Бюджеттік қаражатқа қаржылық бақылау күшейтіледі

    Президент Шавкат Мирзиёев бюджет қаражатының пайдаланылуына қаржылық бақылауды күшейту жөніндегі ұсыныстардың тұсаукересімен танысты.

    Бүгінде әлемде болып жатқан күрделі процестер экономикаға өз әсерін тигізуде. Қаражат табу, жинақтау, көбейту барған сайын қиындап барады. Мұндай жағдайда қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану, үнемділік пен ұқыптылық маңызды.

    Биылғы жылдың 16 қаңтарында экономикадағы басым міндеттерге арналған бейнеселекторлы жиында Мемлекет басшысы бюджет шығыстарының тиімділігі мәселесіне ерекше тоқталып, қаржылық бақылауды күшейту жөнінде тапсырмалар берген болатын.

    Бұл міндетті Өзбекстан Республикасының Есеп палатасы атқаратыны белгілі. Қазіргі жүйеде тек бюджеттік және мақсатты қорлардың шығыстары сыртқы аудитпен қамтылған. Бұл жалпы шығындардың 86 пайызын құрайды.

    Сондықтан Есеп палатасы тарапынан шоғрырландырылған бюджеттің атқарылуын сыртқы аудит жүргізуді ұсынып отыр. Бұл бюджеттен тыс жинақ пен сыртқы қарыз есебінен шығындарды қамтуға мүмкіндік береді.

    Есеп палатасының қызметінде мемлекеттік бағдарламалардағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерді бағалауға бағытталған стратегиялық аудитті, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдардағы бағдарламалық қамтамасыз етудің тиімділігіне ақпараттық технологиялар аудитін енгізу жоспарлануда.

    Өзбекстанда 30 мыңға жуық бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік кәсіпорындар бар, оларды орнында зерделеу үшін көп уақыт пен қаражат қажет. Сондықтан Есеп палатасында «Қашықтан басқару орталығы» іске қосылды. Енді озық шетелдік тәжірибе негізінде тәуекелдерді талдаудың 36 критерийі мен көрсеткіштерін жетілдіру қажеттігі айтылды.

    Соңғы жылдары өңірлерді дамытуға қомақты қаржы бөлінуде. Алайда жергілікті кеңестер бюджетті талқылауда облыстық немесе аудандық бюджеттермен шектелуде. Бұл әр облысқа барлық көздерден берілетін қаржының 65-70 пайызы олардың бақылауынан тыс қалғанын білдіреді.

    Сондықтан Есеп палатасы бюджет процесін Олий Мажлис палаталарында ғана емес, жергілікті кеңестерде де талқылауы керектігі айтылды.