Осы күндері елордаға 97-ден астам елден келген 386 жас бағдарламашы бас қосады.

Халықаралық информатика олимпиадасы (IOI) – 1989 жылдан бері мектептердің жоғары сынып оқушыларының арасында спорттық бағдарламалау бойынша өткізілетін әлемдегі ең ірі әрі беделді жарыс. Олимпиада жыл сайын 90-нан астам мемлекеттің ең дарынды оқушыларын бірлестіреді.

IOI Бас ассамблеясының қаулысымен Өзбекстан 2023 жылы олимпиаданы өткізу құқығына ие болды. Екі жылдан кейін, 2025 жылы Боливияда өткен олимпиаданың жабылу салтанатында IOI туы салтанатты түрде Өзбекстанға тапсырылып, Ташкент келесі ұйымдастырушы қала мәртебесін ресми түрде иеленді.

Бұл оқиға ұлттық құраманың тарихындағы ерекше жетістікпен тұспа-тұс келді. Дәл осы олимпиадада Өзбекстан құрамасы қола және ел тарихындағы алғашқы күміс медальдарды жеңіп алды.

IOI 2026 олимпиадасына қатысу үшін АҚШ, Қытай, Германия, Сингапур, Корея Республикасы, Жапония және Ұлыбританияны қоса алғанда, 97-ден астам мемлекеттен 386 мектеп оқушысы тіркелді.

Қатысушылармен бірге келетін делегациялар, құрметті қонақтар және халықаралық комитет мүшелерін есептегенде, іс-шараға қатысушылардың жалпы саны 900 адамнан асады.

Сегіз күндік бағдарлама аясында алгоритмдік есептерді шешуге арналған бес сағаттық турлар, семинарлар, воркшоптар және Ташкент қаласының көрікті жерлеріне экскурсиялар ұйымдастырылады.

Олимпиаданы Ташкентте өткізу туралы қаулы IOI комитетінің Өзбекстан ұсынған қонақкәделік өтініш негізінде қабылданды. Өтініште мемлекетте IT саласын және цифрлық білім беруді дамыту, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру, жас таланттарды қолдап-қуаттау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жан-жақты көрсетілген. Өзбекстанның ұйымдастырушы ел ретінде таңдалуы – халықаралық қауымдастықтың осы жұмыстарға берген жоғары бағасының айқын көрінісі болды.

IOI 2026жылғы  олимпиадаға дайындық барысында ұйымдастырушылар бұрынғы қонақкәделік еткен мемлекеттер – Боливия, Венгрия және Мысырдың тәжірибесін терең зерттеп, халықаралық үздік тәжірибелерді жергілікті жағдайға бейімдеп енгізді. Ал 2027 жылы бұл беделді олимпиада Германияда өтеді.

Халықаралық информатика олимпиадасының Ташкент қаласында өтуі – елімізде цифрлық білім беруді дамыту, дарынды жастарды қолдап-қуаттау және заманауи цифрлық экожүйені қалыптастыру жолындағы көпжылдық еңбектің нәтижесі. IOI-ды өткізу құқығының Өзбекстанға берілуі – атқарылып жатқан жұмыстардың халықаралық деңгейде мойындалғанының дәлелі.

Бүгін бұл істердің тиімділігін ұлттық құрама команданың нәтижелері де көрсетіп отыр. Боливияда өткен IOI 2025 олимпиадасында жеңіп алынған қола және ел тарихындағы алғашқы күміс медальдар адам капиталын дамыту, цифрлық білім беру мен жас дарындыларды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясаттың дәйекті нәтижесіне айналды.

IOI 2026 олимпиадасы біз үшін тек елдің халықаралық беделін арттыратын бір реттік шара ғана емес. Бұл – «Цифрлық Өзбекстан – 2030» стратегиясының маңызды бөлігі.

Жастар халықаралық деңгейдегі ең жоғары талаптармен және стандарттармен неғұрлым ерте танысса, жаһандық еңбек базарында бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын қалыптастыру үдерісі соғұрлым жылдам жүреді.

