Отанға деген махаббат бізге сергектік, батылдық пен табандылық береді

    Адам күнделікті кәсібіне байланысты істі тыныс алу секілді табиғи үдеріс деп қабылдайды. Сол сияқты, журналист те әрдайым ой-пікір айтуға, оны өзгелерге жеткізуге қажеттілік сезінеді. Сондықтан мақала жазу – оның тыныс алуындай қалыпты нәрсе.

    Алайда журналист не жазып жатқаны туралы терең ойланса, бірден сергек бола қалады. Себебі сөздің шексіз құдіретін қаншалықты пайдаланып жатқанын немесе пайдалана алмай жатқанын аңғарады. Бұл тұрғыда бүгінгі жаһандық идеологиялық күрес кезеңінде журналистика ең қажетті қорғаныс қамалы болып отыр.

    Президентіміз Шавкат Мирзияев баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне арнаған құттықтауында: “Қазіргі аса күрделі әрі тұрақсыз әлемде әлеуметтік-саяси үдерістер ерекше жылдамдықпен өзгеріп жатқанын бәріміз сезіп, түсініп отырмыз. Мұндай жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарының орны мен әсері бұрынғыдан да маңызды болып отыр”, – деп атап өтті. Шынында да журналистердің шекарадағы Отан қорғаушыларымен салыстырылуы таңқаларлық емес.

    Соңғы жылдары еліміз шын мәнінде жаңару жолына түсті. Жаңа редакциядағы Конституцияға сәйкес, Өзбекстан – әлеуметтік мемлекет екені бекітілді. Бұрынғы “мемлекет – қоғам – адам” парадигмасы “адам – қоғам – мемлекет” қағидатына өзгертілді. Жалпы алғанда, “Адам қадірі үшін” идеясы негізінде әрбір салада терең өзгерістер орын алды. Шындығында, тарихи тұрғыда өте қысқа мерзім – 7-8 жылдың ішінде халқымыздың өмірін жақсартуға, мемлекеттік тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған мұндай реформаларды толықтай тізіп шығу қиын. Солардың ішінде қоғамда ашықтық пен сөз еркіндігіне кең жол ашылғаны, БАҚ өкілдері, блогерлер мен белсенділер қоғамдық бақылаудың маңызды буынына айналғаны ерекше атап өтуге тұрарлық.

    Қазір бұдан да биік белестерге ұмтылып жатырмыз. Бұл жолда баспасөздің орнын ештеңемен салыстырып, толтыра алмаймыз. Қысқаша айтқанда, даму, өзгеріс жолында қоғам тұтас бір Отан, бір халық ретінде алға ұмтылуы тиіс. Мұндай бірлік сөз арқылы, яғни баспасөз арқылы қалыптасады.

    Шынында да, сөздің құдіреті мен ақпараттың күші артып келе жатқан тұста, интернет пен әлеуметтік желілердің ауқымы кеңейіп жатыр. Бұл өз кезегінде әр мемлекет пен қоғам үшін қорғаныс рефлексін, яғни ұлттық контентті дамыту қажеттілігін туындатады.

    Осыған байланысты, Президентіміздің бастамасымен бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Атап айтқанда, Президент қаулысына сәйкес, Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігі жанынан Балалар контентін дамыту орталығы құрылды. Қазіргі кезде бұл орталық жергілікті шығармашылық иелеріне ұлттық контенттер жасау бойынша тапсырыстар беріп, кадрлар даярлау ісін ұйымдастырып отыр.

    Алайда бір нәрсені ұмытпауымыз қажет: ұлттық контент жасау немесе интернеттегі өзбек сегментін сапалы контентпен толықтыру бір ғана орталықтың жұмысы емес. Бұл – бірлігіміз, ынтымағымыз, тыныштығымыз және тұрақты болашағымызбен тығыз байланысты міндет. Ұлттық контентті дамыту – баршамыздың, Отанын шын жүректен сүйетін әрбір азаматтың борышы. Әсіресе, бұл сала БАҚ өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктейді.

    Өзбек журналистикасының бір өкілі ретінде, бүгінгі күні саланың алдында тұрған осындай маңызды міндеттерді саралай отырып, алда әлі де атқарылатын істердің көп екенін түсінеміз. Осындай бір сәтте еңбегіміз жоғары бағаланып, 27 июнь – Баспасөз және БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Президентіміздің жарлығымен “Өзбекстан Республикасына еңбегі сіңген журналист” құрметті атағына лайық деп танылғаным үшін шын жүректен алғыс білдіре отырып, бұл болашақтағы жұмысымызға үлкен жауапкершілік артатынын терең түсінеміз.

    Жаңа Өзбекстандағы алғашқы өзгерістер халықтың өтініштерін қараудан басталған еді. Бұл үдеріс тікелей баспасөз еркіндігін талап етті. Елімізде екі бағытқа да тең көңіл бөлінді. Бүгінгі өзбек баспасөзі ашықтық пен еркіндік жағынан бұрынғысынан мүлде өзгеше.

    Президентіміз құттықтауында атап өткендей: “Соңғы жылдары біз ұлы ата-бабаларымыз бастаған тағылымды дәстүрді жалғастырып, демократиялық қоғамның маңызды шарты мен қағидасы болып табылатын БАҚ-ты жүйелі түрде дамытуға басымдық беріп келеміз”.

    Шынында да, ата-бабаларымыз бізге шыншылдықты, жалғандыққа төзбеушілікті, зеректікпен халық мүддесін қорғауды, бір сөзбен айтқанда, отансүйгіштік қасиетті мұра етіп қалдырған. Бүгінгі журналист солардан үлгі алуы қажет. Көріп отырмыз, жасанды интеллект бізге ыңғайлылықпен қатар жалған ақпарат таратуда да кең қолданылып жатыр.

    Бұрын көзбен көріп, құлақпен естіген ақпарат қана сенімді саналып келетін. Қазіргі технологиялар бұл түсінікті толықтай өзгертті. Енді көзбен көрсеңіз де, құлақпен естісеңіз де, ақпаратты тексеріп, шындық екенін білген соң ғана өзгелермен бөлісу қажет. Егер бұған мән бермесеңіз, жалған ақпараттың құрбаны болып, халық пен Отан мүддесіне қайшы келетін ақпаратты таратуыңыз әбден мүмкін. Иә, қазіргі кезең журналистика алдына осындай аса маңызды мәселелерді қойып отыр.

    Осы себепті Президентіміз: “Бүгінде баспасөздің, журналистердің жұмысы тек “төртінші билік” қана емес, қорғаныс пен қауіпсіздік секілді шешуші салаға айналуда. Бұл өз кезегінде дәл сіздердей батыл, Отанды шын жүректен сүйетін, кәсібіне адал, жанқияр адамдардың санын көбейтуді талап етеді”, – деп атап өткен болатын.

    Ашығын айту керек, бүгін ұлттық журналистика бұл міндетті абыроймен атқаруда. Себебі елімізде баспасөзді жан-жақты қолдап, заманауи талаптарға сай дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Азаматтардың ақпарат саласындағы конституциялық құқықтарын, сөз және баспасөз еркіндігін қамтамасыз ету бағытында маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар, біз – журналистердің еңбегі жоғары бағаланып, лайықты құрметке ие болып отырмыз.

    Сондай-ақ шығармашылық ұжымдарды қолдау, саланың материалдық-техникалық базасы мен кадр әлеуетін нығайту – Жаңа Өзбекстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қаралуда. Осыған жауап ретінде бүгін шығармашылық ұжымдар үнемі ізденісте болып, заманда қатар қадам басуға ұмтылуда.

    Мұны “Янги Ўзбекистон” газетінің мысалында айтсақ. Бүгінде медиа кеңістігімізге озық жобалар мен технологиялар кеңінен енгізілуде. Нәтижесінде біз медиаконвергенцияға қол жеткізіп отырмыз. Мысалы, бүгін газетіміздің ресми веб-сайты, Telegram, YouTube және Facebook әлеуметтік желілерінде парақшалары бар.

    Сонымен қатар, газет мақалаларын арнайы QR-код арқылы қарақалпақ тілінде де ұсынуды енгіздік. Газеттің электрондық нұсқалары да оқырмандарға қолжетімді етілуде. Яғни біз оқырман қайда болса, сол жерге дейін өз өнімімізбен жетуге тырысып жатырмыз.

    Бұдан бөлек, барынша заманауи технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін де тиімді пайдаланудамыз. Себебі журналистика әрқашан қоғамнан бір қадам алда болуды талап етеді. Осы тұрғыда ұлттық журналистикамыздың ізденістер арқылы дамып келе жатқаны қуантады. Енді бұл межені одан да биік деңгейге көтеріп, жасанды интеллекті де соңымыздан ерте алатындай мықты маман, белсенді азаматтық ұстанымы бар болуымыз керек. Бүгінде мұның бәріне барлық жағдай жасалған.

    Өйткені Жаңа Өзбекстанда жүріп жатқан реформалар нәтижесінде қоғамда ашықтық пен жариялылықты дамытуда БАҚ-қа ерекше көңіл бөлінді. Соның арқасында мемлекеттік мекемелер мен олардың лауазымды тұлғаларының қызметіне қоғамдық бақылау орнатуда, азаматтардың заңды өтініштерін зерттеу мен шешуде ұлттық баспасөзіміз маңызды орынға ие болды.

    Бұл жаңғыру үдерісінде тікелей мемлекет басшысының өзі тұрғаны бәріміздің жүрегімізде үлкен мақтаныш сезімін оятады. Сонымен қатар, зор жауапкершілік жүктейді. Иә, Жаңа Өзбекстан – биік межелерге бағыт алған керуен. Ұлттық баспасөзіміз болса – сол керуенге өзгелерді адаспай ерте алатын ескерту қоңырауына айналып келеді. Осындай сапта болу, ел мен халыққа қызмет ету – шын мәнінде мәртебе. Осы мәртебелі міндетімізді атқару барысында әр сәтте үлкен жауапкершілікті сезінеміз.


    Салим Донияров,

    Өзбекстан Республикасына еңбегі сіңген журналист.

    No date selected
    December 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates