Өзбекстанда ауыл шаруашылығының көптеген салалары бар және үлкен әлеуетке ие. Соңғы жылдары мақта шаруашылығы, көкөніс-бақша шаруашылығы, жылыжай, қайта өңдеу өнеркәсібі сияқты бағыттар тиімділік тұрғысынан реформалануда.
Республикадағы 136 ауданында 1 миллион гектардан астам жерге мақта өсіріледі. Өнімділікті арттыру мақсатында биыл әдеттегіден 42 перспективалы және 18 шетелдік сорттар егілген, Атап айтқанда, алғаш рет Қытай, Үндістан және Түркиядан әкелінген сорттар шамамен 100 мың гектарда өсірілуде.
Сонымен қатар, жаңа тәжірибелер аясында 112 мың гектарға суланған тұқым себіліп, 200 мың гектарға ауданаралық және өңіраралық сорттар алмастырылып егілді.
Жауапты тұлғалар осы жаңалықтардың нәтижелері және келесі жылы бұл тәжірибені кеңейту жоспарлары туралы баяндады. Мемлекет басшысы тұқымдарды шетелден әкелуде бәсекелестік ортаны қалыптастыру және мақта өсіру агротехникасын одан әрі дамыту қажеттілігін атап өтті.
Ауыл шаруашылығындағы өнімділік, ең алдымен, тұқымға байланысты. Алайда көптеген фермерлер тұқым үшін үстемақы аз төлеуді ойлап, төмен сапалы тұқымдарды пайдаланып жатыр. Жаңа сортты сынақтан өткізіп, мемлекеттік реестрге енгізу үшін 5 жылға дейін уақыт кетеді. Озық тәжірибеде алғашқы тұқым шаруашылығын жеке элиталық шаруашылықтар жүзеге асырады.
Сол себепті сорттарды сынаудың жаңа жүйесі енгізілетін болды. оған сәйкес, 31 элиталық тұқым шаруашылығы мен 6 тұқым дайындау зауытындағы мемлекеттік үлес жаппай саудаға шығарылады. Сондай-ақ 46 тұқым шаруашылығы біріктіріліп, өңірлерде 13 заманауи кәсіпорын құрылады. Жаңа тұқымдар 2 жыл ішінде егілетін болады.
Саладағы тағы бір ірі бағыт — бақша шаруашылығы мен жүзім шаруашылығы. Республикада 266 мың гектар бақ және 132 мың гектар жүзім алқабы бар. Шындап келгенде біздің табиғи мүмкіндіктеріміз бұдан да көп өнімділік алуға қауқарлы. Қолданылмай тұрған жерлер мен бос жатқан таулы аймақтар көп.
Енді бұл жерлерде жеміс бақтары, соның ішінде жүзім мен алма бақтарын құрудың жаңа жүйесі енгізіледі.
Агроөнеркәсіпті дамыту агенттігі өңірлердің мамандануын және топырақ-климаттық жағдайларын ескере отырып, жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейді. Жерді дайындау, көшеттерді алу, егу, суару жүйелерін орнату және бақ жеміс бергенге дейін 3 жыл бойы күтіп-баптау үшін жеңілдетілген несиелер беріледі. Жаңадан құрылған индустриялық бақтарға 100 пайыз заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіледі.
Сонымен қатар, жер бөлудің жаңа жүйесі де енгізіледі. Жергілікті әкімдер өнімділігі төмен жерлердің орнын бақшға айналдыру туралы ұсыныс енгізеді, және бұл жерлер ашық электрондық конкурс негізінде 30 жылға дейінгі мерзімге жалға беріледі.
Президент бақша және жүзім алқаптарын индустриялық түрде құрудың маңыздылығын атап өтті.
– Біздің басты мақсатымыз — ауыл шаруашылығын ғылыми негізделген, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) озық тәжірибесін қолдана отырып дамыту, – деді Шавкат Мирзиёев.
Тұсаукесерде жылыжай шаруашылықтарын тиімді пайдалану, оларды электр энергиясы, табиғи газ және айналым қаражатымен қамтамасыз ету мәселелері де қаралды.
Бүгінгі күні суды үнемдеу маңызды мәселе. Өңірлерде 732 мың гектар мақта және бидай алқаптары ішкі сорғы агрегаттары арқылы суарылады. Олардың 41 пайызында энергия тұтыну деңгейі жоғары.
Осыған байланысты мақта және бидай өндірушілерге сорғыларды жаңарту үшін бір реттік субсидиялар бөлу ұсынылды. Осы арқылы электр қуатын тұтынуды және суару уақытын 60 пайызға дейін қысқартуға, нәтижесінде өнімнің өзіндік құнын төмендетуге қол жеткізуге болады.
Мемлекет басшысы осы ұсыныстарды мақұлдап, оларды жетілдіру бойынша қосымша тапсырмалар берді.