Өзбекстанда ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, барлық салада қолданылуда. Осының нәтижесінде биылғы жылдың өткен кезеңінде цифрлық қызмет көлемі 21 триллион сумға артып, жыл соңына дейін 43 триллион сумға жетеді деп күтілуде. Салада 367 миллион доллардың қызметі экспортталды. IT-парк резиденттері 577-ге өсіп, 2 мыңнан асты. Оларда жұмыс істейтін жастардың саны 32 мыңға жетті.
Биыл денсаулық сақтау, энергетика, көлік, білім, ауыл және су шаруашылығы, құрылыс сияқты салаларда 100-ден астам цифрландыру жобасы жүзеге асырылуда.
Заман тез өзгеруде. Әлемде кез келген салаға жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар енуде. Осыған орай республикада бірқатар жобалар қолға алынды.
Мәселен, «MyID» және «UzFace» бағдарламалары 70-тен астам ұйым, банк, электронды сауда алаңдары мен төлем жүйелерінде енгізіліп, 10 миллион пайдаланушыны қашықтан биометриялық сәйкестендіру мүмкіндігі жасалған. «Узбеккосмос» жасанды интеллект арқылы жер қойнауын заңсыз пайдалану мен рұқсатсыз құрылыс салудың 43 мыңға жуық фактісін анықтады.
Презентацияда денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, банк ісі, салық және кеден салаларында жасанды интеллект технологияларын дамыту шаралары қарастырылды.
Ең алдымен жасанды интеллекттің құқықтық негізін жасау қажет екені айтылды. Жасанды интеллект енгізу стратегиясы мен жобалардың екі жылдық бағдарламасын әзірлеу міндеті қойылды. Жасанды интеллект технологиялар орталығын ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілді.
Атап айтқанда, банк-қаржы саласында жасанды интеллектті қолдануды кеңейту, осы бағытта кадрларды дайындау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру қажеттігі айтылды.
Бүгінде 4 жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша кадрлар даярлауда. Қазіргі уақытта үлкен деректерді өңдеу және тілдік модельдер бойынша 600 маманға сұраныс бар. Бұл алдағы жылдары екі есеге артады. Осыны ескере отырып, секторлардағы сұранысқа сай мамандарды дайындау маңызды екені сөз болды.
Әлемдегі жетекші IT-компаниялардың барлығы өз қызметін стартаптардан бастаған. Бұл тұрғыда біз де алғашқы қадамдарды жасалып жатыр. Өткен жылы мұндай жобаларға тартылған венчурлық инвестиция көлемі 134 миллион долларды құраған.
Мемлекет басшысы стартап-жобаларды қаржыландыру үшін венчурлық инвестицияларға кең жағдай жасайтын уақыт келгенін айтты. Сондықтан стартап экожүйесін дамыту және венчурлық қаржыландыру тетіктерін енгізу бойынша тапсырмалар берілді.