Мемлекет басшысы «Хива кластері» тоқыма кәсіпорнының қызметімен танысты

    Билік 29 Fevral 2024 2341

    Президент Шавкат Мирзиёев Хорезм облысына жасаған сапары барысында «Хива кластері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тоқыма кәсіпорнының қызметімен танысты.

    Өзбекстанда шикізатты терең өңдеуге және қосымша құн жасауға ерекше мән берілуде. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп саласында кластерлер арқылы заманауи кәсіпорындар салынып, дайын өнім шығару көлемі кеңейіп келеді.

    «Хива кластері» Хиуа ауданында да осындай фабрика құрды. Озық құрал-жабдықтар Түркия, Германия, Қытайдан әкелінді. Өткен жылдың қараша айында іске қосылған кәсіпорында 500 адам жұмыспен қамтылды.

    Кәсіпорын жылына 7 мың тонна иірілген жіп, 4 мың тонна трикотаж мата, 10 миллион дана тігін және тоқыма бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Ең бастысы, олардың сапасы халықаралық стандарттарға сай. Сондықтан өндірілген өнім толығымен экспортқа шығарылады. Кәсіпорынның жылдық экспорттық әлеуеті 15 миллион доллар шамасында.

    Мемлекет басшысы мұндағы өндіріс барысын аралап көрді, тігінші қыз-келіншектермен әңгімелесті.

    Экономика салаларындағы бүгінгі тенденцияға сүйене отырып, бұл кәсіпорын энергия тиімділігіне де көңіл бөледі. Мысалы, күз-қыс айларында бөлмелер өндіріс процесінде өндірілген ыстық су арқылы жылытылады. Нәтижесінде табиғи газдың көп мөлшері үнемделеді. Кешеннің шатырларына жалпы қуаты 60 кВт күн батареялары да орнатылған. Осыған байланысты өнімнің өзіндік құны бәсекелестерге қарағанда төмен.

    Шетелдік серіктестердің сұранысы негізінде кәсіпорында сапаны бақылау және кәсіптік оқыту орталығы құрылған. Қалдықтарды қайта өңдеу және пайдалану да жолға қойылған.

    Тоқыма кластері өткен жылы 20 мың тоннаға жуық мақта шикізатын өндірді. Оның ішінде 1545 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілген.

    Жалпы, 2018-2023 жылдары кластер бойынша 105 миллион доллардың жобалары жүзеге асырылып, жылдық экспорттық қуаты 50 миллион долларды құраған. Кластерде 800-ден астам қыз-жігіттер еңбек етуде. Атап айтқанда, басқа да кәсіпорындармен бірлесіп, май, сабын, жұмыртқа, сүт өнімдері, аяқ киім сынды 20-ға жуық тауар өндірілуде.

    Мемлекет басшысы осы кластерлік жүйенің перспективалық жоспарларымен де танысты. Атап айтқанда, жаңа жобалар есебінен мақта өсіру және өндіру көлемін ұлғайту, қосымша құны бар өнім алу, шағын жүк көліктерін жергіліктендіру жоспарланған. Сондай-ақ алдағы жылдары қалдықсыз өндіріске көшу көзделген.

    Кластер осы перспективалы жобаларды жүзеге асыру арқылы 10 мыңнан 30 мыңға дейін жұмыс орнын құруды мақсат еткен.