Шавкат Мирзияев азық-түлікті қамтамасыз ету мен кәсіпкерлікке жағдай жасау туралы жиын өткізді

    Билік 15 Aprel 2022 5369

    15 сәуірде Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен азық-түлік өнімдерінің өндірісін ұлғайту арқылы базардағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және кәсіпкерлікке қосымша жағдай жасау мәселелеріне арналған бейнеконференциялы жиын өтті.

    Әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты азық-түлік бағасы көтеріліп жатқаны белгілі. Осы тұрғыда ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің экономикалық шарасы азық-түлік өнімдерін өндіру мен өндірісті ұлғайту.

    Сондықтан биыл Өзбекстанда 7 миллион 700 мың тонна бидай, 23 миллион тонна жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп, ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету мақсаты қойылған.

    Ең алдымен, жаңадан қосылған 300 мың гектардан астам жерді тиімді пайдалану қажет екені айтылды. Оның 80 мың гектары қысқартылған мақта және астық алқаптары, 254 мың адамға ашық конкурс негізде берілген. Бұл әр ауданда қосымша 500 гектар егістік жер деген сөз.

    Мемлекет басшысы диқандар үшін ең қиын мәселе сапалы ұрық табу және жетілген өнімін өткізу екенін айтып, Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыс әкімдерге өнімділігі жоғары тұқым мен көшет жеткізуді, өнімді кепілді сатып алуды тапсырды. Ол үшін Ауыл шаруашылығы қорынан Бау-бақша және жылыжай шаруашылығын дамыту агенттігіне қосымша 300 миллиард сум бөлінеді.

    Егін өсірудің тағы бір жолы – су қоймаларының айналасындағы 100 мың гектардан астам жерлер. Бұл жерлерге суару желілерін әкеп, кәсіпкерлерді тарту, ыңғайлы егін егу шаралары белгіленді.

    Бұрын жарамсыз болған 135 мың гектар жердің қалпына келтірілуі де ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге қосымша мүмкіндік екені айтылды.

    Бүгінде халықтың қарамағында 380 мың гектар жер бар. Ол жерде жеміс-жидек, көкөніс өсірілсе, шаруашылықтың берекесі де, ортақ нарығымызға да қосымша өнім болмақ. Бұл үшін де қаржы жүйесі бар: осы жылдың 21 ақпанында Министрлер Кабинеті шаруа қожалықтарында өсірілген өнімді кепілдікпен сатып алу туралы шешім қабылдады.

    Фермер, шаруа қожалықтары және жер иеленушілер кеңесіне тәжірибелі диқандарды қатыстыра отырып, тауарлық дақылдарды өсіруді оқыту және насихаттау тапсырылды.

    Осыған байланысты ең үлкен мәселе сумен қамтамасыз ету болуы мүмкін. Сондықтан су шаруашылығы министрлігіне әр аудандағы каналдар мен арықтарды тазартып, су құбыры қиын жерлерге құдық қазып, насос орнату, халықты сумен қамтамасыз ету тапсырылды. Осы жұмыстар үшін республикалық бюджеттен 50 миллиард сум, жергілікті бюджеттен 50 миллиард сум бөлінетіні айтылды.

    Сондай-ақ су тапшылығының салдарын азайту үшін арнайы бағдарлама қабылдау туралы шешім қабылданды. Онда, 1 қазанға дейін 4500 шақырым суару желілерін тазарту, 231 шақырымды бетондау, 3 мың гидротехникалық құрылысты жөндеу, 3 мыңнан астам насос орнату, 281 құдық қазу жұмыстары жүргізіледі.

    2022 жылға коммерциялық банктерге 2 триллион сум жеңілдетілген несие берілді. Алайда, осы күнге дейін коммерциялық банктерге берілген 790 миллиард сумдық өтінімнің 53 пайызы ғана, ал кейбір облыстарда 25-30 пайызы ғана қаржыландырылған. Осыған байланысты коммерциялық банктердің қызметі сынға алынып, қосымша тапсырмалар берілді.

    Жиында дәнді дақылдар және өсімдік майы өндірісін ұлғайту шараларына ерекше назар аударылды. Импортталатын күнбағыс, соя және басқа да майлы дақылдарға кедендік жеңілдіктер беру, қосымша құн салығынан босату ұсынылды.

    Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе кәсіпкерлікті одан әрі қолдауға арналды.

    Соңғы кездері кейбір өңірлердегі кәсіпкерлердің белсенділігі төмендеп, несиелік, салықтық және инфрақұрылымдық қиындықтарға тап болғаны айтылды.

    Осыған байланысты Президент кәсіпкерлерді ынталандыратын, қолдайтын көптеген бастамаларды алға тартты.

    Кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік қорына қосымша қаражат бөліп, қаржылай көмек көрсетудің тиімділігін арттыру тапсырылды.

    Қызмет көрсету саласына коммерциялық банктер арқылы кәсіпкерлерге 5 миллиард сумға дейін несие бөлу жоспарлануда. Бұл ретте Кәсіпкерлік қорының өтемақысын ескере отырып, несие мөлшерлемесі 18 пайыздан аспайды.

    Сонымен қатар облыстарда шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға 300 миллион доллар бөлінеді. Бұл қаражат кәсіпкерлерге қолайлы жағдай ұсынатын банктерге 7 жыл мерзімге 10 пайыздық мөлшерлемемен ұлттық валютада орналастырылады. Бұл ретте кәсіпкерге берілетін несие мөлшерлемесі 14 пайыздан аспайтын болады.

    Экспорттаушы кәсіпорындардың проблемалары талданып, қосымша мүмкіндіктер анықталды. Енді оларда қосымша құн салығын қайтарудың оңайлатылған тетігі бар, ал қаражаттың 80 пайызы қосымша тексерусіз 7 күн ішінде қайтарылады.

    Экспорт мәселелерін үнемі зерттеп, тез арада шешу үшін жаңа жүйе құрылады. Үздіксіз және тұрақты штат құрылып, онда «1094» байланыс орталығы болмақ. Солардың негізінде шенеуніктер экспорттаушылармен кездесіп, олардың мәселелерін сол жерде шешеді.

    Кәсіпкерлік үшін жер телімдерінің аукционы да өзекті мәселе. Сондықтан Министрлер Кабинеті жанынан жұмыс тобы құрылды. Ол бос жатқан жерлерді «махаллабай» анықтауды, кәсіби ұйымдарды тарту арқылы жобаларды қалыптастырады, жер учаскелерді кәсіпкерлерге тартымды етіп сатуды үйлестіретін болады.

    Мемлекет басшысы 2022 жылдың 1 маусымынан бастап кәсіпкерлерге салықтық әкімшілендіру мен тексеру жүйесін жеңілдету міндетін қойды.

    Ең алдымен, мүлік салығын есептеу жүйесінің нарықтық қағидаттарға көшуін ескере отырып, тиімсіз пайдаланылатын объектілерге тиімді салық механизмін (қосымша жоғары салық мөлшерлемелері) қолдану тәртібі жойылады.

    Сондай-ақ, айналымы 1 миллиард сумнан асатын кәсiпкерлерге алдын ала сараптамасыз автоматты түрде қосылған құн салығы туралы анықтама берiледi.

    Жиында 2022 жылы кәсіпкерлерді тексерудің көбейгені айтылды. Негізсіз араласудың алдын алу үшін қазір 22 тексеру түрін тек Бизнес-омбудсменнің рұқсатымен ғана жүргізуге болатын етіп шешілді.

    Рұқсат қағазын беру талаптарын одан әрі оңайлату қажеттігі де сөз болды. Қоғамдық тамақтандыру орындарына қойылатын санитарлық талаптарды қайта қарау, ескірген талаптарды жою, жеткізу қызметімен айналысатындарға жеңілдіктер енгізу міндеті тапсырылды.

    – Бүгінгі таңда бизнес үшін үлкен несие – қосымша 500 миллион доллар бөлінуде. Неліктен? Өйткені, қанша қиын болса да, қазіргі ауыр жағдайда халқымыздың әл-ауқатын, мемлекетіміздің тұрақты дамуын ойлауымыз керек. Бөлінген әрбір доллар, әрбір сум – бюджеттен болсын, банктен болсын – бәрі халықтың ақшасы, – деді Шавкат Мирзияев.

    Қаражатты өзін ақтайтын, халықтың кірісін арттыратын, жұмыс орындарын ашатын жобаларға бағыттау жөнінде қатаң тапсырма берілді.

    No date selected
    August 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates