– Біз реформалардың алғашқы күндерінен бастап адамдық қадір-қасиетті ардақтауды ең жоғары құндылық деп білдік. Жаңартылған Конституциямызда Өзбекстанның құқықтық мемлекет екенін мөрмен бекіттік. Біздің жалғыз мақсатымыз – әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету арқылы халқымыздың көңілінен шығу, – деді Мемлекет басшысы.
Ол үшін уәкілетті құрылымдарға барлық жағдай жасалып жатыр. Соңғы екі жылда құқық қорғау қызметі туралы 10 заң, Президенттің 40-қа жуық жарлығы мен шешімі, 60-тан астам үкімет шешімі қабылданды. Құқық қорғау органдарының, әсіресе ішкі істер органдарының қызметкерлерінің айлық жалақылары күрт көтеріліп, көптеген жеңілдіктер жасалды. «Махалладағы бестік» үшін 30 мыңнан астам жаңа штаттар енгізілді. Өйткені халықтың тыныштығын қамтамасыз етуді махалладан бастау керек.
Бірақ соңғы 6 айда махаллада 12 мыңға жуық алдын алуға болатын қылмыс жасалған. 9500-ге жуық ауданның 1500-інде криминогендік жағдай қалыптасқан.
Бас прокурордың бірінші орынбасары, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі орынбасар қылмысты ауыздықтаудағы және халықпен жұмыс жасаудағы салғырттығы үшін қызметінен босатылды.
«Сергели», «Янгихайот», «Шайхонтохур», «Гиждувон», «Когон», «Тупраққала», «Тахтакөпір», «Тамды», «Яккабог», «Алтинсой», «Зафарабад», «Бойовут», «Гүлістан», «Мингбулок», «Алтинкул» аудандарының ішкі істер бөлімінің басшылары, Әндіжан, Бандихан, Буваида, Нарпай, Юнусабад аудандарының прокурорлары өз қызметтерінен босатылды.
Нөкіс қаласының «Алтын жағыс» ықшам ауданында қылмыс жолына түсу ықтималдығы жоғары тұрғындармен жұмыс жасаудың жаңа жүйесі енгізілді. Оған сәйкес, осы санатқа жататын халық «әлеуметтік профилактика» қағидаты бойынша «махалла бестігіне» атаумен бекітілген. Бірақ республика бойынша бұл жүйені енгізу нашар ұйымдастырылған.
Енді махаллада қылмысты ауыздықтаудың жаңа тәртібіне көшу туралы шешім қабылданды. «Әлеуметтік профилактика» бойынша махалланың лауазымды тұлғалардың міндеттері мен әдістемесін әзірлеуге тапсырма берілді.
Облыс-аудан- махалла жағдайында әлеуметтік және криминогендік проблемаларды цифрландыру арқылы «Әлеуметтік жағдай» ақпараттық жүйесін, сондай-ақ «112» жедел нөмірі мен диспетчерлік жүйені іске қосу міндеті қойылды.
Қылмыскерлердің әрбір үштен бірін жастар құрайтыны өкінішпен атап өтілді. Сондықтан ұйымдаспаған жастармен жұмысты біртұтас көзқарас негізінде қолға алу мақсатында Мемлекеттік күзет қызметі бастығының басшылығымен Ведомствоаралық кеңес құрылатын болды. Бұл кеңес жастармен жұмыс істеудің мақсатты бағдарламаларын жүзеге асырады.
Сондай-ақ отбасындағы жанжалдар мен әйелдер қылмысына да назар аударылды. Әлеуметтік-тұрмыстық проблемалары бар отбасылармен жұмыс жасау мемлекеттік органдардың бірінші міндеті болуы керектігі баса айтылды. Осы мақсатта Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі құрылды. Енді өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға көмек көрсету үшін «әлеуметтік қызмет көрсету ісі» ашылады. «Қауіпсіз отбасы» қағидаты негізінде жеке жұмыс жүйесі құрылады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа әдістерін әзірлеу, тәртіп сақшыларының білімі мен дүниетанымын арттыру жөнінде тапсырма берілді.
Халықтың жол қауіпсіздігі жағдайына түбегейлі наразы екендігі көрсетілді.
Мәселен, соңғы жарты жылда 4000-ға жуық жол апаты орын алып, 873 адам қаза тауып, 3500-ден астам адам жарақат алған.
Жол-көлік оқиғаларының 48 пайызы жол инфрақұрылымының кемшіліктерінен болған. Жаяу жүргіншілер үшін қажетті жағдай жасалмағандықтан биыл олардың қатысуымен 1859 оқиға орын алып, 334 жаяу жүргінші көз жұмған.
Мемлекет басшысы осыған байланысты тәртіпті нығайту жөнінде бастамалар көтерді. «Жол қозғалысы қауіпсіздігі – қоғамның бақылауында» қағидаты негізінде жылына екі реттен кем емес халық арасында сауалнама жүргізілетін болады. «Автожол» және жол қауіпсіздігіне жауапты басшылар жарты жылда бір рет парламент пен жалпы жұртшылық алдында есеп береді.
Енді жолдағы дислокация деген ұғымнан бас тартып, махалланы қамтитын жол-патрульдік қызметтің барлық қызметкерлеріне жауапкершілік аймағы белгіленетін болады.
Жиында тәртіп сақшысы деген атауға кір келтіріп жүрген кейбір басшылардың қызметі сөз болды. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға беру тапсырылды.
Талқыланған мәселелер бойынша құқық қорғау органдарының басшылары мен облыс әкімдері ақпарат берді.