Бүгінде 15 мың әлеуметтік нысанның жылу жүйелерін жөндеу қажет. Соның салдарынан оларда жылу энергиясының 35 пайызы жоғалады, жылу температурасы нормадан 2 есе төмен.
Сондықтан Бустон ауданында жеке серіктестік негізінде жылу жүйесін жаңарту және басқару бойынша тәжірибе жүргізілген еді. Жылу қазандықтары заманауи қазандықтарға ауыстырылып, желілер жаңартылып, жеке басқаруға берілген. Нәтижесінде энергия шығыны азайып, ғимараттардың ішіндегі температура көтерілген. Әсіресе, өткен қыстың аномальді суық кезеңінде нысандарда қалыпты температура сақталып тұрған.
Кездесуде осы тәжірибені кеңінен насихаттау бойынша ұсыныстар талқыланды. Оған сәйкес, жылу жүйесі кәсіпкерлерге 10 жыл бойы басқаруына беріледі, ал олардың қызметтерін мемлекет сатып алады. Желілерді жаңғыртуға қажетті қаржының жартысы бюджеттен, жартысы жеке серіктестің шотынан бөлінеді. Жылыту қазандықтарын өндіруге қажетті құрамдас бөліктер екі жылға кедендік баж салығынан босатылады.
Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды мақұлдап, ұйымдастыру және қаржылық мәселелер бойынша тапсырмалар берді.
Шенеуніктерге аудан, қалалардағы әлеуметтік нысандардың жылу жүйелерін тексеріп, кезең-кезеңімен жаңарту, оларды басқаруға әлеуетті кәсіпкерлерді тарту тапсырылды. Ғимараттардағы энергия шығынын азайту және жылуды сақтау шараларын қабылдау қажет екендігі баса айтылды. Инвесторлардың қатысуымен энергия үнемдейтін жылыту қазандықтарын шығаруды жолға қою туралы тапсырма берілді.
Жиында көмірмен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды.
Кейінгі жылдары Өзбекстанда көмір өндіру 3 миллион тоннадан 5,4 миллион тоннаға дейін өсті. Биыл 6 миллион тоннаға жуық өндіру жоспарлануда. Бірақ көмірге деген сұраныс одан да көп.
Президент перспективалы кеніштерді игеруге жеке сектор мен жаңа технологияларды тарту, көмір сапасын арттыру жөнінде тапсырмалар берді.












