Мемлекет басшысы мектептегі білім беруді дамыту жөнінде жиын өткізді

    Билік 28 Yanvar 2022 18088

    Президент Шавкат Мирзияевтің төрағалығымен 28 қаңтарда мектептегі білім беруді дамыту мәселелеріне арналған бейнеконференциялы жиын өтті.

    Ел болашағы, барлық сала мен жобалардың табысты болуы білімді адамдарға байланысты. Сондықтан соңғы төрт жылда білім сапасын арттыру, ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Қазір еліміз жаңа дәуірге қадам басуда. Өзбекстанның 2022-2026 жылдарға арналған даму стратегиясындағы төртінші басымдық – білім беруді, адами капиталды дамытуға бағытталған.

    Мемлекет басшысы бұл жөнінде: – Бұл саладағы реформаларды кейінге қалдыруға болмайды. Біз бүгіннен бастап мектептегі білім берудің берік іргетасын қалауымыз керек. Ол үшін бар күш пен ресурстарымызды жұмылдырамыз. Қиын жолды таңдаудамыз, бірақ бұл жол проблемаларды шешеді, – деді Шавкат Мирзияев.

    Мектептерді көркейту тек Халыққа білім беру министрлігінің ғана емес, барлық министрліктер мен ведомстволардың, қалалық әкімдіктердің, ғылыми ұйымдардың, зиялы қауым өкілдерінің, жалпы жұртшылықтың міндеті болуы керектігі баса айтылды.

    Атап айтқанда, республика бойынша 10 130 мектепті реформалау қажет. Бұл 6 миллионнан астам оқушы, 500 мыңнан астам ұстаз, жалпы қоғамның барлық тобы, әрбір отбасының болашағына байланысты.

    Бүгінде 1695 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Өкінішке орай, әлі күнге дейін пахсалы салынған 179 мектеп бар. 3 мыңнан астам мектеп қосымша оқу орындарына мұқтаж. 2 мыңнан астам мектепте спорт залы жоқ.

    Сонымен қатар, жаңа тұрғын үй кешендерін салу, ауыл инфрақұрылымын кеңейту және халық санының өсуі есебінен тағы 270 мектеп салу қажеттілігі туындап отыр.

    Мектептерде жұмыс істейтін 504 мың мұғалімнің 60 мыңының орта арнаулы білімі болса, 190 мыңының біліктілігі мүлде жоқ. Көптеген педагогтардың білімі мен біліктілігі жеткіліксіз. Мұғалім сапалы сабақ беруден гөрі «көп сағат алуға» ұмтылады.

    Мектеп кітапханаларындағы кітап қоры жылдар бойы жаңартылмаған. 615 мектепте ғана ұлттық музыкалық аспаптар бар.

    Мектептерді аттестациялау және аккредиттеу жай ғана өтіп, бағалау білім беру ортасын жақсартуға қызмет етпейді.

    Бүгінгі жиында мұндай кемшіліктер халыққа білім беру жүйесіндегі біздің барлық көзқарастарымызды түбегейлі қайта қарауды, оларды абсолютті жетілдіруді талап етеді. Сондықтан мектептердің ішкі және сыртқы келбетін жаңартып, білім сапасын мүлде жаңа деңгейге көтеру үшін үлкен реформалар басталатыны айтылды.

    – Жалпы, оқыту методикасы, оқулық, партасынан ғимаратына дейін толықтай қайта қарап шығамыз. Білімге, ұстаздарға жағдай жасамасақ, қоғам өзгермейді. Аудандық, облыстық және республикалық деңгейде мектеп білімін реформалау жөніндегі кеңестер құрылады. Республикалық кеңесті өзім басқарам. Аудандық және облыстық кеңестерді әкімдер басқаратын болады, – деді Мемлекет басшысы.

    Алдағы бес жылда 1,2 миллион оқушы орынын құру қажет. Мемлекет басшысы жаңа мектептер мен бұрыннан бар мектептерде қосымша ғимараттар салу арқылы орын санын арттыруды тапсырды.

    Бұл мәселемен облыс, қала, аудан әкімдері айналысатын болады. Ендігі кезекте мемлекет бөлетін қаржыдан бөлек, жергілікті бюджет кірісінің бір бөлігі мектептерге бағытталады. Ең бастысы, жаңа мектептер қоғам белсенділерінің, ата-аналар мен жұртшылықтың бақылауымен салынып, пайдалануға беріледі.

    Мемлекет басшысы басшылықты реформалау қажеттігін айта келе, халыққа білім беру бөлімі мен мектеп директорлығына білікті басшыларды тағайындау, шетелдік мамандарды тарту жөнінде ұсыныстар берді.

    Жоғары білікті, ізденімпаз, өзінің «шеберлік мектебі» бар мұғалімдерді ынталандыру бойынша қосымша шаралар белгіленді. Онда, Халыққа білім беру министрінің қоры құрылып, оған бюджеттен бастапқыда 300 миллиард сум бөлінеді. Алдыңғы қатарлы педагогикалық технологияларды енгізіп, шәкірттері жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген ұстаздарға да қаржы бөлінеді.

    Тағы бір бастама бойынша, әр облыста педагогикалық институттары, жоғары оқу орындары, академиялық лицейлер мен мамандандырылған мектептердің оқытушыларынан құралған «мобильді әдістемелік топтар» құрылады. Олар білім сапасы төмен мектептерге барып, тәрбиешілерге оқытудың жаңа әдістерін түсіндіріп, қолдау көрсетеді. Бұл үшін оларға ай сайын бөлек үстемақы беріледі.

    Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі де түбегейлі жетілдірілетін болады. Осы мақсатта Ташкент қаласында 5, облыстарда 17 жоғары оқу орндары тұрақты түрде мектептерге бекітіледі. Студенттер 1-курстан бастап мектептерге байланысты түрде оқиды. Бұл студенттің де, мектеп мұғалімінің де, университет оқытушысының да кәсіби шеберлігі артады.

    Мектептердегі оқу жүктемесі мен сабақ санын қайта қарау, балаларды ойлауға баулитын әдіс-тәсілдерді енгізу, озық тәжірибе негізінде оқулықтарды толығымен жаңарту бойынша тапсырмалар берілді.

    No date selected
    April 2024
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    Use cursor keys to navigate calendar dates