және басқа да салалар дамиды. Мұны әкімдер жақсы түсініп, әрбір жобамен «жақыннан танысып», жұмысты тиімді ұйымдастыруы қажет, – деді Шавкат Мирзиёев.
Кәсіпкерлердің қатысуымен жәрмеңкелер өткізіп, жаңа өнімдерді игеру, ірі инвестициялық жобаларда жергілікті өнімдер үлесін арттыру бойынша нұсқаулар берілді.
Республикада кәсіпкерлердің саны артып, халықаралық деңгейде таныла бастады. Алдыңғы қатарлы кәсіпорындар шетелден тікелей инвестициялар тартуды бастады. Оны қолдау мақсатында Президент Жарлығымен, Сауда-өнеркәсіп палатасында кәсіпкерлерге сыртқы қаржы нарықтарына шығуға көмек көрсету орталығы құрылды. Енді осы орталықты пайдаланып, көбірек кәсіпкерлер шетелден қаржы тартуды үйренетін болады.
Биыл халықаралық қаржы институттары арқылы 5 миллиард 200 миллион доллар көлемінде жобалар жоспарланған. Оларды уақтылы жүзеге асыру үшін Премьер-Министрдің басшылығымен төтенше штаб құрылатын болады.
Еуропа Қайта құру және даму банкімен 1 миллиард 100 миллион доллар, Ислам даму банкімен 1 миллиард доллар көлеміндегі жобалар көзделген. Жауапты азаматтарға осы банктермен мемлекет кепілдігінсіз жобаларды көбейту, қаржы тартуда кәсіпкерлерге көмек көрсету тапсырылды.
Инвестицияның тиімділігінің көрсеткіштерінің бірі – экспорт. Мысалы, еркін экономикалық аймақтардағы кәсіпорындар тартқан инвестициялар арқылы жеңілдіктер алып отыр. Бұл өндіріс шығындарын төмендетуге және экспортқа шығуға көмектесуі керек.
Өткен жылы 22 еркін экономикалық аймақтағы 589 кәсіпорын 42 триллион сумдық өнім өндірді. Алайда, өнімнің тек 18 пайызы ғана сыртқы нарықтарға сатылды, 372 кәсіпорын мүлде экспорт жасамады.
Осы себепті, енді тек экспортқа бағытталған еркін экономикалық аймақтар ұйымдастырылуы қажет. Онда шетелдік брендтермен жоғары сапалы, сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өнімдер шығарылады. Олардың алғашқысы тоқыма саласына арналып, ол Наманган облысында бөлінетін 30 гектар аумақта құрылатын болады.
Тағы бір жаңа тәсіл – өткен жылы 12 технопарк шетелдік компаниялар басқаруына берілді. Қазіргі таңда оларға 2,5 миллиард долларлық 27 жоба орналастырылған. Бұл тәжірибені кеңейтіп, шетелдік компаниялардың қатысуымен тағы бірнеше технопарк ұйымдастыру ұсынылды.
Биыл экспортты 30 миллиард доллардан асыру жоспарланып отыр. Мысалы, республикада шикізаты бар тоқыма, электротехника салаларында экспортты 2-3 есеге арттыру мүмкіндігі бар.
Осы себепті осы екі саланы дамыту, экспортқа бағытталған кәсіпорындарды жан-жақты қолдау шаралары қабылданады.
Атап айтқанда, экспорттаушыларды айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін арнайы факторинг ұйымы құрылып, оған 100 миллион доллар бөлінеді. Кәсіпорындарды халықаралық сертификат талаптарына сәйкестендіру шығындарының 20 мың долларына дейінгі бөлігі өтеледі. Дамыту және зерттеу орталықтары үшін әкелінетін зертхана жабдықтары кеден бажынан босатылады. Халықаралық маркетплейстер арқылы жергілікті өнімдерді насихаттауға 2 миллион доллар бөлінеді.
Жауаптыларға сыртқы нарықтағы мүмкіндіктерді талдап, үш жылдық экспорт стратегиясын әзірлеу тапсырылды.
Мақта өндірісі мен өңдеуде де қосымша нарық механизмдері енгізіледі. Осы жылдан бастап, кластерлер мақтаның сұранысы мен бағасын биржаға ұсынатын болады, ал фермерлер өзіне қолайлысын таңдап, фьючерс келісімшартын жасайды. Жеңілдікті кредит алмай, өзіне тиісті мақтаны өндіруші фермерлерге биржада сатылған мақтаның 10 пайызы көлемінде субсидия беріледі. Жеңілдікті кредитті 31 желтоқсанға дейін толық қайтарған фермерлерге несиенің 4 пайызы қайтарылатын болады.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші тұрғындар өздері тұратын ауылдық округ банктерінің клиенті болмақ.
Жиын соңында Мемлекет басшысы әлемде инвестиция мен нарықтарға қатысты бәсекелестік өте жоғары екенін тағы да атап өтіп, жауаптыларға еңбекқорлық пен нәтижелілікті арттыруды талап етті. Бұл салада бақылау мен тексеру қатаң болатыны айтылды.
Премьер-Министрге биылғы 42 миллиард долларлық шетелдік инвестиция көлемі бойынша ай сайынғы жоспар бекітіліп, орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Жиналыс барысында министрлер, сала басшылары және әкімдердің ақпараты тыңдалды.