Энергия тиімділігін арттыру және күзгі-қысқы маусымға дайындық бойынша міндеттер жүктелді

    Билік 10 Iyun 2024 1586

    Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 10 маусым күні энергия ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру және күзгі-қысқы маусымда энергетика саласы нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі шараларға арналған бейнеселекторлы кеңес өтті.

    Энергетика желісін дамыту және оның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, энергия көздері мен генерациялау қуатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сонымен қатар, энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдаланбай, желілер мен өңірлерде, әлеуметтік салада да, экономикалық салада да энергия тиімділігін қамтамасыз етпейінше жүйеде жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес.

    Осыған орай жиында осы мәселелерге ерекше назар аударылды.

    Өткен жылы электр және газды үнемдеу бойынша аудан көлемінде бағдарламалар қабылданды. Тек пәтерлер мен әлеуметтік нысандарға орнатылған күн панелдерінің арқасында 20 миллион киловатт электр энергиясы үнемделуде. Өнеркәсіптік кәсіпорындары да «жасыл энергия» көздерін енгізуде.

    Дегенмен, кейбір өңірлердегі жұмыстың баяу жүруіне байланысты электр энергиясын үнемдеу жоспары толық орындалмай отырғаны айтылды.

    Жаңа әлеуметтік нысандарды жобалауда энергия үнемдеу бойынша қатаң талаптарды енгізу, әкімшілік ғимараттар, көпқабатты үйлер, кәсіпорындар, сауда және қызмет көрсету ғимараттарында энергия тиімділігін арттырудың техникалық шарттарын әзірлеу қажеттігі айтылды.

    Жиында биылғы жылы 1 мың әлеуметтік нысанды күзгі-қысқы маусымға дайындау тапсырылды. Атап айтқанда, 251 аурухана, 292 балабақша, 393 мектеп пен интернатқа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

    Президент желі басшылары мен әкімдердің биылғы жылы электр энергиясы мен газды үнемдеу жөніндегі жоспары көңіл көншітпейтінін, олар бұдан да үлкен мақсатқа жетулері керек екенін айтты.

    Әр әкімге бір ауданды таңдап, жарық пен газды үнемдеуді үлгі ету тапсырылды. Биыл бұл аудандарда 750 миллион киловатт электр энергиясын, 550 миллион текше метр газды үнемдеудің маңыздылығы айтылды.

    – Үнемдеу ысырапты азайту және үнемді технологияларды енгізу есебінен болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

    Бүгінгі жиында бұдан былай озық тәжірибе негізінде салалар мен желілердегі энергия тиімділігін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілетіні анықталды.

    Осыған орай, жылына кемінде 4 миллион киловатт электр қуатын немесе 375 мың текше метр газ тұтынатын ірі тұтынушылар үш жыл сайын энергетика аудитінен өтеді. Энергоинспекция жыл сайын ірі тұтынушылардың тізімін жариялап, тексеруден өтпеген кәсіпорындарға газ бен электр қуатын жоғарылатылған тарифпен береді.

    Шенеуніктерге жыл соңына дейін жаңа жүйеге қатысты техникалық регламенттер мен нормативтік құжаттарды әзірлеу тапсырылды.

    Өзбекстанда соңғы үш жылда электромобильдер саны 10 есе өсіп, 35 мыңға жетті. Жызақта электромобиль шығару жолға қойылуда.

    Осыған байланысты электр жүйесін дамытуда жаңа зарядтау қуаттарын ескеру қажеттілігі көрсетілді.

    Енді электр көлігін үйде зарядтауға ынталандыратын түнгі тариф енгізіледі. Зарядтау жабдығына есептегіш орнатқан тұрғындардан түнде зарядтау үшін төмен тариф алынады.

    Сондай-ақ көшелер мен көпқабатты үйлердің айналасына 22 киловатқа дейін, ал пәтерге 7 киловатқа дейін қуат беретін станция орнатуға болады. Мемлекеттік ұйымдар, сауда орталықтары, қонақ үйлер мен демалыс орындарының көліктұрағына зарядтау станциясы орнатылады.

