Сұхбат басында ФИФА президенті Өзбекстан басшысын және халықты тарихи оқиға – ұлттық құрама командамыздың 2026 жылы АҚШ-та өтетін футболдан Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алуымен тағы да құттықтады. Бұл лайықты жеңіс елімізде жүргізіліп жатқан нәтижелі реформалардың, спортты дамытуға бөлініп отырған назар мен жан-жақты қолдаудың нақты жемісі екені атап өтілді.
Кездесуде Өзбекстанның беделді халықаралық ұйыммен, ең алдымен, футболды ұйымдастыру және басқару жүйесін жетілдіру, жас таланттарды қолдау, бапкерлерді, төрешілерді, менеджерлерді, спорт дәрігерлерін және техникалық мамандарды халықаралық деңгейде даярлау бағытындағы нәтижелі ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланды.
Футболды, ең алдымен жастар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған бірлескен бағдарламаларды іске асыруда тығыз әріптестік жолға қойылғаны айтылды.
ФИФА-ның техникалық қолдауымен заманауи Ұлттық футбол орталығы, соның ішінде инновациялық шешімдерді енгізген цифрлық футбол бойынша ситуациялық орталық құрылды.
Өткен жылы елімізде футзалдан Әлем чемпионаты табысты өтті.
Өзбекстанда ФИФА-ның ірі жарыстары мен іс-шараларын ұйымдастыруға айрықша мән берілді.
Ташкент қаласында ФИФА-ның Орталық Азия елдері үшін өңірлік кеңсесін ашу жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Кездесу соңында Өзбекстан Президенті өзбек футболын дамытуға және оны халықаралық деңгейде ілгерілетуге қосқан жеке үлесі үшін ФИФА басшысы Джанни Инфантиноға еліміздің жоғары наградасы – «Достық» орденін табыс етті.