Бостандықта суы мол, жері құнарлы. Соған сүйене отырып, туризм мен аграрлық сала үйлесімді дамытылуда. Атап айтқанда, «Чимён» махалласында 3 мың гектар аумақта таңқурай, қарақат, құлпынай және жаңғақ сияқты жеміс түрлерін өсіру қолға алынған.

Жобаның жалпы құны 60 миллион АҚШ долларынан асады. Бұл қаражат есебінен бақтар құрылып, жеміс өңдеу кәсіпорындары мен үлкен көлемді қоймалар салынады.

Қазіргі таңда 50 гектар жерге экспортқа бағытталған таңқурай мен құлпынайдың шетелдік сұрыптары отырғызылған. Бақша толықтай тамшылатып суарылады. Әр гектар таңқурайдан 400 миллион сумға дейін, ал құлпынайдан 500 миллион сумға дейін табыс әкеледі.

Жоба толық жүзеге асқаннан кейін жылына шамамен 24 мың тонна өнім өндіріледі. Оның басым бөлігі – жаңғақ пен жидектер экспортқа жіберіледі. Ең маңыздысы – бұл бақтарда 12 мыңнан астам адам жұмыс істейтін болады.

Мемлекет басшысы жобаны қолдап, ендігі кезекте қайта өңдеу саласын дамыту қажет екенін атап өтті. Ол үшін сорт таңдаудан бастап, өнімді өңдеу, жинау және сұрыптау процестеріне дейін заманауи тәсілдерді қолдану қажеттігін айтты. Бұл өз кезегінде өнім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспортта да маңызды орын алуға мүмкіндік береді. Бақ көгеріп, оның айналасында кәсіпорындар мен түрлі қызмет түрлері көбейген сайын жергілікті халық алысқа бармай-ақ осында жұмыс істейді. Қосымша табыс көзі пайда болып, өңір экономикасы дамиды.

Президент сондай-ақ басқа адырлар мен жайылымдардың әлеуетін зерттеп, осындай табысты бақтарды ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берді.

– Бұл бақта жерге деген құрмет пен адал еңбектің нәтижесі көрініп тұр. Нәтижесі – ең алдымен табыс, халқымызға пайда. Бұл көрсеткіштер дәстүрлі дақылдарға қарағанда бірнеше есе жоғары. Сондықтан мұндай өнімдерді өсіруді көп адамдарға үйретіп, олардың табысын арттыру қажет, – деді Шавкат Мирзиёев.