    Республикадағы 39 мыңға жуық көпқабатты үйлерге 819 басқарушы компания қызмет көрсетеді. Салық жеңілдіктері, арзан несие, ескі қарыздарын «мұздатып» қоюының арқасында олар еңсесін тіктеп келеді. Мәселен, бір жыл бұрын 133 басқарушы компания «ауыр» санатта болса, қазір ондай компания жоқ. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 2100 көпқабатты тұрғын үй жөнделіп, 1 миллионға жуық ағаш пен гүл көшеттері отырғызылды.

    Жиында тұрғындардың тұрғын үйді басқару сапасына барлық жерде де бірдей көңілі толмайтыны айтылды. Көптеген басқарушы компаниялар көше сыпыру және тазалау, тек жөндеу жұмыстарымен шектеліп келеді. Алайда, үйлердің айналасын абаттандыру, шатырын, ішкі және суару желілерін күтіп ұстау сияқты негізгі жұмыстар назардан тыс қалып отыр.

    Жақында басқарушы компаниялардың қызметіне тарифтің ең төменгі мөлшері белгіленді. Енді басқару және пайдалану сапасы да сәйкес болуы керек екендігі көрсетілді.

    Басқарушы компаниялар халық пен коммуналдық ұйым арасында «көпір» болуы керектігі айтылды. Бұдан былай құрылғанына екі жылдан аспаған үйлерде, яғни кепілдік мерзімі ішінде үйлерде ақаулық туындаса, оны мердігермен бірлесіп шешуге жауапты болады деп шешілді.

    Көпқабатты үйлердің сейсмикалық құрылысын заңсыз өзгерту фактілері орын алып жатқаны, жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердегі құрылыстардың шөгуі, жарықтары, тұздануы, сапасына қатысты тұрғындар тарапынан қарсылықтардың бар екені айтылды.

    Жауапты ұйымдарға үйлердің қауіпсіздігі мен инфрақұрылым сапасына қатысты мердігерлердің міндеттемелерін орындауын қатаң бақылауға алып, құрылысты заңсыз өзгерту фактілерін ерте анықтау жүйесін енгізу тапсырылды.

    Биылғы күзгі-қысқы маусымға дайындық барысында әр аудандағы нақты жағдай зерделеніп, аудандарда бағдарлама әзірленді. Дайындық жұмыстарына былтырғы 14 триллион сумға қосымша тағы 14 триллион сум бөлінетін болады.

    Жыл басынан бері облыстарда 250 апатты электр қуаты үзіліп, соның салдарынан кей жерлерде тұтынушыларға электр жарығы тұрақты берілмеді. Сондай-ақ, кейбір көпқабатты үйлердегі электр қораптары мен сымдардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен.

    Жауаптыларға бұл тұрғыдағы кемшіліктерді толығымен жою тапсырылды. Осыған байланысты жұмыстарды ең қиын аудандардан бастап жыл соңына дейін 30 мың шақырым желі мен 10 мың трансформаторды жақсарту міндеті қойылды.

    Кездесуде энергетикалық ресурс базасын нығайту мәселелері де талқыланды.

    Биылғы жылы барлық генерация көздерінен 4 гигаватт электр станциясын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, 850 шақырым магистральдық желі және 9 қосалқы станция, 595 шақырым электр желісін күрделі жөндеуден өткізу және 4 жаңа қосалқы станцияны іске қосу жоспары анықталды.

    Жылу электр стансаларының тұрақты жұмыс істеуі және тұрғындар мен әлеуметтік саланың сұранысын қанағаттандыру үшін биылғы жылы көмір өндіру көлемін одан әрі арттыру қажет екені айтылды. Сондай-ақ, мазут пен көмір екі жылға кедендік баж салығынан босатылады, ал көмір импортына үш жыл мерзімге револьверлік несиелер беріледі.

    Қазан-желтоқсан айларында тұтынушыларға 163 мың тонна сұйытылған газ жеткізілуі тапсырылды. Сондай-ақ облыс әкімдеріне 300-ден астам шалғай елді мекендер үшін көмір, сұйытылған газ және негізгі азық-түлік қорын құру тапсырылды.

    Күзгі-қысқы маусымда тұрғындарды жылу және ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қазандық пен жылу желілерін жақсарту, су желілері мен сорғыларды жөндеу бойынша міндеттер айқындалды.

    Жиын барысында желі және өңір басшыларының есебі тыңдалды.

    No date selected
    September 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates