Гидрометеорологиялық қызмет орталығының болжамына орай, бүгін, 5 ноябрьде Ташкентте желдің жылдамдығы 5-10 м/с, республиканың басқа аймақтарында 7-12 м/с жетеді.
Сонымен, бұл біздің денсаулығымызға қалай әсер етеді? Одан кімдер және қалай қорғану керек?
– Мұндай жағдайда мүмкіндігінше далада жүрмеу керек, – дейді Республикалық аллергология ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Илмира Разикова. - Әсіресе бронх демікпесі, аллергиялық ринит, аллергиялық конъюнктивит, тамақтың қышынуымен жүретін жөтел, бронхит, бронхтың гиперреактивтілігі және басқа да созылмалы респираторлық аурулары бар адамдарға көшеге шықпау қажет.
Өйткені мұндай ауа құрамында шаңмен бірге, өсімдік тозаңдары,замбұрық споралары өте үлкен концентрацияда болады. Сондықтан аурулары бар адамдар дәрігер кеңесімен аллергияға қарсы дәрі-дәрмектің дозасын асыру керек болады.Сонымен бірге мұрын мен тамақты тұзды сумен шаю, бөлмелерді жабық сақтау, сулы сүлгілерді бөлмеге жаю, үлкен ыдыстарда су салып қою қажет.
Көшеде серуендеу кезінде міндетті түрде медициналық маска киіп, оларды әр екі сағат сайын ауыстырыңыз. Кішкентай балаларға, жүкті әйелдерге және қарт адамдарға да мұндай жағдайда сақ болу ұсынылады.
Сондай-ақ, отандастарымызда ентігу, мұрын бітелу, түшкіру, мұрыннан су ағу, көздің қышуы мен қызаруы, тамақтың қатты қышуы, сыртқы ортадағы шаңның әсерінен қышыну белгілері пайда болса, дереу аллерголог дәрігерге қаралуы керек.
– 3 ноябрьде жедел жәрдем қызметіне жалпы шақыртулар саны 3433-ті құрады, – дейді Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының Ташкент қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Дониёр Бурибаев. – Кеше бұл көрсеткіш 4082-ге жетті. Оның 678-і тікелей ентігуге байланысты. Бұл науқастарға біздің бригада алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейбірі ауруханаға жатқызылды.
Естеріңізге сала кетейік, мұндай ауа райы жағдайында еліміздің тұрғындары «103» қызметіне жүгініп, тәулік бойы сапалы медициналық көмек ала алады.
Сонымен қатар, Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы мен оның 13 филиалы, сондай-ақ аудандық, қалалық бөлімдері қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бақылауы ұйымдастырылған.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің «1003» қысқа нөмерлі Сall-орталығы қызмет көрсетуде.