Шараға дайындық ұзаққа созылып, оған дәрігерлердің де, науқастардың да пікірі сұралды.
Барлығы 25 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 8 мыңнан астамы жекеге қатысты болып, олар сол жердің өзінде шешімін табуда. 17 мыңы жүйеге қатысты мәселелер.
Мемлекет басшысы өз сөзінде оларды қорытындылап, маңызды 7 бағытты атап өтті. Бірінші бағыт – алғашқы медициналық-санитарлық қызметті халыққа жақындату, екінші – жедел медициналық көмекті дамыту, үшінші – медицина мекемелерінің жағдайын жақсарту, төртінші – сала өкілдерін материалдық ынталандыру, бесінші – ауруханаларды білікті мамандармен қамтамасыз ету, алтыншы – қоғамда салауатты тұрмыс мәдениетін арттыру, жетінші – аурудың алдын алуға бағытталған.
Президент осы бағыттардың әрқайсысына кеңінен тоқталып, тың бастамаларды алға тартты.
Мәселен, шағымдардың 55 пайызы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелеріне қатысты. Сондықтан жергілікті емханалар желісі одан әрі кеңейетіні айтылды.
Атап айтқанда, 2 мыңнан астам шалғай елді мекенде медициналық орталықтар құрылады. «Ауыл дәрiгерi» бағдарламасы одан әрi жетiлдiрiлiп, шалғайда жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге айына 2 миллион сум қосымша жалақы төленiп, тұрғын үй алуға көмек беріледі. Мұндай мекендерде қатарынан үш жыл жұмыс істеген дәрігер клиникалық ординатураға емтихансыз қабылданады. Зейнеткер тәжірибелі дәрігерлерге өз үйінде немесе жалға алынған ғимаратта емдеуіне рұқсат етіледі.
Екінші бағыт бойынша жедел медициналық көмек көрсету сапасын арттыру, оны халыққа жақындату мақсатында арнайы бағдарлама қабылданады. Бірінші кезекте «103» жедел жәрдем қызметі республикалық, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі бірыңғай басқару жүйесіне біріктіріледі. Жедел жәрдем қызметі округ немесе облыс шекарасында емес, науқастың аралық жақындығына қарай көрсетіледі. 2022-2025 жылдары жедел жәрдем жүйесіндегі ескірген көліктердің барлығы заманауи көліктерге ауыстырылады.
Соңғы бес жылда 2 мыңға жуық медициналық нысан салынып, күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыс жалғасын тауып, 1100 денсаулық сақтау нысанындағы жағдай жақсартылады. Бастауыш деңгейден бастап медицинаның барлық саласын цифрландыру бағдарламасы қабылданады. Екі жыл ішінде барлық медициналық мекемелер жаңа компьютерлермен жабдықталады. Қағазбастылық азайып, заманауи үлгі мен жабдықтарда жұмыс істеу басталады.
Төртінші бағыт бойынша медицина қызметкерлерін қолдау шаралары белгіленді. Осы жылдың 1 маусымынан бастап медицина қызметкерлерінің айлық жалақысы біліктілік санатына қарай 15 пайызға өседі. Жоғары технологиялық күрделі операцияларды жасайтын дәрігерлерге тағы 25 пайыз жалақы төленеді. Барлық медициналық қызметкерлер үшін бастапқы және мерзімдік кәсіби медициналық тексерулер тегін болады.
Саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету де өзекті мәселе. Жүйедегі дәрігерлердің 45 пайызының, медбикелердің 40 пайызының біліктілік санаты жоқ. Көптеген мекемелерде мамандар жетіспейді.
Сондықтан 2022-2023 оқу жылынан бастап өңірлердегі дәрігерлерге деген нақты қажеттілікті ескере отырып, мемлекеттік грант негізінде медициналық жоғары оқу орындарына түсу квоталары мақсатты түрде ұлғайтылатын болады. Медициналық жоғары оқу орындарында алты айлық мамандандырылған курстар ұйымдастырылып, өңірлерде отбасылық дәрігерлерді қажетті мамандықтар бойынша мақсатты оқыту жолға қойылады. Барлық медициналық колледждер мен техникумдар жоғары оқу орындарына бекітіледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша адам денсаулығы 19 пайыз сыртқы ортаға, 20 пайыз генетикалық факторларға, 9 пайыз денсаулық сақтауды ұйымдастыру және 52 пайызы өмір салтына байланысты. Сондықтан алтыншы бағыт қоғамда салауатты өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Биылдан бастап медициналық бригадалар, отбасылық дәрігер пункті мен емханалардың қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесі енгізіледі. Оң нәтижеге қол жеткізген медицина қызметкерлері «Халық денсаулық сақшысы» төсбелгісімен марапатталады.
Жетінші бағыт бойынша аурудың алдын алу міндеттері белгіленді. Осы мақсатта медициналық жүйені «қаржыны тікелей науқасқа жұмсау» қағидаты бойынша қаржыландыру жүзеге асырылады. Жыл соңына дейін Сырдария ауданында, ал алдағы жылдары барлық өңірлерде медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Медицина саласында бірыңғай медициналық деректер базасы құрылып, медициналық-экономикалық, статистикалық және аналитикалық талдаулар жүргізуге мүмкіндік беретін ұлттық жүйе енгізіледі.
Мемлекет басшысы баяндамасында айтылған әрбір міндеттің нақты қаржы көздері, техникалық шешімдері мен тәжірибелік тетіктері айқындалды.
– Біз халқымыздың денсаулығы үшін бар қаражатымыз бен күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Жеке мен үшін халқымыздың денсаулығы бәрінен де қымбат. Бірақ салаға бөлінген қаржы дұрыс игеріліп жатыр ма? Осы сұрақ мені көп ойландырады. Сала басшылары әрбір сумды бағалай білуі керек, ал оның нәтижесін халқымыз өз өмірінде сезінуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Ашық диалогта жүйедегі жемқорлықты тоқтату қажеттігі айтылды.
– Дәрігердің үстіндегі киімі ғана емес, ең алдымен, көңілі мен жүрегі де таза болуы керек, – деді Президент.
Кездесуде дәрігерлер сөз сөйлеп, жұмыс кезеңінде кездесетін мәселелері, ұсыныстары және пікірлерімен бөлісті. Президент оларды сарапшылардың қатысуымен талқылап, жауаптыларға тапсырма берді.