Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен іс-шараға Германия Федералдық Канцлері Олаф Шольц, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов қатысты.
Саммитте Орталық Азия елдері мен Германия арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері қаралды. Инвестициялар мен технологиялар, маңызды шикізат ресурстары, «жасыл» энергетика, көлік және логистика байланыстары, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, сондай-ақ білім беру мен мәдени бағдарламаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.
Өзбекстан Президенті өзінің сөзінде Германияның Орталық Азия елдеріндегі демократиялық өзгерістер мен әлеуметтік-экономикалық реформаларды, сондай-ақ аймақтық ынтымақтастық пен интеграцияны үздіксіз қолдап келе жатқанын жоғары бағалады.
- Берлиндегі алғашқы кездесуіміз және бүгінгі саммит біздің ашық және конструктивті диалогты жалғастыруға деген ортақ ұмтылысымызды тағы бір рет растады, — деді Шавкат Мирзиёев.
Мемлекет басшысы Германиямен қарым-қатынастың тарихы терең екенін және Орталық Азиядағы тұрақты дамуды қамтамасыз етуде Федеративтік Республиканың маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Соңғы жылдары өңірде болған түбегейлі өзгерістер өзара тиімді ынтымақтастықтың жедел дамуына ықпал етіп жатқаны да айтылды.
Өзбекстан Президенті Орталық Азия мен Германияның жан-жақты ынтымақтастығын одан әрі нығайту мақсатында бірқатар жаңа бастамалар мен ұсыныстар жасады.
Ең алдымен, Өзбекстан басшысы Орталық Азия мен Германия арасындағы стратегиялық өңірлік әріптестіктің орнатылуын жоғары бағалап, негізгі бағыттар бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасын қабылдауды ұсынды.
Бұл құжатты әзірлеу үшін «Орталық Азия – Германия» сараптамалық орталықтар форумын құрып, оның алғашқы кездесуін келесі жылы Хиуада өткізу қажеттігі атап өтілді.
Саммиттер күн тәртібін дайындауда елдеріміздің сыртқы істер министрлері арасындағы жыл сайынғы кездесулер маңызды рөл атқаратыны атап көрсетілді.
Германияның жетекші компанияларымен инвестициялық және технологиялық серіктестікті нығайту басым міндет болып саналады.
Осыған байланысты Орталық Азия елдері мен Германия арасындағы инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту бойынша «жол картасын» әзірлеу, аймақтағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға Германияның жетекші компаниялары мен банктерін белсенді тарту, «Орталық Азия мен Германия» Инвесторлар және кәсіпкерлер кеңесін құру, сондай-ақ, инвестицияларды ынталандыру және қорғау бойынша көпжақты үкіметаралық келісімді қабылдау мүмкіндіктерін зерттеу ұсынылды.
Германияның озық білімі мен технологияларын енгізу негізінде маңызды шикізат ресурстары саласындағы ынтымақтастық перспективалы бағыт ретінде көрсетілді.
– Бұл геологиялық барлау, қарқынды игеру, қайта өңдеу, жоғары қосылған құнды өнімдер өндіру және оларды Германия мен Еуропалық Одақ елдеріне жеткізу жобалары туралы, – деді Мемлекет басшысы.
Өзбекстан осындай жобаларды көрші елдермен бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, аймақта анықталған маңызды минералдар мен сирек металдар кен орындарының сандық карталарын жасау бағдарламасын жүзеге асыруда Германияның техникалық көмегін тарту Өзбекстан үшін маңызды. Мұндай ынтымақтастықтың сенімді құқықтық негізін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
«Жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастық ерекше маңызға ие.
– Соңғы жылдары елдерімізде күн, жел, гидроэнергетика қарқынды дамып, жылу электр станциялары мен желілері жаңғыртылып, «жасыл» сутегі жобалары алға жылжуда, – деді Өзбекстан басшысы.
Мемлекет басшысы энергетика министрліктері, ірі корпорациялар, операторлар, ғылыми ұйымдар және саланың мамандарын тарта отырып, Орталық Азия елдері мен Германия арасында энергетикалық диалог орнатуды ұсынды.
Германияның техникалық көмегін тарта отырып, төмен көміртекті экономика саласында мамандардың әлеуетін арттыру бойынша кешенді бағдарламаны әзірлеуге қызығушылық білдірілді.
Климаттың өзгеруіне қарсы бірлесе күресу ерекше өзекті болып отыр.
Осыған байланысты, Орталық Азия университеті базасында қоршаған ортаны және климаттың өзгеруін зерттеу бойынша бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми алмасуларды кеңейту, сондай-ақ Германияның суды тиімді пайдалану технологияларын енгізу, суару жүйелерін жаңғырту, биологиялық әртүрлілікті сақтау және эколог мамандар даярлау бойынша ынтымақтастық бағдарламаларын қабылдау ұсынылды.
Өзбекстан Германия Канцлері ұсынған Орталық Азия табиғаты саласындағы ынтымақтастықты орнату бастамасын қолдап, оны жүзеге асыруға белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.
– Көлік инфрақұрылымының, әсіресе құрлық және әуе тасымалының нашар дамуы біздің ынтымақтастығымызды тереңдетудегі ең үлкен кедергі болып отыр, – деді Шавкат Мирзиёев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Германияны Орталық Азияны Еуропамен байланыстыратын балама көлік дәліздерін дамыту үшін еуропалық институттарды тартуға көмектесуге шақырды.
Мемлекет басшысы 2025 жылы осындай бағыттардың транзиттік әлеуетін арттыру жолдарын іздеу үшін министрлер конференциясын өткізуді ұсынды.
Өзбекстан Президенті мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту маңыздылығын атап өтіп, бірлескен Мәдени іс-шаралар жоспарын қабылдауды, Германияның ірі қалаларында Орталық Азия өнері мен кино күндерін өткізуді, мұражайлардың ынтымақтастығын жолға қоюды ұсынды.
Ғылыми-білім беру алмасу саласында жетекші жоғары оқу орындарының ынтымақтастық платформасын іске қосу, Гёте институты және басқа да неміс ұйымдарының қатысуымен дуалды білім беру саласында ынтымақтастық бағдарламаларын кеңейту, неміс тілі мұғалімдерін даярлау қажеттілігі атап өтілді.
Сондай-ақ, Германиямен терроризм, экстремизм және киберқылмысқа қарсы күрес, жастардың радикалдануының алдын алу мәселелерінде тығыз ынтымақтастықты жалғастыру қажеттілігі айтылды.
Өзбекстан басшысы Орталық Азиядағы қауіпсіздік жағдайының Ауғанстандағы оқиғалармен тығыз байланысты екенін атап өтті.
– Бұл елдің дерлік барлық мәселелерімен жалғыз қалуына жол бермей, ондаға гуманитарлық дағдарыстың тереңдеуіне тосқауыл қою маңызды деп санаймыз, – деді Шавкат Мирзиёев.
Сондықтан Германия және басқа да Еуропа елдерімен бірлесіп Ауғанстанды аймақтық экономикалық ынтымақтастыққа тартуға және шекаралас Термез қаласындағы Білім беру орталығының базасында Ауғанстанның бейбіт өміріне қажетті мамандықтар бойынша кадрларды, оның ішінде қыз-келіншектерді оқытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Саммитте Орталық Азия елдерінің басшылары мен Германия Канцлері де сөз сөйледі.
Шара соңында Бірлескен мәлімдеме қабылданды.