Әңгіме барысында Өзбекстан–АҚШ стратегиялық серіктестік қатынастарын одан әрі нығайту және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сұхбат басында АҚШ Президенті кейінгі жылдары Жаңа Өзбекстанда экономиканы жаңғырту және халық әл-ауқатын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан артқа қайтпайтын реформаларды жоғары бағалап, қолдау білдірді.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Президент Дональд Трампты АҚШ әкімшілігінің жүргізіп жатқан ішкі және сыртқы саясаттағы ірі жетістіктерімен құттықтап, Американың халықаралық және аймақтық дағдарыстарды бейбіт жолмен шешу, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосып келе жатқан үлесін айырықша атап өтті.
Екі ел арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты дамытуға айрықша назар аударылды.
Басым салаларда бизнес кооперация жобаларын ілгерілету және сауда айналымын айтарлықтай ұлғайту мәселелері қаралды.
Айта кету керек, кейінгі жылдары екіжақты сауда көрсеткіштері тұрақты өсіп келе жатыр. 2024 жылы тауар айналымы 15 пайызға артты.
Ынтымақтастық жобаларының перспективалық портфелі азаматтық авиация, стратегиялық минералдық ресурстар, электротехника өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, қаржы, инновациялар, білім беру және өзге де көптеген бағыттарды қамтиды.
Осы айда АҚШ-тың жетекші компаниялары және ұйымдарымен ұзақ мерзімді әріптестік орнату мақсатында бірқатар екіжақты кездесулер мен келіссөздер өткізу жоспарланғаны атап өтілді.
Сонымен бірге қауіпсіздік саласында, ең алдымен терроризм, экстремизм және заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша тиімді ынтымақтастық жолға қойылған.
Мәдени-гуманитарлық алмасулар да кеңейіп келеді. Ташкентте АҚШ-тың беделді жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп жатыр.
Келесі жылы АҚШ-та өтетін футболдан әлем чемпионатында Өзбекстан ұлттық құрамасының алғаш рет қатысатыны зор қуанышпен айтылды. АҚШ Президенті командамызға шынайы сәттілік тіледі.
Телефон арқылы сөйлесу барысында Мемлекет басшылары халықаралық өзекті мәселелер, соның ішінде Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы «C5+1» өңірлік әріптестігін тереңдету жайы да талқыланды.
Мемлекет басшысы Дональд Трампты өзіне ыңғайлы уақытта Өзбекстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Жобалар мен бағдарламаларды ілгерілету үшін жоғары деңгейдегі байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев пен АҚШ Президенті Дональд Трамптың телефон арқылы сұхбаты ашық, конструктивті және достық рухта өтті.