«Тамыз айында Ташкент әлемнің ең дарынды 386 жас бағдарламашысын бір жерге жинайды. Олар Өзбекстанды ашық, биік мақсаттарға ұмтылған және қарқынды дамып келе жатқан технологиялық мемлекет ретінде таниды деп сенемін», – деді Өзбекстан Республикасының Цифрлық технологиялар министрі Шерзод Шерматов.

IOI 2026 олимпиадасында Өзбекстан қабылдаушы мемлекет ретінде екі ұлттық құраманы, яғни ұлттық іріктеуде үздік нәтиже көрсеткен 8 дарынды оқушыны халықаралық додаға шығарады.

Бірінші құрама мүшелері —Жахонгир Шох Авазхонов, Тимур Қадирбергенов, Жахонали Хайдаралиев, Улықбек Рахматуллаев;

Екінші құрама мүшелері — Сардор Салимов, Хумоюн Абдураупов, Улықбек Камалов, Равшан Рахмиддинов.

Олар Президент мектептерінің, Мухаммед әл-Хорезми атындағы мектептің, Вестминстер лицейінің және ТАТУ лицейінің өкілдері.

Ұлттық құраманың даярлығы 2025 жылдың қараша айынан кезең-кезеңімен жүргізілді. Бағдарлама аясында онға жуық оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылып, оған Румыния, Польша және Қазақстаннан тәжірибелі жаттықтырушылар шақырылды.

Сонымен қатар құрама мүшелері Румыния мен Қазақстандағы спорттық бағдарламалау бойынша халықаралық оқу-жаттығу лагерлеріне қатысты.

Дайындық тек техникалық білім мен дағдыларды ғана емес, психологиялық даярлықты да қамтыды. Осы мақсатта 18 жылдық тәжірибесі бар маман тұрақты психологиялық қолдау көрсетті.

Өзбекстан үшін IOI 2026 өткізу – «Цифрлық Өзбекстан – 2030» стратегиясын жүзеге асырудың маңызды бөлігі.

Елде IT инфрақұрылымы жүйелі түрде дамып келеді. IT Park Uzbekistan арқылы сала өкілдеріне салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады.

Сонымен қатар халықтың 60 пайыздан астамын 30 жасқа дейінгі жастар құрайтынын ескере отырып, олардың білім алуына және әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

IOI 2026 Өзбекстанның цифрлық технологиялар мен білім беру саласын жүйелі түрде дамытып отырған мемлекет ретіндегі халықаралық беделін нығайтып, мыңдаған мектеп оқушыларын бағдарламалау, математика және басқа да STEM бағыттарына қызықтырады.

Бұл шара түрлі елдердің жастары мен мамандары арасында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

90-нан астам мемлекеттен қатысушылар мен делегациялардың келуі Өзбекстанның туристік әлеуетін танытуға ықпал етеді. Көптеген қонақтар үшін  Орталық Азиямен алғашқы танысу болмақ.

«Халықаралық информатика олимпиадасында Өзбекстанның атынан қатысу – үлкен мәртебе. Біз бұл жарысқа ұзақ дайындалдық және жеңіс үшін бар күшімізді саламыз. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың елімізбен танысуы,  әлемнің ең үздік оқушыларымен бақ сынауымыз – үлкен қуаныш», – деді Өзбекстан құрамасының мүшесі, IOI-2025 қола медалінің жүлдегері Улықбек Рахматуллаев.

Халықаралық информатика олимпиадасы (IOI) – мектеп оқушылары арасындағы бағдарламалау бойынша ең беделді халықаралық жарыс. Ол 1989 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. 38-Халықаралық информатика олимпиадасы – Өзбекстан қонақкәделік ететін алғашқы олимпиадалардың бірі.

 Өзбекстан Республикасының Цифрлық технологиялар министрлігі, Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігі, IT білім беру, Цифрлық білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырушылары саналады.