Мемлекет басшысы қоғамдық көліктің жаңа жүйесін енгізу мәселесі бойынша кеңес өткізді

    Билік 31 Yanvar 2023 3724

    31 қаңтарда Президент Шавкат Мирзияев Ташкент пен Нөкіс қалалары және облыс орталықтарында қоғамдық көліктің жаңа жүйесін енгізу мәселесі бойынша кеңес өткізді.

    Қоғамдық көлік – халықтың алысын жақындастырып, қаражаты мен уақытты үнемдейтін, өмір сүру сапасын арттыратын маңызды әлеуметтік қызмет. Республикада бұл қызметті күн сайын 10 миллионнан астам жолаушы пайдаланады.

    Мемлекет басшысының жолдауында жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында 2023 жылы тағы 2 мың автобус әкелінетіні айтылған еді. Алайда, Президент жиында қанша автобус әкелінсе де, жергілікті көлік бөлімдеріндегі, автобус парктеріндегі қазіргі жұмыс жүйесі өзгертілмесе, халықтың сұранысына сай қызмет көрсету мүмкін болмайтынын айтты.

    Барлық өңірлерде тұрғындар үшін жаңа тұрғын үйлер, мектеп, балабақша, аурухана және басқа да мекемелер салынуда. Бірақ, көлік саласы бұл өзгерістерден артта қалып, бүгінгі даму талаптарына сай келмей тұр.

    Атап айтқанда, кейбір облыс орталықтарында қоғамдық көлікті дамыту жоспары жасалмаған. Көлік компаниялары күнделікті кіріс жоспарына үйренгеніне байланысты автобустар тәуліктің «ең тиімді» уақытында жүруге дағдыланған. Қалған уақытта жолаушылар ұзақ күтуге немесе таксиге отыруға мәжбүр.

    Сондықтан жиында саладағы жұмыс жүйесін өзгерту арқылы қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша ұсыныстар талқыланды.

    Оған сәйкес, күнделікті кіріс жоспарын анықтау тәжірибесі жойылады. Тасымалдаушыларға қаражат автобустың жүріп өткен жолына және халықтың қызмет көрсету сапасына қанағаттануына байланысты беріледі. Автобустың ыңғайлылығы мен санитарлық жағдайына, аялдамаға кешікпей жетуіне қарай қызмет көрсету сапасын бағалайтын жүйе болады.

    Бұл жүйе биыл Ташкент, Самарқанд, Әндіжан және Үргеніш қалаларында, келесі жылдан бастап басқа облыс орталықтары мен Нөкіс қаласында іске қосылады.

    Мемлекет басшысы қоғамдық көлік тұрғындарға ыңғайлы, кәсіпкерлер үшін тартымды болуы керектігін қадап айтты.

    Кейінгі жылдардағы халықтың сұранысын ескере отырып, қазіргі автобус бағыттарын қайта қарау керек. Өзбекстан Президенті осыған байланысты жергілікті жерлерде сауалнамалар өткізіп, халықтың талап-тілектерін білу қажеттігін айтты.

    Сондай-ақ көлік паркін жүйелі түрде жаңарту маңызды. Жиында осыны ынталандыратын ұсыныстар айтылды.

    Атап айтқанда, қоғамдық көлік бағыттарындағы ашық тендерде негізгі критерий ретінде автобустардың инновациялық деңгейі анықталады. Жыл сайын автобустардың 20 пайызын жаңарту құны тасымалдаушыларға төленетін қаражатты қалыптастыру кезінде ескеріледі.

    Сонымен қатар, кәсіпкерлер әкелген жаңа автобустарда ҚҚС-ты бөліп төлеуге рұқсат етілген. Автобустарды сатып алуға 10 жылға дейін жеңілдікті несие беріледі.

    Жолдарда қоғамдық көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін мәселе.

    Ташкент қаласында 73 негізгі көшеде автобустар үшін жеке жолақ орнату арқылы жол қиылыстарының өткізу қабілетін арттыру бағдарламасы әзірленді. Бұл автобустардың орташа жылдамдығын 1,5 есеге арттырып, кідірістерді жояды.

    Облыс әкімдеріне өз аумақтарында Ташкент қаласындағыдай көлік инфрақұрылымын жақсартудың мақсатты бағдарламасын бекітіп, іске асыруды бастау тапсырылды. Жол мен қиылыстарда қоғамдық көліктерге басымдық беру, аялдамаларда тұрғындар мен кәсіпкерлерге жағдай жасау қажеттігі айтылды.