Президент Ташкент облысының дамуы мен алдағы жоспары бойынша жиын өткізді

    Президент Шавкат Мирзиеев өңірдің экономикалық-әлеуметтік нәтижелерін жан-жақты талдап, қосымша мүмкіндіктерді көрсетті.

    Соңғы жеті жылда Ташкент облысында да үлкен өзгерістер болды. Өңір экономикасы 1,5 есе өсіп, өткен жылы 119 триллион сумдық қосымша құн пайда болды. Кәсіпкерлер саны 16 мыңға артып, 170 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 6 миллиард долларлық 826 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды, 5 миллиард долларлық экспорт жасалды. Соның нәтижесінде кейінгі төрт жылда 70 мың, ал биылдың өзінде 19 мың отбасы кедейліктен шықты.

    Ташкент облысы аудандар мен қалалар саны бойынша республикада бірінші орында. Өңірдегі мемлекеттік мекемелерде 10 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. 1025 махаллада 6123 «махалла жетілігі» бар. Бұл ішкі мүмкіндіктерді пайдаланып, қалалар мен ауылдарды дамытуға, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға жеткілікті күш екенін атап өтілді.

    Мұндай жүйелі зерттеулердің нәтижесінде қосымша 13 миллиард доллар инвестиция, 500 мың жұмыс орны және бюджетке 3,5 триллион сум түсім тарту мүмкіндігі анықталған. Бұл мүмкіндіктерді нақты нәтижеге айналдыру үшін 22 аудан-қаланың әрқайсысы бойынша үкіметтің арнайы шешімдері қабылданатыны айтылды.

    Облыста кәсіпкерлікпен айналысуға құлшыныс күннен-күнге артуда. Ташкент қаласындағы кәсіпорындар да инфрақұрылымның жақындығы, жер мен мүлік салығының төмендігі және жұмыс күшінің арзандығы үшін Ташкент облысынан орын іздеп жатыр. Сондықтан Ташкент, Қыбрай, Зеңгіата, Жоғарғы Шыршық, Орта Шыршық аудандары, Шыршық және Нурафшан қалалары елорда аудандарымен бірдей дамуы керек екені атап өтілді.

    Мәселен, Ташкент ауданында 97 гектарда индустриалды технопарк құрылады. Онда кәсіпкерлер мен банктердің қатысуымен 350 миллион долларлық жоғары қосымша құны бар жобалар орналастырылады. Сондай-ақ ауданда көпқабатты үйлер, жаңа санаторийлер, спорт және ойын-сауық орындарын салу мүмкіндігі бар.

    Ангрен, Алмалық, Ахангаран қалалары, Пискент және Ахангаран аудандары облыстың өнеркәсіптік үлесінің 50 пайызын құрайды. Олар бір-біріне жақын орналасқан және шикізат қорына өте бай. Сондықтан бұл қалалар мен аудандарда өндірісті кооперация мен кластер негізінде ұйымдастыру үшін мүлде жаңа жүйе – «өнеркәсіптік үшбұрыш» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарланғаны айтылды.

    Бұл өңірде 1100 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Жаңа жобалардың арқасында 2-3 жылда олардың саны 1500-ге жетеді. Бұл кооперацияның нәтижесінде көлік шығындары да, өзіндік құны да төмендейді.

    Мәселен, Алмалық комбинаты жылына 9 триллион сумдық өнім сатып алады. Бұл – айналадағы 5 қала мен аудан үшін үлкен мүмкіндік екені айтылды.

    Жалпы, жыл соңына дейін шетелдік инвестициялар көлемін 2 миллиард долларға, экспортты 1,5 миллиард долларға жеткізіп, 661 жобаны аяқтап, 30 мың жаңа жұмыс орнын ашуға болатыны атап өтілді.

    Машина жасау саласындағы сұранысты толық зерттеп, жергілікті өндірісті кеңейту және ірі кәсіпорындармен кооперацияны күшейту бойынша үш жылдық бағдарлама әзірлеу міндеті қойылды.

    Ташкент облысында жер және судан тапшылық жоқ. Алайда, 1 гектардан алынатын орташа кіріс басқа облыстармен салыстырғанда төмен. Соңғы үш жылда облыстағы 21 мың гектар жер егіншілік үшін 57 мың адамға берілген.

    Жеміс-көкөніс экспорты да өткен жылғыдай болмаған. 2200 гектар тиімсіз бақтар мен жүзімдіктер есебінен жылына 10 миллион доллар экспорт көкке ұшып жатыр. Су үнемдеу технологиялары бойынша Ташкент облысы ең соңғы орында.

    Осындай кемшіліктерге байланысты облыс әкімінің ауыл шаруашылығы бойынша орынбасары қызметінен босатылды.

    Бағбаншылықтың жаңа жүйесі бойынша Ахангаран және Бостандық таулы аймақтарында таңқурай мен көкжидек плантациялары, Паркент және Ахангаранда жүзім мен шие бақтары құрылады. Ангренде анар шырыны өндірісі, Ахангаран ауданында алқоры қайта өңдеу жолға қойылады. Биыл Ташкент облысындағы отбасыларға егіншілік пен бау-бақша шаруашылығына қосымша 5 мың гектар жер беріледі.

    Жалпы, облысты бау-бақшада үлгілі аймаққа айналдырып, экспортты 300 миллион долларға жеткізу туралы нұсқау берілді.

    Жиында кедейлікті азайту мәселелері де талқыланды.

    Бүгінгі таңда Ташкент облысында 63 мың кедей отбасы бар. Олардың 190 мың мүшесі еңбекке қабілетті. «Кедейліктен әл-ауқатқа» бағдарламасы аясында келесі жылы облыста 116 мың адамды кедейлік деңгейінен шығару жоспарланған.

    Алайда бұл жеткіліксіз. Мәселен, Ташкент облысы шағын бизнес арқылы халықты жұмыспен қамтуда республикада ең соңғы орында. Облыс өнеркәсібінің небәрі 25 пайызы шағын бизнеске тиесілі. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытып, халыққа табыс көзі болу туралы тапсырмалар берілді.

    Осы мақсатта бір жыл ішінде «Сайхұнабат" тәжірибесі бойынша 27 мың, «Зарбдар» тәжірибесі бойынша 8,5 мың, «Уйчи» тәжірибесі бойынша 39 мың, «Ғиждувон» тәжірибесі бойынша 10 мың кедей тұрғынды жұмыспен қамту міндеті қойылды.

    Шағын кәсіпкерлік жобаларына бөлінетін 1 триллион сум жеңілдетілген несие және 32 миллиард сум субсидиялар арқылы 30 мың адам кәсіпкерлікке тартылады.

    Кейінгі уақытта Ташкент облысынан шетелге арзан жұмысқа кеткендер саны 30 мыңға азайған. Дегенмен әлі 158 мың адам шетелде еңбек етіп жатқаны атап өтілді.

    Енді көші-қон агенттігінің қызметі жетілдіріліп, халықты қауіпсіз әрі жоғары табысты жұмыспен қамтуға жаңа тәсілдер енгізіледі. Шетелде маусымдық жұмыс істеп келген және қайта барғысы келетіндерге жоғары табысты мамандықтар үйретіледі. Мамандық иелері шет тілдеріне оқытылады.

    Тамаша табиғаты мен ыңғайлы инфрақұрылымы бар Ташкент облысында туризм әлеуеті жоғары. Алайда ұсынысқа қарағанда сұраныс көп болғандықтан, бағалар қымбат. Туризм нысандарын көбейтіп, қызметтер көлемін екі есеге арттыру және 10 миллион туристті тарту мүмкіндігі бар екені атап өтілді. Құзырлы органдарға келесі жылға 1,5 миллиард долларлық жобаларды әзірлеу тапсырылды.

    Жиында қыс маусымына дайындық пен энергия тұтыну мәселелері де талқыланды. Ірі кәсіпорындарда энергияны көп тұтынатын жабдықтарды үнемдейтін жабдықтарға ауыстыру, махаллаларды жылумен қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді.

    Ташкент облысы, қала мен аудан әкімдері, салалық басшылар бүгінгі жиналыстан алған қорытындысы мен болашақ жоспарлары туралы ақпарат берді. Мемлекет басшысы халық өкілдерімен жылы жүздесіп, сұхбаттасты.

    No date selected
    December 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates