Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық кеңес отырысы өтті

    5 наурыз күні Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық кеңес отырысына қатысты. Жиында елде жемқорлықсыз орта қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар бағаланып, алдағы міндеттер айқындалды.

    Мемлекет басшысы өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың реформалар жолындағы ең үлкен кедергі екенін атап өтті.

    Соңғы жылдары бұл дертпен күресу үшін бірқатар заңдар қабылданып, жаңа жүйе құрылды. Парламент палаталарында арнайы комитеттер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық кеңес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі құрылды.

    Ең бастысы, қоғамда жемқорлық мәселесін ашық талқылайтын жүйе жасалды. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарының бұл реттегі орны мен әсері артып отыр .

    Ең әуелі, жемқорлықтың негізіне қарсы күрес жүріп жатыр. Мысалы, жер телімдерін әкімдердің шешімімен бөлу тәжірибесі жойылып, аукцион жүйесі енгізілді. «Шаффоф қурилиш» бағдарламасы құрылыс саласындағы әділ бәсекелестікті арттырды.

    Мемлекеттік сатып алу туралы заң қабылданып, тендерлер цифрландырылды, нәтижесінде 14 трлн сум үнемделді.

    Бүгінге келіп, барлық банктерде 100 млн сумға дейінгі тұтынушылық несиелер 5 минут ішінде онлайн түрде беріле бастады. Нәтижесінде бұған дейін жұмыс істеп келген мыңдаған банкирлер енді махаллаға еніп, адамдарға жоба, кредит ұсынып, клиент көбейтіп отыр.

    Мектепке дейінгі және орта білім саласында 10-нан астам қызмет толығымен электрондық форматқа ауыстырылды. Бұл жаңашылдықтың нәтижесінде аталған саладағы өтініштер саны 2,5 есеге азайды.

    Жоғары білім беру жүйесі де цифрландырылды. Бұрын талапкерлер алдымен жоғары оқу орнын таңдап, кейін тест тапсырса, енді тест нәтижесіне сәйкес университетті таңдау жүйесі енгізілді. 35 түрлі құжатты адам факторы араласпай алу мүмкіндігі жасалғандықтан, саладағы өтініштер саны 2,2 есеге азайды.

    Жол қозғалысы қауіпсіздігі инспекторы «боди-камера» арқылы қызмет атқаратыны, көлік нөмірлерінің аукционда сатылатыны және қағаз түріндегі хаттамалардың жойылғаны жемқорлық факторларын күрт азайтты.

    Халық пен кәсіпкерлерге «халық қызметіндегі мемлекет» қағидаты негізінде қызмет көрсету жолға қойылды. 120 түрлі құжатты талап ету тәртібі жойылып, 160-тан астам лицензия мен рұқсат қағаздары алынып тасталды. Нәтижесінде 200 мыңға жуық жаңа кәсіпкерлер нарыққа шықты. Шетелдік қатысы бар кәсіпорындар саны 5 есеге өсіп, 23 мыңға жетті.

    Электрондық мемлекеттік қызметтер саны 15 есеге артып, 721-ге жетті. Электрондық қызметтерді пайдаланушылар саны 11 миллионнан асты.

    Ең маңыздысы, бұл өзгерістер халықтың, кәсіпкерлердің, шетелдік серіктестер мен халықаралық ұйымдардың реформаларға деген сенімін арттырды. Соңғы 7 жылда 120 миллиард доллардан астам инвестиция тартылып, экономика 2 есеге өсіп, өткен жылы 115 миллиард долларға жетті.

    Президент жемқорлыққа қарсы күрес үздіксіз процесс екенін айтып, осы бағыттағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттерді көрсетті.


    Құқық қорғау органдары негізінен жемқорлықты анықтау және жазалау жұмыстарымен айналысып, ал оның түп-тамырын жоятын алдын алу шараларына жеткілікті мән берілмей жатқаны атап өтілді.

    Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жұмыс әдістері өзгертіледі. Пилоттық жоба ретінде Денсаулық сақтау, Құрылыс, Су шаруашылығы министрліктері, «Нефтегаз» және «Сувтаъминот» компанияларының комплаенс бақылауы агенттікке беріледі.

    Сонымен қатар, агенттік аудан деңгейіне дейін түсіп, тұрмыстық және жүйелік жемқорлық факторларын терең зерттейді. Талдау нәтижелері негізінде нақты шараларды әзірлеп, Ұлттық кеңеске ұсынады.

    Жемқорлық қылмыстарының 75 пайызы аудан және махалла деңгейінде тұрмыстық жемқорлық түрінде орын алуда. Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік кеңестердің құрамы толықтай жаңартылып, олардың басшылығына облыстық халық депутаттары кеңестерінің төрағалары бекітіледі.

    Өңірлік кеңестер жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оларды жою үшін заңнаманы өзгерту, жазаны қатаңдату мәселелері бойынша Ұлттық кеңеске ұсыныстар енгізеді.

    Сегіз жыл бұрын өңірлерді кешенді дамыту мақсатында секторлық жүйе енгізілген болатын. Бұл жүйе әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге ықпал етті. Соңғы жылдары өңірлердің әлеуеті артты.

    Сондықтар енді прокурорлар, ішкі істер және салық басқармалары басшыларының секторлық жұмыстармен айналыспайтыны белгіленді. Олардың негізгі міндеті құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күресті күшейту болады.

    Мемлекеттік сатып алуларда жемқорлықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы мақсатта Эксперттік комиссия құрылады. Озық тәжірибе негізінде мемлекеттік сатып алуларда тауарлардың орташа нарықтық бағалары көрінетін электрондық платформа жасалады. Бұл жүйеде мемлекеттік сатып алулар кезінде тауарлар мен қызметтердің бағасы орташа нарықтық құннан 20 пайыздан аспауы тиіс. Осы талапты бұзғандар заң аясында жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейтін болады.

    Мемлекеттік бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен негізгі қорларды сатып алу талаптары да күшейтіледі. Мемлекеттік органдардың сатып алуларында ел ішінде өндірілген көлік пен жиһазға басымдық берілуі қажет. Ірі жобалар жоғары деңгейдегі жемқорлыққа қарсы стандарттар негізінде бағаланатын болады.

    Жемқорлықтың алдын алу мемлекеттік қызметке кәсіби және адал мамандарды іріктеу, сондай-ақ оларды «адалдық вакцинасымен» қамтамасыз етуден басталады. Осыған байланысты қызметке қабылдау тәртібі мен әдістерін жетілдіру бойынша тапсырмалар берілді.

    Мемлекеттік қызметкерлердің кірістерін декларациялау туралы заң қажеттілігі атап өтіліп, оның жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылатыны белгіленді.

    Таза ойлы, жемқорлыққа төзімсіз жаңа ұрпақты тәрбиелеу мақсатында білім беру мекемелерінде адалдық идеяларын сіңіру, олардың бастамаларын қолдау маңызды екені көрсетілді.

    Мемлекет басшысы өз сөзінде халыққа үндеу жасап, жемқорлыққа қарсы күрес – бұл ұлттық міндет, әрбір отаншыл азаматтың ар-ождан ісі екенін атап өтті.

    – Егер бәріміз бір күш болып әрекет етсек, сөзсіз үлкен оң нәтижеге қол жеткіземіз. Сондықтан махалла белсенділері, ардагерлер, зиялылар, жазушылар мен ақындар, өнер және мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер, танымал тұлғалар, басшылар, депутаттар мен сенаторлар – жалпы бүкіл қоғам бірігіп, жемқорлыққа «қоғам денесіндегі қатерлі ісік» ретінде қарауы керек, – деді Шавкат Мирзиёев.

    Жиында парламент және үкімет мүшелері, сондай-ақ қоғам өкілдерімен сұхбат жүргізілді.

    Жалпы, алғаш рет осындай форматта өткен жиын жемқорлыққа қарсы мықты саяси ерікті көрсетті. Мемлекет басшысы 55 нақты мақсатқа бағытталған бастаманы ұсынды.

    Осы бастамалар аясында 5 заң, 12 жарлық және қаулы әзірленеді. Жемқорлыққа қарсы күресте парламент, Ұлттық және өңірлік кеңестер, азаматтық қоғам институттарының рөлі артады.

    Жемқорлыққа қарсы күрестің құқықтық негіздері күшейтіледі. Декларациялау, заңсыз байлыққа ие болуға қатысты жаңа ережелер енгізу арқылы жемқорлық факторларының жолы кесіледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен ұйымдардағы ішкі бақылау құрылымдарының қызметі күшейтіледі.

    Тұрмыстық жемқорлыққа қарсы күрес бойынша министрлік пен мекеме басшыларының жауапкершілігі артады. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын халық бағалайтын жүйе енгізіліп, ең нашар көрсеткішке ие салалардың басшыларына қатысты шаралар қабылданады.

    Бақылау инспекцияларының тәуелсіздігі артады. Ірі инвестициялық жобалар мен аукциондарда жемқорлықтың алдын алатын механизмдер енгізіледі.

    Мемлекеттік сатып алулар ретке келтіріліп, тікелей сатып алулар шектеледі, осылайша бюджет қаражатының үнемделуі қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қаржының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмейді.

    Секторлардан босатылған күш пен ресурстар қылмысқа қарсы күреске жұмсалып, қоғамдағы тұрақтылық пен халықтың қанағаттану деңгейі артады. Заңсыз тексерулерге прокурорлық бақылау күшейтіліп, өңірлерде бизнес пен инвестициялық ахуал жақсарады.

    Қол жеткізілген нәтижелер халықаралық рейтингтерде еліміздің позициясын жақсартады. Бұл 2027 жылы БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы (UNCAC) конференциясын Өзбекстанда өткізу туралы шешімнің қабылдануына негіз болады.

    Ең бастысы, халықтың, әсіресе жастардың құқықтық санасы көтеріліп, қоғамда жемқорлыққа қарсы күреске қатыстылық сезімі қалыптасады.

    No date selected
    April 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates