Өзбекстан Президенті Жаһандық экологиялық қор директорымен кездесті

    Бакуде өтіп жатқан COP29 шаралары аясында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Жаһандық экологиялық қор (ЖЭҚ) директоры және төрағасы Карлос Родригеспен кездесті.

    Кездесу барысында қормен Өзбекстанда климат тұрақтылығын және экожүйелерді қорғау бағытындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды.

    ЖЭҚ-тің Өзбекстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау, табиғи ресурстарды басқару, климат өзгерістеріне бейімделу жобаларын іске асырудағы маңызды үлесі жоғары бағаланды. Бірлескен жобалар портфелі 100 миллион доллардан асып түскен.

    Ауа сапасын мониторингтеу бойынша аймақтық желі құру, көгалдандыру мен экотуризмді дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру, жоғалып бара жатқан жануар түрлерін сақтау, сондай-ақ Арал өңірін қайта қалпына келтіру мәселелеріне айрықша назар аударылды.

    Келесі жылы Өзбекстанда ірі халықаралық шаралар, оның ішінде Жаһандық экологиялық қор донорларының кездесуін өткізу жөнінде де пікір алмасылды.