Президент экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жобалармен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёев тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, олардан электр энергиясы мен өнім өндіру жобаларының тұсаукесерімен танысты.

    Өзбекстанда жылына 14 миллион тонна қалдық жиналады. Алайда олардың тек 4-5 пайызы ғана қайта өңделеді. Қалдық полигондарынан 7 миллион тоннадан астам парниктік газдар атмосфераға шығады, 43 мың тонна улы сүзінді жер асты суларына сіңеді.

    Қалдықтарды қайта өңдеу арқылы оның табиғатқа әсерін азайтып қана қоймай, пайда табуға да болады. Осы мақсатта Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып, бірқатар жобалар әзірледі. Құны шамамен 1 миллиард 300 миллион доллар болатын инвестиция тарту арқылы 8 қоқыс жағатын зауыт салу және Ахангаран полигонында қалдық газын қайта өңдеу жоспарланған.

    Мысалы, Қытайдың «CAMC Engineering» компаниясының 350 миллион доллар тікелей инвестициясы есебінен Әндіжан және Ташкент облыстарында 2 зауыт салынады. Олар тәулігіне 4 мың тонна қалдықты қайта өңдеп, жылына 630 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіреді.

    Бұл салаға Қытайдың тағы бір компаниясы – «Shanghai SUS Environment» те қызығушылық білдірген. Ол 310 миллион доллар тікелей инвестиция құйып, Самарқанд және Қашқадария облыстарында 2 зауыт салуды жоспарлап отыр. Бұл зауыттар тәулігіне 3 мың тонна қалдықты қайта өңдеп, жылына 480 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіреді.

    Біріккен Араб Әмірліктерінің «Tadweer Group» компаниясы 200 миллион доллар қаражат құйып, Бұхара және Науаи облыстары үшін бір зауыт салатын болады. Ол тәулігіне 1 мың 500 тонна қалдықты қайта өңдеп, жылына 363 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіру қуатына ие болады.

    Корея Республикасының «Sejin» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылатын жоба да өте маңызды. Жобаға сәйкес, 55 миллион доллар көлеміндегі инвестиция арқылы Ташкент облысының Ахангаран ауданындағы тұрмыстық қалдық полигонынан алынатын газдан баламалы электр энергиясын өндіру жолға қойылады. Оның қуаты 16 мегаватт болуы көзделген.

    Жалпы алғанда, жобалар нәтижесінде қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдалану қамтамасыз етіледі. Жылына 4,7 миллион тоннадан астам қалдық жағылып, 2 миллиард 100 миллион киловатт сағат электр энергиясы өндіріледі. 97 миллион АҚШ доллары көлемінде электр энергиясы сатылады. Сондай-ақ, бұл арқылы 152 миллион текше метр табиғи газ үнемделіп, 2,4 миллион тонна парниктік газдар азаяды. 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады.

    Жобалар 2025-2027 жылдары Әндіжан, Бұхара, Жызақ, Қашқадария, Науаи, Наманган, Самарқанд, Сырдария, Ферғана, Ташкент облыстары мен Ташкент қаласында жүзеге асырылады деп жоспарланған.

    Мемлекет басшысы жобалардың әлеуметтік маңызына ерекше тоқталды.

    – Бұл жай ғана зауыт емес, өміріміз бен болашағымызға әсер ететін маңызды мәселе. Жеріміз бен суымыздың жарамдылығы, халықтың денсаулығы, ауаның тазалығы мен энергетикалық тұрақтылық осы салаға байланысты. Қалдықтар дұрыс жиналып, көбірек қайта өңделсе, экологиялық тепе-теңдік жақсарады, табиғат тазарады, қоғам өзгереді, – деп атап өтті Шавкат Мирзиёев.

    Сол себепті, жауапты тұлғаларға бұл жобаларды үлгі ретінде көбейту туралы нұсқау берілді.

    Қазіргі таңда инвесторлар мен өндірушілер ең алдымен өз кәсіпорындарының энергиямен қамтамасыз етілуін ойлайды. Сондықтан қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарының маңында құрылыс материалдары, органикалық тыңайтқыштар сияқты жаңа кәсіпорындарды орналастыру мақсатқа сай екендігі атап өтілді. Бұл шара кәсіпкерлерге де, инвесторларға да тиімді болмақ.

    Барлық аймақтарда осындай жобаларды көбейту және үйлесімді дамыту үшін «жол картасын» әзірлеу тапсырылды.

    Өзбекстанда бұл сала жүйелі түрде жетілдірілуде. Өзбекстан Республикасы Президентінің биылғы 26 қыркүйектегі жарлығымен Қалдықтарды басқару және циркулярлық экономиканы дамыту агенттігі құрылды.

    Агенттік қалдықтарды жинау, сұрыптау, залалсыздандыру, қайта өңдеу, жағу, кәдеге жарату және жоюдың заманауи әдістерін енгізумен айналысады. Бұл салада циркулярлық экономиканы дамыту арқылы экологиялық жағдай тұрақтанып, санитарлық ахуал жақсарады, халық арасында қауіпті аурулардың таралуы азаяды. Қалдықтар қайта өңделіп, баламалы энергия, шикізат және органикалық тыңайтқыштар өндіріледі. Қазіргі қалдық полигондарының аумақтарында экологиялық өнеркәсіп аймақтары құрылады.

    No date selected
    October 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates